Мақалалар

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ – ДӘСТҮРЛІ ТАНЫМ НЕГІЗІ

         Жаһандану заманында бейбіт өмір мен тұрақты дамудың тұғыры – қоғамдық келісім мен төзімділік мәдениеті әлем үшін басты мақсат екені күмәнсіз. Қазіргі таңда заманауи әлем экономикалық дағдарыс, қаржылық тұрақсыздық, әлеуметтік күйзеліске ұшырап отыр. Әлемдік саясатта дін және діни құндылықтар мемлекеттер мен өркениеттерді өзара түсіністікке жетелеуші қайнар көз ретінде қарастырылуда. Зайырлы мемлекетімізде дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен санадағы орнын зерделеу әрқашанда өзекті. Дін адам бостандығымен, құқығымен, дүниетанымымен және ұлттың мәдениетімен, құндылықтық ұстанымымен байланысты болғандықтан күрделі қоғамдық сананың формасы және әлеуметтік институт ретінде адамзат тарихымен бірге жасауда. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші ұйыстырушы, мәдени – шығармашылық, рухани – адамгершілік қызмет атқарады. Сондықтан да зайырлы қоғамда әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен танып білу маңызды.

Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан, зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Ал зайырлы мемлекет заңдылық пен құқықты негізге алады. Соның нәтижесінде біздің зайыр­лылы­ғымыз – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғырына айналып отыр.

Жоғары руханият ұғымының да дін саласына тікелей қатысы бар. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.

Аталған рухани құндылықтарды тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығар­машылық қабі­лет, өнерпаздық, ізден­­гіштік қа­сиеттер толықтырды. Өнердің сан саласы – сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері туған топырағымызда өркендей дамыды. Далалық дүниетанымның сан ғасырлық сүзгісінен өтіп, мәңгілік құндылықтарға негізделген дана дәстүрлер қалыптасты. Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары дүние­жүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құн­дылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады.

Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Қазақстан жері – бүкіл әлемдік діндердің, өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жері. Қазақ халқы діни көзқарасы мен діни наным-сенімі айқын да терең, ұлттық және діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады. Ислам ғасырлар бойы қазақ халқының, оның мемлекетінің тірегі, жүрер сара жолы болып келді. Исламды қабылдап, Аллаға шын жүрегімен берілген біздің арғы тегіміз, ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгілерін қалдырып кетті. Қазақ халқының неше ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы бүгінде кез келген теріс пиғылды жалған дінге де, ұлттық табиғатымызға жат мәдениетке де қарсы тұруға әбден жетеді.

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Тәуелсіздік алғалы бері ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде Ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем, артық айтқандық болмас. Біздің Республикамыздың дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік маңызы күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін елдердің қатарына кіреміз. Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр.

Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Осы жетістікті тұғырландырып, мызғымастай берік етуді ұлы мақсатқа айналдыра білгенде ғана, өткеннің алдындағы қарызымыз бен келешек алдындағы парызымыз жүзеге асады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн.

 Г.Қожағұлова,

Атырау облысы Дін істері басқармасы

Ақпараттық-талдау орталығы

басшысының орынбасары

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close