Мақалалар

Білім мен қазақы тәрбие адастырмайды

Толыбай ШӘКІРҰЛЫ,

заңгер, ақын,

Ауған соғысының ардагері,

Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

 

Рухани адамгершілік, тәрбие және білім тақырыбында сөз қозғау үшін немесе мақала жазу үшін кез келген адам осы деңгейге, ойлай білуі керек деп есептеймін.

Ал ол биікке көтерілу үшін тәрбие және білім керек. Биыл 1150 жылдығын атап өткелі отырған Ал-Фарабиге, 175 жылдығын атап өткелі отырған Ұлы Абайға жүгінсек, осы сұрақтардың жауабын дәл табатынымыз анық.

Ақын М.Шаханов «Арман» поэмасын оқып отырып, Отырарда дүниеге келіп, қатар өсіп, білім алған, бірге ойнаған Дойыл мен бала Абудің екі әлем екенін, Дойыл байлықты, бай болуды, сол арқылы әлемге танымал болуды қаласа, Абу арманын, білімін, күш-жігерін елдің болашағына арнасам деп мақсат қойғанын, Абу-Насыр Аль-Фарабиды осындай биікке көтергенін білеміз.

Мектеп жасындағы бала, әсіресе, бастауыш сыныптарда рухани-адамгершілік тәрбиеге бейім келеді. Балалық шақта бастан өткерген және бойға сіңген қасиеттер психологиялық тұрақтылығымен ерекшеленеді. Сондықтан бала бойына мейірімділік, ізгілік, адамгершілік секілді қасиеттерді сіңіру керек.

Осы тұрғыда Жүсіп Баласағұнның мынадай сөзі бар: «Өмір-теңіз, жүзіп өтем демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз». Сондықтан психологтар анықтағандай, бастауыш мектеп жасы адамгершілік қағидалар мен нормаларды меңгеруге деген жоғарғы қабылдағыштығымен ерекшеленеді. Әбу-Насыр Әл-Фарабидің балалық шағын мысал етуіміз де осы тұрғыдан келеді.

Рухани байлық пен адамгершілік тұлғаның маңызды ерекшеліктері болып табылады. Құнды қасиеттерге ие рухани бай адамды қалыптастыру ол дүниеге келген күннен басталуы тиіс. Одан әрі заманауи білім берудің алдында тұрған өзекті мәселе – бұл өскелең ұрпақты адамгершілік-рухани тәрбиелеу маңыздылығы болып табылады.

Рухани-адамгершілік тәрбие рухани өмірдің орталығы ретінде адамның бала кезден ішкі әлемін байытуға арналуы тиіс. Сондықтан халық даналығында мынадай сөз бар: «Ағаш түзу өсуі үшін оны отырғызу барысында көмек көрсету қажет, ал ол бой түзегенде сен оған көмектесе алмайсың». Сондықтан баланы мектеп жасынан отансүйгіштік және рухани-адамгершілік тәрбие жүйесіне тарту арқылы оның руханилық, азаматтық, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыра аламыз. Ал рухани тәрбиелеудің маңызды кезеңі – баланың сезімін ояту, өзін- өзі сыйлай білетін және өзінің абыройы мен еркіндігін дәлелдей алатын тұлғаны тәрбиелеу.

Отбасында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мектеппен тең дәрежеде маңыздылыққа ие. Себебі баланың бойына дүниеге келген сәтінен бастап сіңірілетін отбасылық өмірдің құндылықтары адамның кез келген жасында аса маңызды болып табылады. Отбасындағы өзара қарым-қатынас қоғам қатынастарында көрініс табады және адамның азаматтық ұстанымының негізін құрайды. Сондықтан баланың рухани – адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру барысында мектеп пен отбасының күш-жігерін біріктіру өте маңызды. Әлеуметтік, мәдени жағдайларды ескеру, оқушылардың шығармашылық белсенділігіне жағдай жасау, адамгершілік құндылыққа ие істерді енгізу барысында рухани-адамгершілік тәрбие барынша сәтті жүзеге асады.

Адамгершілік – адамның рухани байлығы, ол тыныштыққа, бейбітшілікке және келісімге әкеледі. Ұлы Абай атамыз «Адам өмірге адам болу үшін, бойындағы қабілетті ашу үшін келеді» деген. Данышпан өзінің қара сөздерінде де, өлеңдерінде де адамгершілік, білім, тәрбие жайында көп жазады. «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын, халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп, надандықты сынап, білім алуға, рухани байлыққа ұмтылуға шақырады.

Лаңкестік (терроризм) латынның terror- үрей сөзінен шыққан. Бұл ұғымға үңілсек, «қорқыту саясаты», саяси қарсыластарды күш көрсету арқылы басып, жаныштау деген мағынада қабылдау басым. Ал, шын мәнінде лаңкестің мақсаты – күш көрсетіп, қорқыту арқылы мүдделеріне жету. Мысалы, зорлық арқылы жасалатын қылмыстар (өлтіру, ұшақтарды басып алу, кепілдікке алу) төңкерістік немесе лаңкестік сипатта болады. Оның көздегені қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығына, қауіпсіздігіне зиян келтіру. Саяси билікті түрлі бейберекет әрекеттерге ұрындыру арқылы құлату деген де анықтамалар бар.

ХVIII ғасырда пайда болған «лаңкестік» (терроризм) және лаңкест (террорист) ұғымдарының мән-мағынасы әлі күнге өзгермесе де, тек ХХ ғасырдың аяқ кезінде лаңкестік әлемдік қауіпке айналған соң ғана зерттеушілердің назарына ілікті. Лаңкестік – ұйымдасқан топ, партия немесе саяси күш өзінің алдына қойған мақсаттарын зорлық көрсету арқылы ғана іске асыруға әрекет етуі. Террорист сөзі – «қылмыскер» сөзінің баламасына, синониміне айналды. Олар бүлік шығару мақсатында қоғамдық пікірге әсер етуді көздейді, өз талаптарын әлеуметтік желілер арқылы халыққа таратады.

Негізінен, исламды өз мүддесіне қолданушы лаңкестік топтарға дін тек ұран, құрал үшін қажет. Ал кейбір жастар сол ұранға сеніп, олардың жетегінде кетіп, экстремистік психологиядағы топтарға қосылып, қор болып жатады. Экстремистік көңіл күй елімізде, әсіресе жат ағымдар тарапынан байқалып отыр. Бұл теріс пиғылды жат ағымдар енді ғана рухани ізденіске түскен, әлі дүниетанымдық мәдениеті қалыптаспаған жастарды қатарына тартады. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, материалдық жағынан мұқтаж жандар немесе студенттер шоғырланған жерлерде уағыз-насихат жүргізу арқылы, сондай-ақ интернет ресурстары негізінде жүйелі түрде өз қатарларына тартуда.Соның салдарынан кейбір жастар халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі діни танымнан жеріп, қоғамнан, мемлекеттен, тіпті отбасы мен құрбы-құрдастарынан оқшауланып, Таяу Шығыстағы мақсаты күмәнді, бағыты бөлек ағымдардың қатарына қосылып, өздері байқамай сыртқы ықпалды күштердің геосаяси ойынының құрбанына айналуда.

Лаңкестік пен діни экстремизм кез келген адамзаттық қоғамда кездесуі мүмкін құбылыс. Сондықтан оның алдын алу, оның түпкі әлеуметтік себептерін жою – ең басты міндет болып табылады. Танымдық тұрғыдан әрбір азаматтың сөздерінің дәстүрлі діни танымын жақсы меңгеруі де осы мәселенің алдын алуға септігін тигізеді.

Экстремизм мен лаңкестік мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатерін тигізетіндіктен, елімізде оған қарсы іс-шаралар, бағдарламалар жақсы жолға қойылған деп айтуымызға болады. Мемлекеттік деңгейде қоғам тұрақтылығы мен тыныштығын сақтау тетіктерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған бағдарлама жасақталды. Бұл бағдарламаның мақсаты- экстремизм көріністерінің алдын-алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу, қоғамда төзімділікті тарату, жат діни сана мен радикалдық идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау қызметінің жүйесін жетілдіру, экстремистік және террористік әрекеттердің себептерін жою болып табылады.

Діни экстремизмге қарсы ең басты тетік – азаматтардың діни сауаттылық деңгейін арттыру. Ал діни сауаттылық дегеніміз – ұлттық тарих, дәстүр, діни таныммен қатар жаһандық үрдістерден хабардар болу, өз Отанын, елі мен жерін, мәдениетін сүю, әдет-ғұрпы мен діни танымын құрметтеу, тарихы мен тілін қастерлеу. Өйткені, қазақ тарихын қастерлеген халық. Яғни кез келген адам қазақ халқының төзімділігін, қонақжайлығын, кеңпейілдігін өзге ұлт пен дін өкілдеріне деген құрметі мен махаббатын таниды. Сондай-ақ, қазақ мәдениетінің мазмұнындағы исламның озық құндылықтарын табады. Сондықтан діни сауаттылық – азаматтың жалпы сауаттылығының құрамдас бөлігі. Қоғамда ерік-жігері қуатты, рухани тәрбиелі, білімді адамды қалыптастыру тек отбасылық, мемлекеттік қана емес жалпы қоғамдық әрі әлемдік іс. Оған қатысу әрбір азаматтың парызы болуы тиіс.

Еліміздің Конституциясы мен «Мәңгілік ел» стратегиясындағы негізгі міндеттердің бірі – құқықтық мемлекет орнату. Сол себепті қандай қайшылықтар, қиын оқиғалар мен құбылыстар болмасын, бәрі Заңмен реттелуге тиісті. «Лаңкестікке қарсы күрес туралы» Заңның ұстанымы осы күрделі құбылыспен күресте заң нормаларын сақтау болып табылады.

Лаңкестер міндетті түрде заңмен жазаланатынын білгенде, сезінгенде ғана өз әрекеттерінен бас тарта бастайды. Лаңкестер дүниежүзінің қай түкпірінде жүрсе де тауып алып, жазасын беруге Заңның шамасы жетеді. Қазақстанда адам құқығын қорғау, демократиялық бостандықтар, жеке адамның еркіндігі сияқты өзекті, өркениетті қоғамның негізгі құндылықтары экстремизм мен лаңкестікке қарсы білім жолында басты тірек болып қала береді.

Сөз соңында тағы бір тоқталып айта кетуге тұрарлықтай бір мәселе бар.Атырау облысы Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен Ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен бірнеше рет семинарлар өткен болатын. Мақсат- халық арасында ақпараттық-түсіндіру тобының сауатты, нәтижелі жұмысын арттыру. Соның нәтижесінде Атырау қаласындағы мектептерде, колледждерде кездесулер өткіздік. Топ құрамындағы «Жусан» операциясымен Сириядан елге оралған қандастарымыз ол жақтағы өздерінің бастан өткен жағдайларын әңгімелеп, жастарды жат ағымға еріп кетпеуге, өз елімізден артық жер еш жерде жоқ екенін айтқанда, мен, Ауған соғысына қатысып келген майдангер үлкен әсерде болғанымды жасыра алмаймын.

Міне, Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының және облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының халықпен өткізген осындай кездесулері экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуда атқарып жатқан қыруар жұмыстарының бірі деп толық айтуға болады.

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close