ЖаңалықтарЭксклюзив

ҚАЙРАТ:  «Түрмеге түспей тұрып түсінбесеңдер, өздеріңнен көріңдер!»

«Жусан»

Қайрат Ұзақұлы 2019 жылы 6 қаңтар күні «Жусан» операциясымен Сириядан елге қайтарылған алғашқы қазақтың бірі. ҚР тиым салынған  халықаралық террористік ұйым ДАИШ- тың лаңкесі ретінде ұшақтың трапынан тұтқынға алынған ол 2019 жылдың 19 наурызы күні Ақтау  қалалық сотының шешімімен ҚР ҚК-нің 257 бабы 2 бөлігі (аса ауыр қылмыс) және 62 бабы 3 бөлігі бойынша  айыпты деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде Ақтау қаласындағы 172/6 қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Қайрат 1987 жылы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Сирияға 2015  жылдың тамыз айында Анталия, Ыстамбұл  қалалары арқылы әйел баласымен кеткен. Елге отбасы түгел, екі баламен қайтарылды.

Қайрат диктофон алдына келіп отырған сәтте-ақ  түрменің  адам еңсесін басатын күңгірт күйін бірден жадыратып жіберді. Оның адамға тіке қараған жанары, баяғыдан танитын адамдай сеніммен қараған  аңқылдаған болмысы бір күнде 7 сотталушымен әңгімелесіп, шаршап отырған маған ерекше әсер етті. Арамызда алғашқы секунтта – ақ орнай кеткен жып- жылы  байланыс менің алдымда отырған Қайратты туған елін, ата-анасын  «кәпір» деп, Сирия асып, Отанын сатып кеткен бұрынғы  радикал –  лаңкес емес, керісінше көшеде көргенде танымасақ та ішіміз жылып, сырттай жақсы көріп тұратын қазақтың  кәдімгі көп қара баласының біріне айналдырып жібергендей. Аяқ астынан кеудемде қазақтың қаны атойлап шыға келгеніне іштей таңқалып та, ойланып… қалдым. Сөйлесе келе білгенім, мұның бәрі бекер емес сияқты.

Қайрат айтады:

Ия, діни теріс ағымда  жүргендер  шынайы емес, әлсіз мұсылмандар. Нәпсіні жеңу оңай емес. Жаман нәрсеге итеріп тұрады. Олар харам саналған  жамандықтарды  халал деп ойлайды да  қиналмастан істей салады. Бәрі радикалдық көзқарастың кесірі.  

-Қазіргі қазақ жастары өз бетімен интернеттен дін үйренем, араб тілін оқимын деп әуре болуда. Ұстазсыз қай білімге  болса да қол жеткізу қиын. Бір бауырым:«имамдардың уағызын тыңдағандықтан адасып,  түрмеге түскен адамды көрмедім» дейді. Расында да солай. Экс – муфти Серікбай қажы Ораздың  кітабін, тәпсірлерін оқып, қазақта осындай білімді адамдардың барына таңқалдым. Қазақ жастары арабшаға жүгірмей, осындай білімді ұстаздарды тыңдап, кітаптарын оқулары қажет.

-Біз ұстанған діни теріс  ағымнан үлкен қауіп бар. «Умеренный салафит» дейді. Бірақ бәрінің оқып жатқан кітаптары, апарар жолы бір. Үкіметпен келіспейді, жамағатын Елбасына, Президентке  қарсы қояды, намаз оқымаған мұсылманды кәпірге шығарады. Кәпірге шығарған соң оның қанын төгуге оп- оңай барады.  Ең қауіптісі – бұл көзқарастың аржағында шекара жоқ, радикалдық  іс- әрекеттерге жалғасып кете береді. Яғни, шегі, тоқтайтын жері болмайды.

Біз барған жихад өтірік, ал Сирия әншейін террористердің қатарын толықтыратын  нысан болып шықты. Ол идеология басқа жақтарда да кездеседі, Ауғанстанды мысалға алуға болады.

  • Сол идеологияға қалай ердіңіз?

– Интернетте отырған орыс тілді радикалдарды тыңдадым. Ренат Зинуллин, тағы басқа да радикалдар Абд аль -Ваххабтың кітаптарын уағыздады. Негізі сол кітаптардан алынған соң, умеренный салафит болғанымен  әсері бәріне бірдей. Адамның көзқарасын сәл теріс бұрып, мүйіздерін қайрап жіберсе адасып кетіп қалады. Бұл негізі өте қауіпті. Сирияда Малайзия, Индонезиядан келген умеренный салафиттерді көргенмін. Мінездері жұмсақ, бірақ сол кітаптарды тыңдаған олар да Сирияға соғысқа барды.

– Олардың ішінде сіз де болдыңыз ғой. Интернеттен 3-4 уағызшыны тыңдап, 3-4 кітапты оқып исламды толық түсіндім деп ойладыңыз ба?

– Ия, адамға солай көрінеді.

– Осы білгенім жетеді дедіңіз.

– Ия, осыдан артық керек емес дедім. 2009-2010 жылдары  менде діни радикалды көзқарас қалыптасты. Сирияға кетіп қалайын деп жатқанда ұсталдым. Құқық қорғау органдары мені райымнан қайтару үшін Ауғанстанда болған, түрмеде отырған бір адаммен кездестірді. Оның айтқанына сенбедім. Себебі  ол кез түгілі қазірдің өзінде біздің сұқбат- видеомызды көрген адамдар түрмеде бізді солай сөйлеуге ұрып- соғып, мәжбүрлеп  отыр деп ойлайды. Сол кезде мен де солай ойлап, сенбедім. Сөйтсем, әлгі сотталушының айтқаны рас екен. Енді біз көргенді басқалар көргенін  қаламаймын.

 -Сонымен екінші рет жолға шықтыңыз.

– Ия, 2015 жылы тамызда Анталияға ұшып, одан Ыстамбұл қаласына келіп орналастық. Қарсылап алғандар бізді Сирияға баратын адамдармен бірге пәтерге орналастырды. Жол болмай Ыстамбұлда 10 ай  тұрдық. Сирияға  2016 жылы 18 маусым күні кірдік.

– Ия, қалай екен Сирия?

-Қызықтың көкесі сонда  басталды ғой.

– Қандай қызық?

– Тұтқынға түсіп қалдық. Бізді ол жақта ешкім күтіп алмады. Джебхат ан- Нусра деген ұйым бар, солар ұстап алды бізді. Олар бізге «ДАИШ-қа қосылмаңыз, олардың идеологиясы дұрыс емес, біздікі дұрыс» деп өздеріне тартты. Біз келіспедік, сосын олар бізді арабтарға беріп жіберді. Олар да бізді өздерінде қалуға үгіттеді. Бірақ біз олардан қалайда құтылуды ойладық. Екі айдан соң, 2017 жылы  27 қаңтар күні Ракка қаласына кіріп, ДАИШ- қа қосылдық.

– Ойлаған мақсатыңыз орындалды ма?

– Сирияны мен мүлде басқаша елестеткен екенмін. Өкінішке орай, Сирияның халқын олай деп ойламап едім.

– Қандай деп?

– Ол жерде таза мұсылманшылық, діннен хабары бар намазхан, Құран оқитын діндарлар тұрады деп ойлағам. Көңілім түсіп қалды. Сөйтсем, дінді  олардан гөрі біздің  Қазақстанның халқы артық білетін сияқты.

-Көңіліңіз қалатындай не көрдіңіз?

-Өтіріктің басын сол жақтан көрдік қой. Интернетте ислам, шариат деп әдемі роликтер көрсетті ғой. Барсақ мұсылман мұсылманға зорлық- зомбылық көрсетіп жатыр. Түрмеге қамау, мазақтап, қорлау.  ДАИШ- та да баяғы елде жүріп оқыған Абд аль -Ваххабтың кітаптарын оқытады. Біз Түркістаннан  келген орыс тілді оқытушыдан  «бейне роликтегі әдемі өмір қайда?» деп сұрадық. Ол  «видеоны  сондай әдемі етіп түсірмесек сіздер Сирияға келмейтін едіңіздер» деді.

Сирияға адамдарды алдап шақырғанына көзіңіз жетті ме?

– Әр түрлі ұйымдардың гео-саяси мақсаты екен. Қазбаласаң  аржағында Американың да қолтаңбасы бар сияқты. Кейбір мәселелерді түрмеге отырған соң түсіне бастадым.

– Өзіңіздің радикалдық жолда екеніңізді қашан білдіңіз?

– Сол Сирияда жүргенде түсіндік. Күмәндандым.

– Қандай күмән болды?

– Мысалы Сирияда мұсылман мұсылманды өлтіріп жатты. Бірақ бізге «олар кәпірлер» деп түсіндірді. Соғыс алаңында емес, халифат  жариялаған жердің өзінде қан төгіліп жатты. ДАИШ өздерінің көзқарасын ұстамаған адамдарды түрмеге жауып, қинап, тіпті өлтіретін. Ұзақ ойландым, ДАИШ-қа қосылғанымызға төрт ай болғанда  ғана  жихадтың гео – саяси мүддесі болғанын, дінге, халифатқа қатысы жоқ екенін білдік. Алайда  бұрынғы көзқараста жүрдік. Елге келіп теологтарды тыңдаған соң  ғана көзіміз ашылды.

– «Жусан» операциясына қалай тап болдыңыз?

– 2018 жылы сәуір айында жол көрсетушіге 5 мың доллар жинап беріп, ДАИШ- тан шығып, қаштық. Екі апта жолда жүрдік. Жолда НАТО- ның терроризмге қарсы  бөлімінің  адамдарына ұсталып  қалдық. Американдықтардың түрмесінде 9 ай отырдық, олар жан- жақты тергеу жұмыстарын жүргізді. Алты айдан соң Қазақстанға қайтқысы келетіндерді  әкетеді екен деген хабар келді. Басында елге қайтқымыз келмеді.

– Неге?

– Сотталамыз және ұзақ жылға түрмеге отырамыз  деп қорықтық. Түрмеде шіріп өлгенше осы жақта өлейік дедік. Алты жігіт камерада отырып көп ойландық. Ақыры қайтпасақ отбасымыз далада қаңғып қалады деп, қайтатын болдық. 2019 жылы 6 қаңтар түні  елге ұшып келдік.

– Сирияға кетпестен бұрын қандай едіңіз?

– Ол уақытта тіпті бата жасап, бет сипауға да қарсы болдық. Ата- ана, ағайын- тумамен қарым- қатынас бұзылды. Шектен шықпағанмен отбасымен де ара қатынасымыз нашарлады, үйден кетіп, бөлек тұрдық. Әкем намаз оқымады. Салт- дәстүрдің исламға қатыса жоқ деген түсінік болды . Ата-анамыздан да сұраған жоқпыз, қазақтың тарихын да оқымадық. Сөйтсек, қазақтың салты мен ғұрыптарында  бұрын біз ойлағандай еш мәселе жоқ екен.

– Оны қашан түсіндіңіз?

Осы түрмеде түсіндім, көзіміз анық жетті. Білімсіздіктен болды, соның бәрін білмегендіктен жоққа шығардық қой. Кейде өзіме күлкім келеді.

– Әкеңізді намаз оқымағаны үшін кәпір дедіңіз бе?

– Болды ондай жағдайлар…  

– Әкеңізден кешірім сұрадыңыз ба?

– Әлбетте, сұрадым. Бірақ сөз ауыр ғой, әрі туған баласынан  ондай сөз есту… Қателескенімді ертерек түсінбегеніме  өкінемін. Бірақ бұны көрмесек, мүмкін елде әлі де адасып жүрер ме едім. Мысалы адам бір аурумен ауырса, екінші рет сақтанады, ауырғысы келмейді ғой, сол сияқты емімді тапқаныма Аллаға шүкір деп отырмын. Адасуыма себеп болған дінді дұрыс түсінбеуден туындаған радикалдық көзқарасым болды. Имамдарды тыңдамайтын едік. Себебі бізге «имамды тыңдасаң күмән пайда болады, адасып кетесің» деп үйретті.

  – Сіз бұрын  ұстанған идеологияда  бізге белгісіз қандай жағдайлар бар? Мемлекетке, ұлтқа қандай қауіп бар деп ойлайсыз?

 Өте үлкен қауіп бар. «Умеренный салафит» дейді. Бірақ бәрінің оқып жатқан кітаптары, апарар жолы бір. Үкіметпен келіспейді, жамағатын Елбасына, Президентке  қарсы қояды, намаз оқымаған мұсылманды кәпірге шығарады. Кәпірге шығарған соң оның қанын төгуге оп- оңай барады.  Ең қауіптісі –бұл көзқарастың аржағында шекара жоқ, радикалдық  іс- әрекеттерге жалғасып кете береді. Яғни, шегі, тоқтайтын жері болмайды.

– Яғни, екі-үш адам жиналып, «мынау намаз оқымайтын  кәпір, оны өлтіру керек» деп пәтуа шығара салады, солай ма?

– Ия. тап солай. Мұсылманды кәпірге шығару ойыншық емес, мұсылман  елдерінде кез-келген адам бұлай үкім шығара алмайды. Үкім, пәтуа шығаратын  арнайы адамдар, судьялар болады. Ал радикалдар бұл мәселеге жеңіл қарайды. Біздерге  де радикал уағызшылар «егер кәпірді кәпір демесең өзің кәпір болып қаласың» деп үйреткен. Кезінде мен де адамдарды кәпір дедім. Радикалдық көзқарас адамды судья қылып жібереді.

– Сіздерді мемлекет неге қайтарып алды деп ойлайсыз?

– Аллаға шүкір, біз өз елімізді тастап кетсек те, еліміз бізді  жат жерде қалдырмады. Неге, не үшін болса да біз разы болып, дінімізді түсініп жатырмыз. Біз елден шығып, қашып кетсек те мемлекет мейірімділік көрсетті. Бұл- Елбасымыздың  шешімі.  «Жусан» операциясы елдегі қайғырып отырған қаншама ата-анаға қуаныш сыйлады! Кейбірінің балалары қайтпай, сол жақта қалды. Оралмағандар көп. Біздің ата-анамыз бақытты деп ойлаймын. Қаншама қайғырса да, қиындық көрсе де, Аллаға шүкір,  елге аман-есен  қайттық.

– Елде адасып  жүргендер исламның шегінен шығып кетіп жатыр.  Есірткі, зорлық- зомбылық, әйел зорлау, қысқысы, харам нәрселерге бой ұрып кетті. Талақ жасап, әйелін біреуге беріп жіберу бар. Сіз елде жүргенде солардың қатарында болдыңыз.  Қалай ойлайсыз, олар сонда өздерін шынайы мұсылманбыз деп ойлай ма?

– Теріс идеологияның әсері және нәпсі деген де бар.

– Нәпсісін жеңе алмаса қалай шынайы мұсылман болады?

– Ия, діни теріс ағымда  жүргендер  шынайы емес, әлсіз мұсылмандар.  Өз нәпсісін жеңе алмаған адам жауын да жеңе алмайды. «Өз жауларыңды қалай жеңсеңдер,  өз нәпсілеріңді де тап солай жеңіңдер» деген. Нәпсіні жеңу оңай емес. Жаман нәрсеге итеріп тұрады. Олардікі әрине, дұрыс емес, мұсылмандыққа жатпайды бұл істер. Өзім ондайды істемеген соң ақылым жетпейді. Жаман істерге апаратын осы жат идеология. Олар бұл жамандықтарды  халал деп ойлайды да қиналмастан істей салады. Бәрі радикалдық көзқарастың кесірі.

Қазіргі қазақ жастары өз бетімен интернеттен дін үйренем, араб тілін оқимын деп әуре болуда. Ұстазсыз қай білімге  болса да қол жеткізу қиын. Бір бауырым: «имамдардың уағызын тыңдағандықтан адасып,  түрмеге түскен адамды көрмедім» дейді. Расында да солай. Экс – муфти Серікбай қажы Ораздың  кітабін, тәпсірлерін оқып,  қазақта осындай білімді адамдардың барына таңқалдым. Қазақ жастары арабшаға жүгірмей, осындай білімді ұстаздарды тыңдап, кітаптарын оқулары қажет. Ата-аналар баласының адасып бара жатқанын байқаса имамдармен кездестіріп, дерттің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе қиын. Теріс ағымға миымен, санасымен  кіріп кетсе ол батпақтан шығарып алу өте қиын болады.

 – Сіз адасқаныма түрмеге түскен соң анық көз жеткіздім деп отырсыз. Сонда түзелу үшін міндетті түрде түрмеге түсу қажет пе?

– Біздер намаз бастаған жылдары  елде діни теріс ағымның алдын алу жұмыстары кем болды. Діни сұрақтарға жауап беретін білім де, мамандар да жетіспеді. Мешіт  намаз оқу, Құран шығару, жаназамен ғана шектелетін. Қазір Аллаға шүкір, білікті  теологтардан білім алып, көзіміз ашылды. Жастарға айтарым, теологтарға сұрақтарын қойсын, білім алсын. Мысалы біз кезінде интернеттен радикалды  уағыздарды тыңдадық, ал тап сол уағызды салыстырып, сараптайтын екінші нұсқа болмады.  Тыңдап алып, жат идеологияның жолында кете бардық. Сол уақытта таба алмаған білімді  бүгін түрмеде отырып алдық. Егер мен еркіндікте болсам, радикалдық көзқарастан айнымай, теологтар берген ол кітаптарды оқымас едім. Басында, осы жерде ұзақ уақыт оқығым келген жоқ, шаң басып жатты. Бір оқығанда түсінген жоқпын, басымдағы бұрынғы теріс идеология ойлануға мұрша бермеді. Екінші, үшінші рет оқып, сосын барып теологтарға сұрақтар қойып, түсініп кеттік. Еркіндікте адасып жүрген адамдарға  айтарым,  түрмеге түспей, бастарыңа пәле келмей тұрып  түсінбесеңдер, өздеріңнен көріңдер! Жалпы миды, сананы улаған бұл идеология  адамға таяқ жегізіп барып түсіндіреді екен.

Редакциядан:  

 Сирияда ДАИШ  террористік ұйымының құрамында 1 жыл 3 ай болып елге қайтарылған Қайрат өзінің қателескенін, жат идеологияның құрбаны болғанын мойындап отыр. Ең бастысы- енді адаспастай діни сауатын ашып, түзу жолға салған  дін мамандарына ризалығын айтады. Ол түрмеден 2026 жылы  шығуға тиіс.  Өкінеді. Әкесінен тағы да кешірім сұрап, туған шаңырағында әкелі- балалы болып кең отырып түсініссем дейді. Ұл – қызын құшағына алып, жаңа өмір бастағысы келеді.

«Арманым  Нұр- Мүбарак  университетіне оқуға түсіп, дін маманы болып, адасқандарды түзу жолға салу» деді  Қайрат менімен қоштасарда. Қайраттың осы сөзін естіген сәтте  діни экстремизм, терроризм бабымен сотталушылармен жұмыс істеп отырған білікті маман Асқар Сабдин бастаған дінтанушылардың қолдарын қатты қысып, жібермей ұстап тұрғым келіп кетті!

 Қайратты алғаш көрген сәттегі  түйсігім алдамаса екен!

 Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz,

Ақтау қаласы

ДАИШ  халықаралық террористік ұйымына  ҚР –да Заңмен тиым салынған

*иллюстрациялық сурет Терроризмге қарсы комитет сайтынан

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close