Сараптама

Діни білімді шетелден алудың зардабы көп

 

Гүлмира БАЛҚОЖАЕВА,

Маңғыстау облысы Дін істері

басқармасының бөлім басшысы

 

Соңғы жылдары елімізде дінге бетбұрыстың артуына орай, діни білім алу ең өзекті мәселеге айналды. «Діни білімді шетелден іздеген кейбір қазақ жастары күдікті оқу орындарына тап келіп, жат ағымдардың жетегінде кетіп қалмай ма, сырт елден алған білімнің елімізге пайдасы бар ма?» деген сұрақтар өткір туындап отыр.  

Яғни, мамандар шетелде діни білім алған жастар үшін діни теріс ағымдардың жетегінде кету қаупі жоғары екенін ескертеді. Ғаламтордағы шетін идеологиялар  қазақ жастарының санасын  улап, олардың діни  білімді Біріккен Араб әмірлігі, Сауд Арабиясы, Йемен, Кувейт, Иран, Пәкістан Катар сияқты шетелде алуға деген құштарлығын арттырып отыр.

Қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығару, ұлттық құндылықтарымызды  дәстүрлі мұсылман құндылықтарымен ұштастыра алмау діни адасушылыққа  соқтырып, еліміздегі діни ахуалға нұқсан келтіруде. Бастапқы діни білімді еліміздегі медреселер мен мешіттегі имамдардан алмаған жастардың шетелден күмәнді діни білім алуы олардың жеке бастарына да, ұлтымызға да, мемлекетіміздің  қауіпсіздігіне қатер. Дінді саясатқа, өз мақсаттарына бұрмалап пайдаланған шетелдегі  әртүрлі топтардың мақсаты – діни теріс идеологияны насихаттау арқылы басқа елдерге деструктивті идеологияны енгізу.

Сауд Арабиясының Медина қаласында «Аль-Джамия аль-Исламия»  ислам университетінде оқыған маңғыстаулық Марат (есімі өзгертілді). ҚМДБ-ның жолдамасынсыз, облыстық  Дін істер басқармасына  да айтпастан тікелей Медина қаласына барып құжат тапсырған.

Себебі Марат бұдан 8 жыл бұрын дінге келуіне әсер еткен салафи достарының ықпалымен интернеттен Ділмұраттың (Абу Мухаммад) уағыздарын тыңдап, оны өзіне ұстаз санайды. Ділмұраттың әлеуметтік желілердегі  уағыздары талай қазақ жастарын ата- баба жолынан адастырды.

Нәтижесінде «ислам дінін бидғат (жаңалық) атаулыдан тазартамыз» деп адасқан салафилер қазақтың салт – санасы мен дәстүріне қарсы шығу арқылы ұлттық тамырымызға балта шабуды мақсат етуде.    

«Мұсылман еліне хиджра жасаймын» деп, шетелден оқу іздеп  кеткен қазақ жастарының біразы бүгінде түрмеде отыр. Солардың бірі – Бақтияр Ыбраев. Ол террористік ұйымның құрамында Ауғанстан мен Сирияда соғысқа қатысқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Міне, шетелден бейресми барып, діни білім алудың  қауіптілігі – олардың жат идеологиясымен адасқан қазақтар радикалданып, халықаралық террористік ұйымдарға қосылды.  Бұл қауіптің алдын алу үшін діни білімді Қазақстанда алудың маңызы өте зор.

 

Елімізде діни білім гранттары көптеп бөлінуде

Елбасы Н.Назарбаев «…азаматтарымыздың шетелдік діни білім беру ұйымдарында теологиялық білім алу тәртібі реттеуді талап етеді. Ел азаматтарының Қазақстанда діни білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет» деген болатын.

ҚР Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында дін  мамандарын көптеп оқыту, кәсіби білімдерін жетілдіруге ерекше бағыт берілген.  Тәуелсіз мемлекетімізді, бүгінгі қоғамды қатты алаңдатып отырған  деструктивті діни идеологияның алдын алу үшін бұл бағыттағы сан салалы жұмыстың бірі – діни білімнің деңгейін арттыру.

Соңғы жылдары ҚР Ғылым және Білім министрлігі Нұр- Мүбарақ ислам мәдениеті университетінде білім алуға көптеп гранттар бөлуде. Еліміздегі оқу орындарында діни білім алу арқылы қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне, руханиятына сәйкес діни сананы қалыптастыруға қол жеткізуге болады.

 

Қазақстанда қайдай діни білім орындары барын білесіз бе?

 Бүгінде Қазақстанда  6 жоғары оқу орнында діни факультеттер бар. Діни білім аламын деген жастар «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтарын елдегі жоғары оқу орындарында оқып, толыққанды дін маман болып шыға алады.

Білім іздеген жастар үшін «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ -түрік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің есігі  әрдайым ашық. Одан өзге «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-коллджі,  «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі бар.

 

Шетелге жолдамамен қандай оқу орындарына баруға болады?

 Бүгінде еліміздің дінтанушы, исламтанушы мамандары  ҚМДБ меморандумға отырған дәстүрлі дінімізді оқытатын шетелдегі діни оқу орындарында  білім алып, жоғары білімдерін одан әрі көтеруде. Рұқсат етілген шетелдік оқу орындарының қатарында Түркияның Стамбул университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университеті, Мысырдың «Әл-Азхар» университеті, Ресейдің Қазан қаласындағы Ресей ислам университеті, Мәскеу ислам университеті және Өзбекстанның Ташкент ислам университеті бар.
Мысалы екі елдің келісімі бойынша 2013 жылдан бастап қазақ жастарын оқыта бастаған  Түркиядағы «Хасекеи» университетінде оқу шығындары Түркия тарапынан төленеді.  Міне, шетелден жоғары діни білім аламын немесе елдегі алған білімін жетілдіремін деген талапты жастарға әрқашан жол ашық. Ол үшін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасынан рұқсат алу қажет. Ал ҚМДБ тарапынан берілетін рұқсат- жолдаманың алғы шарты – бастапқы діни білімді еліміздегі отандық оқу орындарынан алу, яғни бойына дәстүрлі мұсылманшылды сіңірген, ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап кетпейтіндей дәстүрлі исламмен сусындаған жастар болуы қажет.

Шетелде ҚМДБ-ның рұқсатынсыз оқып келген жастар еш жерге жұмысқа алынбайды. Кейбір деректерге сүйенсек,  рұқсатсыз кеткен қазақ жастары діни білімді Египетте алуға құштар және олардың көбі сол жақта оқып жүр делінеді. Ал ол жастарымыз Египетте қандай білім алуда? «Шетелге діни алуға кеттім» деген жастарымыздың Сирияға өтіп кеткендері туралы олардың елдегі ата-аналары мен отбасы мүшелері арқылы, сондай-ақ «Жусан» операциясы арқылы белгілі болып отыр. Ендеше, діни білімді елдегі оқу орындарынан алу бүгінгі күннің басты мәселесі.


 

 Ержан БАХИТЖАНОВ

Маңғыстау облысы Дін істер басқармасы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» мекемесінің теологы:

 -Марат бүгінде теологтармен кездесіп тұрады. Медине қаласындағы университетте бастауыш араб тілін ғана, онда да онлайн оқыған Мараттың діни білімі төмен. Ол Сауд Арабиясына кетпей тұрып осындағы араласатын адамдары тарапынан университет жайлы хабардар болып, сонда оқуға кеткен. Негізгі ұстанымы – салафия бағыты ішіндегі Мадхали бағыты.

«Мен Мединеде араб тілін бастауыш деңгейінде ғана меңгердім. Қосымша тек сол жақтағы жоғарғы курстағы қазақ жігіттерден сабақ алдым.  Бір жағынан өзімнің де шариғат біліміне қабілетім жетпейтініне көзім жетіп, елге қайттым. Бүгінде теолог мамандармен жиі кездесіп тұрамын. Олардан діни ақпарат аламын. Енді шетелге оқуға бармайтын шығармын» дейді Марат.

Біз одан  мәзхаб ұстану мәселесі туралы сұрағанымызда, ол: «оған ешқандай қарсылығым жоқ және мазхаб ұстанатындарды қатеге шығармаймын» деді.  Оған Қазақстан Мұсылмандарының мыңдаған жылдан бері ұстанып келген сенімі Матуриди сенімінің негіздері түсіндірілді. Матуриди сеніміне қатысты айтылған салафия көсемдері тарапынан айтылған жала мен өтіріктерге тұшымды жауап берілді.

Марат өзінің ұстанымын жасырмай салафилік ортада білім алып келгенін айтты. Оған сәләф солихтар дегеніміз кімдер, олардың Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген ізгі ғалымдар және солардың айтқанымен жүргендер ғана сәләф солих жолын ұстанушылар ал, қазіргі өздерін сәләфиміз деп жүргендер олардың маңына да жуымайтыны және еліміздегі дәстүрлі бағыттың ұстанымдары туралы айтылды.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close