Басты тақырыпМақалалар

Тарихи және өмірлік бағдар

Адам бойындағы елді сүю, ұлтты сүю қасиетін сатып алу мүмкін емес. Ол әр ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиемен, салт-дәстүр және діни білім арқылы даритын дүние. Ұлттық сананы қайта жаңғыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялай отырып, еліміз үшін тарихи кезеңнің басталғанын атап өтті.

Осы тұста ұлттық сананы ояту мақсатында жасалатын игі шаралардың барлығын ұлтымыздың тарихымен, салт-дәстүрлерімен, діліміз бен дініміз арқылы сабақтастыру қажеттігіне де назар аударылды. Себебі, мақалада нақты көрсетілгеніндей, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды».

Ұлттық код қазақ халқының жаратылысын, өмір салтын, тарихын, рухани бітімін сақтайтын нағыз құпия кілт. Халқымыздың ұмыт бола бастаған дәстүрлерін, өмір жолын қайта жаңғырту, оны келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру негізгі міндет. Адам бойына адамгершілік, имандылық, парасаттылықтың қалыптасуына діннің де маңызы зор екені анық. Демек, жат ағымдарға қарсы тұратын негізгі жол – ұлттық болмысыз бен асыл дүниелерімізді жарыққа шығарып, жоғалтқан бағалы дүниелерімізді түгендеп, дәстүрлі құндылықтарымызды қалпына келтіру.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында: «Біздің Ұлы дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге, мен толеранттылықтың кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді. Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы», – деуі кездейсоқтық емес. Қазақстан конфессияаралық және этникалық көп жақтылығымен ерекшеленетін әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына жатады. Осы ретте, Атырау облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының мақсаттарымен үндесетін, дінаралық және ұлтаралық татулықты насихаттайтын «18 қазан – «Рухани келісім күні» 2014 жылдан бастап жыл сайын салтанатты түрде  аталып келеді.

Сонымен бірге, 2017 жылы Дін істері басқармасы «Өмірлік бағдар» атты ағартушылық жобасын іске қосты. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған  жобаның мақсаты – облыстағы ерлер және әйелдер түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен, соның ішінде діни экстремизм, терроризм қылмыстық баптары бойынша сотталғандармен жүргізілетін теологиялық, психологиялық, мәдени, спорттық, ағартушылық және басқа да шараларды кешенді жолға қойып, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру қызметінің сапасын арттыру.  «Өмірлік бағдар» жобасын бес жыл бойы өткізу көзделіп, өткен жылы бірнеше арнайы шараларды ұйымдастырып шықтық.

Мәселен, ерлер түзету мекемесінде мұражай экспонаттарынан көшпелі көрме ұйымдастырылды. Сотталған азаматтар Махамбет атындағы академиялық Атырау  облыстық қазақ драма театрының актерлері сахналаған «Баянды бақ» қойылымын тамашалап, рухани кештің куәсі болды. Әйелдер түзету мекемесінде 7 желтоқсанда «Рухани жаңғыру – ұлттық ұлағат үлгісі» тақырыбында тоғызқұмалақ және дойбы ойыны ұйымдастырылып, сотталған әйелдермен «Рухани сұхбат» кездесуі өткізілді. «Өмірлік бағдар» жобасы өткен жылы жазасын өтеушілердің ішінен 300-ге жуық ер адам және 60-тан астам әйел адамды қамтыды. Биылғы жылы жоба аясындағы мәдени-тәрбиелік шараларды одан әрі жетілдіріп, танымал қоғам қайраткерлерін шақыртуды көздеп отырмыз.

Сонымен қатар, Басқарма жыл сайын деструктивті діни идеологияны, теріс пиғылды ағымдардың ұстанымдарын  әшкерелейтін бейнеөнімдерді шығаруда. Мысалы, 2014 жылдан бастап облыстық театрда «Хақ жолы» спектаклі қойыла бастады. Араға бір жыл салып «Өмірзая» телехикаясы көрерменге жол тартты. 2016 жылы түсірілген «Ұл» фильмін ерекше атап кетуге болады. 2017 жылы осы бағытта 2 бейнефильм, 3 ток-шоу, 14 бейнеролик, 6  журналистік зерттеу түсірілді.

Соның ішінде, «Соқыр сенім 3: «Атаманның» ақыры» атты журналистік зерттеуде алғашқы терракт ұйымдастырушыларының бірі атыраулық Дамир Зналиев туралы, оның адасқан жолы мен өкініші баяндалды. Зерттеу қазіргі таңда телеарналар мен интернет-ресурстар арқылы көрсетілуде. Сондай-ақ, 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, ұлттық және қоғамдық келісім тақырыбын ашатын «Аманат» қысқаметражды фильмі жарыққа шықты. Шынайы оқиғаға құрылған фильмде мұнайлы аймақтың Мақат ауданында орын алған жағдай баяндалады.  Қазақ отбасы асырап алған шешен баласының өміріне негізделген оқиға ұлттар достығын дәріптей отырып, қазақтың кемеңгерлік, даналық қасиеттерін паш етеді. Фильмде баланың естеліктері арқылы, қазақ, шешен халықтарының тарихи және өмірлік байланыстары, өзара сыйластығы мен ризашылығы көрініс тапқан.

Басқарманың жұмысы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, соның ішінде зайырлылық ұстанымды нығайтуға, қоғамдық келісім құндылықтарын насихаттауға, оған зиян келтіретін теріс пиғылдың алдын алуға бағытталған. Себебі, билік пен азаматтық қоғамның ортақ мақсаты –  радикалды және экстремистік көріністермен байланысты кез келген іс-қимылға мүлде төзбеушілікке қол жеткізу.

Қайролла Көшқалиев,

Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close