Сұқбат

Теріс жолдан оралған жігіт: «Жиһад жарылқайтын жол емес екен»

Әлем әлі күнге «жиһад» ұғымын сан-саққа жүгіртіп жатыр. Санасы тұманданып, санын соғып қалып жатқандар көп. Соқыр сенім күрделендірген діни ахуал кесірінен елімізде де табаны тайғанаған тағдыр иелері баршылық. Өз ісіне өкініп, тәубеге келіп жатқандары да бар. Солардың бірі – Орал қаласының тұрғыны Хамит Хамитов (есімі өзгертіліп алынды). Терроризмді насихаттағаны үшін айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған ол жақында бостандыққа шықты. Бүгінде отбасымен қайта қауышып, өз сүрлеуін тапқан Хамит жастардың жат ағымның жетегінде адаспауы үшін діни білімді мешіт пен теологтардан алу керектігін айтады.

 

– Имандылық жолына қашан бет бұрдыңыз?

 – 2000 жылыОрталық базар қасындағы мешітте пітір-садақамды беруге барып, Рәсім атты түрік ұстаздың жамағатқа дәріс беріп жатырғанын көрдім. Қасына таяп барып едім, ол мені қош алып, келу себебімді сұрады. Мен намаз оқығым келетінін айттым. Ол мешіт ауласынан намаз оқуға арналған кітапшаны сатып алуым керектігін айтып, жамағатпен бірге үйренуді ұсынды. Мен намазда оқылатын сүре мен дұғаларды жаттап келетінімді айттым. Ұстаздан тәжуид сабақтарын ала бастадым. Сөйтіп, 2002 жылдан бастап Әбу Ханифа мәзһабымен құлшылықты бастадым.

 

– Діни таным-түсінігіңізді бұрмалайтын ортаға қалай тап келдіңіз?

 – Уақыт өте келе, «жол көрсетуші» теріс ағым өкілдері табылды. Басында олардың ұстанымымен келіспей жүрдім. «Баламды да Әбу Ханифаша оқытам» деп қасарысып қоятын едім. Кейін олардың уәждері мені иландыра бастады.Айтқандарының бәрі дұрыс сияқты көрінетін. Қазақтардың Түркістанға барып, әулиелердің аруағына сыйынып жатқанын «адасушылық» деп теріске шығарды. Осындай үгіт-насихат дәстүрлі мәзһабты тәрк етіп, сәләфизм бағытына түсуіме әсер етті.

 

– Жиһад туралы уағыз айтты ма олар?

– Иә. Маған жиһад шарттарын да түсіндіріп отырды. Көршілес мұсылман елдері зәбір-жапа шеккен жағдайда көмектесу керек деген үгіт айтылды. Аумағында қарулы қақтығыстар толастамайтын Ауғанстан туралы жиі еститінбіз. Бұл бағытта интернет арқылы ізденісімді бастадым. 2007 жылдары шешен халқынан шыққан бүлікшілердің жетекшісіДокка Омаровтың өзінің жақтастары мен басқа елдердіРесейге қарсы соғысуға шақыратын «Кавказ әмірлігін» құру туралы насихаты жалындап тұр екен. Ауғанстанда «жиһад парызын орындап жүрген»екі шешен жігітімен «Агент mail.ru» әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шықтым. Олар әскери қызметін адал атқарып жүргендерін айтып, мені Ауған еліне шақыра бастады. Әлеуметтік желіден сұрақтарыма жауап беріп отырды. Көңілім ауғанымен, аса илана қоймадым. Бір күні олар Оралға кездесуге келетіндерін айтты.

 

– Келді ме?

 –Оралға Хасан дегені келді. Мен уәде беріп қойған соң тәуекелге бармады деуден ұялы, өзімді қайрап, кездесуге бардым. «Ислам жолы – жиһадқа шығу парыз екенін» айтып, бірге баруға үгіттеді. Саяси ұстанымдарын да жеткізіп, Докка Омаровтың сарбазы екенін айтты. Кездесуден кейін оның әңгімесіне аса сене қойған жоқпын.

 

– Қазіргі уақытта дін мен дәстүрді қатар ұстау кеңінен насихатталуда. Сәләфизм уағызы саналы түрде дін мен діл шекарасына сына қаққан шығар?

 – Қасымдағы теріс ағымдағы жігіттер «Қазақстанға хақ дін жаңадан келді» деп сендіретін. Бұрын қазіргідей технология болмағанын, араб елдерімен тікелей қарым-қатынас орнамағанын, сондықтан ата-бабаларымыз Құран оқып, намазға жығылғанымен, діни ілімі терең болмағанын, яғни тура жолда болмағанын айтты. Мені бұл мәселеден гөрі Ауғанстанға кету әлдеқайда қызықтырды. «Шаһид»болып, жәннат шәрбатын тататыныма сендім.

Сол кезде мені қадағалау органдары бақылауда ұстап жүр екен. Менің ұстанған бағытымның қате екенін айтып, бірнеше рет ескертті.Алайда бағытымнан, ұстанымымнан қайта қоймаған мен ақырыжиһадқа кету мақсатыммен ұсталдым…

 

– Қателігіңізден қандай сабақ алдыңыз?

– Менің басты қателігім интернет арқылы уағыз-насихатты жалаң түсінуім, дұрыс-бұрысты ажыратпай, өз бетімше үйренуім болды. Докканың уағыздарын көп тыңдадым. Отбасыммен, тума-туысқандармен отырғанда дастархандағы етті жеуден бас тартатынмын. Аруаққа Құран бағыштауды, намаздан соң тәспих тартуды мойындамадық. Жиһадқа шығуға аңсарым ауып тұрды. Мұның радикалды идеология әсері екенін білмедім. Ең алдымен, дұрыс қарым-қатынасты өзімізден, отбасымыздан бастауымыз керек екен. Өзгенің қолымен шоқ көсеп отырып, жат елдегі отты өшіруге құмар болу – адасушылық.Бүгінде көзім ашылды, Сирияның лаңкестік ұясына, тіпті белгісіз күштердің шайқасына арналған сынақ алаңына айналғанынан хабардармын. Онда түрлі мүдде қақтығысып жатыр. Ел жік-жікке бөлініп, ислам жолында деп есептелінгендер бір-бірімен соғысуда. Қан судай ағып, адам денесі паршаланып жатқанын БАҚ арқылы көрудеміз. Содан мұның исламға сорпасы қосылмайтынын білдім. Яғни бұл қантөгістің жақсылыққа апармайтынын, мұның бәрі алпауыттар арасындағы сорақы саясат екенін түсіндім.

 

– Дін жолында бір көзқараста болған «браттарыңыз» сізді қалай қабылдады? Елімізде дін саласына қатысты заң талаптары өзгеруде. Құзіретті органдар ұйымдастырып жатқан іс-шаралар нәтиже беріп жатқаны байқала ма?

 – Расы керек, кезінде «бауыр» деп  қасына тартқандар бүгінде маған сақ қарап, тартына сөйлеседі. Сәләфизм жамағатының өзі түрлі тармаққа бөлініп кеткен. Кейбіреулері томаға-тұйық өмір сүруге бел байлаған. Есесіне, Ханафи мәзһабын ұстанушылар көбейіп, мешіт жамағаттары ынтымаққа бет бұрыпты. Өзара мәре-сәре болып, емен-жарқын араласады екен. Татулық лебі күшті екенін ауызашар кезінде көріп жатырмын. Жамағат ешкімді жатсынып, бөліп-жарып жатқан жоқ. Бір жағынан, Рамазан айының да әсері болар.

 

–Сізді қандай мәселе алаңдатады?

-Мен сияқты қателікке ұрынып, маңдайын тасқа соққан жігіттер жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң үкіметтің арнайы тағайындаған бір реттік қаржысын алмай жатады. Баспана, жұмыс таба алмай жүріп қалады. Осындай әлеуметтік себеп-салдар олардың қайтадан жат ағымға оралуына, көзқарастарын қайтадан өзгертіп, қайтадан шалыс қадам жасауына себеп болып жатады. Сондықтан үкімет тарапынан қоғамға бейімделіп кеткенше қолұшын созатын әлеуметтік қызметкер тағайындаса, жөн болар еді.

Өз басым түрмеден шыққан соң өмірге қайта келгендей болдым. Орал қаласының көшелері көркейіп кеткенін, көп қабатты үйлердің бой көтергенін, қай сала болмасын, өзгеріс жүргізіліп жатқанын байқадым.

 

– Діни теріс ағыммен адасқаңыңызды мойындап отырсыз. Жиһад дегенді енді қалай түсінесіз?

Жиһад жарылқайтын жол емес екен. Жиһад дегенді мен бүгінде өз нәпсіңмен күресу, ғылым-білімге ұмтылу деп түсінемін. Еліміздің өркен жайып, дамуына үлес қосуымыз керек. Білімді ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Мұнайымызды өзіміз өндіретін технологияға қол жеткізіп, жерімізді шаруашылыққа дұрыс пайдалануға ден қою қажет.

Сондай-ақ сүттей ұйып отырған отбасымның барыма шүкіршілік етемін. Ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Зайыбыма «Хиджаб ки, бес парызды түгенде» деп аса қатаң талап қойып жатқаным жоқ. Жұмысы бар. Өзім де құрылыс саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жігіттермен нәпақа табудамын. Сұрақтар туындаса, мешіт имамдарынан, теологтардан сұраймын. Бұрынғыдай емес, білімді мамандар көбейген. Кейде мешітке республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары келсе, білікті теологтарға арнайы барып жолығып, сұрақтарыма жауап аламын. Алдағы уақытта діни танымымды тереңдеткім келеді.

 

P.S. Діни адасушылардың көбі маңдайын тасқа соқпай өз ұстанымдарынан қайтпайтыны анық. Міне, бізбен сұхбаттасқан Хамит Хамитовта жазасын темір тордың аржағында өтеп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсініп, санасына сәуле себелеп, «беті бері қараған» азаматтардың бірі.

Бүгінде «Жиһад» сөзінің мән-мағынасын қате түсініп, өзге елде қару ұстап, шаһит болуға үгіттейтін жат пиғылды күштер көп. Интернет иірімісанасы тұнық, ниеті түзік талай қазақ баласын құрдымға жетелеуде. Кейіпкер тағдырынан діни салаға жан-жақты хабардар мамандардың ауадай қажет екендігін ұғынамыз. Ислам озбырлыққа қарсы. Соғысқа шығуға сирек жағдайда рұқсат етіледі. Мәселен, біздің мемлекет әскерді ел қорғанысын қамтамасыз ету үшін ұстайды. Сондықтан өзге елге өлерменденіп барып, қантөгіске бел шешудің еш мәні жоқ. Құрандағы «жиһад» сөзі төрт-ақ орында «соғыс» деген тікелей мағынаны білдірген. Ұлы кітапта алты мыңнан астам аят болса, Алла дұрыстықты, терең мағынаны меңзегенін айтпай-ақ біле беруге болады. Сондықтан ілім-білімге табандылық танытып, тәртіпке бойұсынып, Отанға деген махаббатымызды мұсылмандық ізгі қасиеттермен астастыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді!

 Нұртай ТЕКЕБАЙ,

меншікті тілші,

Батыс Қазақстан облысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close