Сұқбат

Кеңшілік ТЫШХАН, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым: «Псевдодіншілдердің топтасуынан қауіп көп»

– Кеңшілік Тышханұлы, еліміздегі діни ахуалды қалай бағалайсыз?

 – Қазіргі таңда елдегі діни ахуал тұрақты әрі қалыпты. Қалыпты дейтініміз, діни мәселелерді реттеуде тиісті деңгейде жұмыстар атқарылуда. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, мүфтият, өзге де көптеген орталық, ғылыми институттар бар. Негізінде, діннің өзінде ахуалды күрделендіретін элемент жоқ. Діндарлық деңгей көтерілуі мүмкін, бірақ мемлекетте діннен проблема болуы мүмкін емес. Демек, қай заманда да діни ахуалды күрделендіретін адами фактор.

Жоғарыда «елдегі діни ахуал тұрақты» деп айттық. Бірақ бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Себебі экстремистік, лаңкестік сипаттағы түрлі радикалдық актілерді ешкім болжай алмайды. Радикализм күтпеген жағдайда болады. Болашақта халық арасында діни сауаттылық деңгейі саналы түрде көтерілген жағдайда діни ахуал мәселе тудырмайды деп сенемін.

 

– Жат ағымдармен күрестің жаңаша формасын іске қосатын уақыт келмеді ме? Бұлай дейтініміз, қазір псевдодіншілдер мешіттерге бара бермейді. Олар оңашаланып, үй-үйде дастархан басында насихат жүргізу арқылы өз идеологияларын кеңінен тарату формасын жақсы меңгеріп алды. 

 

– Мұндай жамағаттардың арасына кіріп, жұмыс жүргізу қиынның қиыны. Себебі олар бөлінуге, оңашалануға қашанда талпыныс жасап отырады. Осылай оқшауланып отыру өз идеологияларын таратуда оларға еркіндік береді. Мемлекет олармен байланыс орнатуға кей жағдайларды туғызса, артық болмайды. Мәселен, қазір мектептегі орамал мәселесі біраз басылды дегенімізбен, сабаққа мүлде келмей қойған оқушылар бар. Оқушының мектептен түбегейлі безуі – мәселеніңшешімі емес. Егер осындай жамағаттың балаларына арнайы діни мектеп ашсақ, оларға діни біліктілігі, таным-түсінігі жоғары ғалымдар ілім береді. Біз оларды бауырымызға тарту арқылы нақты нәтижелерге жете аламыз. Өйткені псевдодіннің соңында жүрген жамағаттың өзара топтасуының салдары болашақта мәселе болуы мүмкін.

Мұның сыртында үгіт-насихат, ағарту, құқықтық бағыттағы жұмыстар жүре береді. Ал ең қатаң принциптер ақырғы жағдайда ғана қолданылуы керек. Қазіргі жағдайда олармен ортақ тіл табысатын мамандарды дайындау, былайша айтқанда, бауырға тарту бағытындағы жұмыстар маңызды болып тұр. Егер біз «сен адасқансың» деп итере берсек, олар қазіргіден бетер изоляцияға түседі.

 

«Отты нүктелерде» қанша баламыздың жетім қалғаны белгісіз

 

– Сирия лаңына тікелей жауапты «ДАИШ талқандалды» деп АҚШ бірнеше мәрте мәлімдеме жасағанымен, кей әлемдік ақпарат агенттіктері аталған лаңкестік ұйым жақтастарының, яғни содырлардың Ирак, Ауғанстан, Пәкістан территориясына қарай ойысып жатқанын хабарлауда. Былайша айтқанда, олар жаңа ұяшықтарға бекініп жатыр. Қазіргі аралықта біздің мемлекетіміз қандай қауіпсіздік шараларын қолға алуы керек? Себебі Сирия соғысын қолдайтын әсіре діншілдер өз арамызда да бар.

 

– Кезінде әлемге қауіп төндірген Әл-Каида деп жар салсақ, уақыт өте келе ол ұйымды ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйымдар) алмастырды. Олардың атауы өзгеріп, осы сипаттағы террористік ұйымдар басқа да мемлекеттерде пайда болуы мүмкін. Қалай десек те, радикализм қаупі жақын болашақта тоқтай қоймайды. Өйткені дүниежүзінде трансұлттық, трансшекаралық деңгейге көтерілген қылмыстық ұйымдар өте көп. Және ол ұйымдар қару-жарақ, есірткі тасымалы есебінен қаржыланып отыр. Сол себепті олар өз бизнестерін жүргізу үшін кез келген мемлекеттің әлсіз тұсын пайдаланады.

Демек, бізге шекара қауіпсіздігін күшейту керек. Біздің елімізде миграциялық тіркеу мәселесі өте әлсіз жүргізіледі. Мейлі ол мигрант, гастарбайтер болсын, жалпы, шет елден келген адамдардың, этникалық ұлт өкілдерінің ортақ базасы жасалмайды. Қазақстанда шет елдің қанша адамы жүр, олардың елге келудегі мақсаты, айналысып жатқан ісі, тұрғылықты жері деген нәрселер жіті қадағалауда болуы тиіс. Және осындай принципті жұмыстарды тез арада қолға алуымыз қажет.

«Интерпол» іздеу салған қылмыскерлердің ішінде Қазақстанға келіп бой тасалағандығы туралы фактілер бар. Мысалға, бір адам өз еліндегі қауіпсіздік органдарынан қашып шығып, Қырғызстанға барады да, сол мемлекеттің азаматтығын алып алады. Қырғызстанның паспортымен Қазақстанға келеді. Әлбетте, ол паспортта ешқандай криминал болмайды. Радикалдар осындай әдістерді жақсы пайдаланып отыр. Қазір оларда үлкен технология, менеджмент, әлеует бар. Сондықтан мемлекеттің қауіпсіздік технологиясы олардан да жоғары деңгейде болуы керек.

 

– Сирия соғысына қатысу үшін бірқатар Қазақстан азаматтарының отбасымен, бала-шағасымен бірге шекара асып кеткені жасырын факт емес. Қақтығыс аймақтарындағы қазақстандық балалардың арасында жетім қалып жатқандары да болуы мүмкін. Осындай «отты нүктелерге» әкетілген балаларымызды елге қайтару мүмкіндіктерін қарастыруға бола ма?

 

– Бұл айтып отырғаныңыз – қолданыстабар тәжірибе әрі өте күрделі мәселе. Жақында бірқатар Қазақстан азаматшалары балаларымен бірге Ресей арқылы елге әкелінді. Мұндай мүмкіндік азаматтар сол жердегі Үкімет қарамағындағы территорияларға түскен жағдайда туады. Өйткені біздің ресми мемлекет террористік ұйымдармен емес, мемлекетпен ғана келіссөздер жүргізеді. Егер балалар лаңкестердің лагерінде немесе олар иемденген территорияларда қалған болса, нысанадағы аумақ алынбайынша, сол жердегі содырлардың көзі жойылмайынша, қайтару операцияларын жүргізу мүмкін емес.

Қазіргі таңда мұндай «отты нүктелерде» қанша бала жетім қалып жатыр, оларға кім иелік етеді, бұл жағы беймәлім. Ал осындай қақтығыс аймақтарынан әкелінген азаматтарды оңалту, қоғамға қайта бейімдеу бағытында жүйелі жұмыстар бар.

 

– Сұхбатымызды түйіндесек…

 

– Кей уағызшылар исламды о дүниенің дініне айналдырып жіберді. «О дүниеге барғанда ғылыми диплом керек емес» деген бағыттағы уағыздар ислам жүктеген міндеттерден алшақтатып жібереді. Мұсылмандар дінді меңгерумен бірге, әлемге танылған ғалым болуы да керек. Мұның үлгісін біз орта ғасырлар арқылы көре аламыз. Орта ғасырларда мұсылман әлемінде астрономия, математика, физика ғылымдары керемет дамыды. Оны дамытқан ғалымдарымыз да мұсылман болды ғой. XV-XVI ғасырдағы мұсылмандар мен ХХІ ғасырдағы мұсылмандардың арасында қандай айырмашылық бар? Дінде айырмашылық жоқ. Бірақ мұсылмандардың діни түсінігінде үлкен фундаментальды айырмашылық бар.

-Әңгімеңізге рақмет!

 

СұхбаттасқанБаян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші

 

Вырезка!

 

Асылында, дінде ұлттық бояу деген нәрсе бар. Егер исламды қазақ халқының дәстүрлі діни көзқарасын назарға алмай оқытатын болсақ, мұның соңы үлкен радикализмге алып барады. Яғни салт-дәстүр, мәдениет, руханият сынды ұлттық құндылықтарымызды мансұқтау бізді ұшпаққа шығармайды. Сол үшін де діни білім деген кезде ата-бабаларымызбен арадағы рухани сабақтастықты сақтау маңызды.

 

Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп қалай зерттеледі? Оны кім оқытады? Осы мәселеде мүфтият ойлануы керек. Қазір арамызда діни білімі жоғары болмаса да, рухани ағартушылық деңгейі биік дәрежедегі азаматтар бар. Сол кісілерді пайдаланып, діни медресе, колледж, «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетіне арнайы сабақтар енгізу де артық етпейді.

 

Имам уағыз айтқан кезде Құран аяттары, хадистерден ғана дәлел келтірумен шектелмей, қазақ ағартушылары, зиялылар, қазақ даласынан өткен діни лидерлердің қанатты сөздеріне сілтеме беріп отырса, мұның өзі тарихи қалыптасқан мұсылмандық мектебімізді дәріптеу болар еді. Кеңес Үкіметі кезеңіне дейін қазақ халқында діни потенциал өте жоғары болған. Бұл сөзімізге Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім, Науан хазірет сынды тұлғаларымыздан қалған мұра дәлел бола алады. Сол үзілген дәстүр жібін жалғай алсақ, ол бізге және ұрпаққа үлкен бағдар болар еді.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close