Әдеби әлем

Сәуле қайда барып сіңді?

Аллаһ Тағала  мейірімді жүзге бөліп, бір бөлігін нұрға айналдырады. Нұр Сәуле-Құс кейпінде көкті шарлап, барша адамзат пен табиғат бағын, әлемді аралау үшін қалықтай ұшады. Тұрақтайтын мекен іздейді. Алдымен, асқар шыңға сүйсініп, таудың басына қонады. Бірақ тәкаппар тау қабыл қылмапты, Сәуле-құс жыраққа ұшып кеткенде міз бақпай, суық күйінде қалыпты. Нұрды қабыл қылмағаны үшін шыңның ұшар басын қар басып қалыпты. Бірақ мейірімділік ұшқыны бірінші соған барған соң, кеудесін жарып, сарқырама ағатын болыпты, бауырын басып түрлі өсімдік, ағаш өсетін болыпты. Қойнауы қазынаға толыпты.

Сәуле-Құс қыранша зеңгір көкке қалықтап, бұлтқа  қонақтапты. Ақшулан жібек бұлт  рай таныта қоймапты, онан да ұша жөнеліпті, содан бері бұлт сұрланып, қабағын түйіп, жасын ойнайды екен, қайтып келуін аңсап, ынтығып жылайды екен. Жаңбыр сағыныш көз жасы екен.

Желге сәлем беріпті. Ол да құшақ жая қоймапты. Сырт берген соң, қатасын түсінген жел долданып, бұрқасынға айналатын болыпты, мазасыз ысқыратын бопты.

Әлем жаратылғанда жұлдыздар баданадай боп, төніп тұрады екен. Сәуле-Құс жиегіне қонғанда абайсызда үркітіп алыпты. Содан кейін жұлдыздар алысқа жылыстап, күмбездей боп көмкеріліп, жай ғана жымың қағады екен. Толықсыған Ай-Ару содан мұңайып, жартыкеш қалыпқа түсіпті.

Сәуле-Құсты аз уақыт теңіз толқыны тербетіпті. Бірақ нұр тұрақтай алмапты. Құсты аялағаны үшін, су тіршілік көзіне айналыпты. Алайда арасында тартылып, жерді шөл қылады екен, мұз боп сіресіп қатып қалады екен.

Сәуле-Құс дамылсыз ұшып, гүл ұстап мұңайып тұрған Хауа ананы көреді. Нұр оның жүзіндегі мұң, кірпігіндегі сағынышты көріп, қатты аяпты. Адасып қап, Адам-Атаны сағынып тұр екен. Сәуле Хауаны қапсыра құшақтап, жүрегіне  қоныпты. Хауа ананы содан кейін Адам-Ата лезде тауып, бақытты болған көрінеді. Ал нұр әлемде ештеңе тең келмес Аналық Мейірімге айналған екен. Кейін сәбидің шат жүзіне, мөлтілдеген жанарына ұялаған екен. Кезінде Хауа ана қолында болған гүл жұпарға айналып, иісі жөргекке сіңіпті. Хауа ананың тамған көз жасы аяқ тұсындағы боз жусанға тиген екен. Жусан содан ашқылтым болғанымен, иісі жан тебірентер жұмбақ жұпарға айналыпты. Әсіресе, жусан иісін даладан қазақ халқы танып білген, рәмізіне айналдырған. Сәуле-Құстың демімен жылылығы  мыңға еселенген Ана Жүрегінің ырғағымен бар әлем тербеліп, шаттық кешіп тұрса керек. Содан бозторғай, бұлбұлдар тамылжытып ән салса керек. Ана Жүрегіне қаяу салмайықшы!

Нұртай Текебаев,

Орал қаласы

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close