Тарих

ЖАТ ЖҰРТТА ЖЕРЛЕНГЕН ЖАМПОЗДАР

Қазақтың отжүректі ақыны Әбдіраштың Жарасқаны бір жырының түйінін: «Құлпытас қояр-қоймас басымызға, Ол жағын Уақыттың өзі білер!..» деп бір қайыратыны бар. Осы арқылы ақын өзінің ғана емес, бұрынғы бабалардың аманатын да жеткізіп тұрғандай. Задында халық атынан да құлпытас өзі айрықша құрметтеген, елге еңбегі сіңген тұлғасына қояды емес пе. Жарасқан ақын айтқан «уақыттың» астарында ұрпақ парызы қоса өріліп жатыр. Өйткені, уақыт өткен сайын нағыз тұлғалардың ел алдындағы мәртебесі де биіктей түспекші. Сол арқылы игі жақсылардың еңбегі ұрпақ санасында қайта жаңғырады, уақыт өлшемі осылайша «кімнің кім екендігін» таразылап береді. Өткеніне құрметпен қарайтын ұрпақ қана өмірден өткен игі жақсылары мен жайсаңдарына лайықты қошемет көрсете алады. Әрине, ол үшін әуелі тектілерімізді түгендеп алу, олардың елге сіңірген еңбегін саралау мәселесі алдан шығатыны белгілі.

…Есте жоқ ескі заманда бабалары­мыздың бірі білім іздеп, ілім қуып Шам шаһарына жол тартса, енді бірі тағдырдың тауқыметімен құлдыққа сатылып, Мысыр елінен бір-ақ шыққан. Олардың туған жерден, өздері өмір бойы аңсап өткен жусанды даласынан жырақта мәңгілік қоныс тебуіне осындай жағдайлар себеп болған. Не десек те, ғұлама ғалым, «Шы­ғыс­тың Аристотелі» атанған әл-Фара­би мен атақты қолбасшы, Мысырға билік жүргізген сұлтан Бейбарыстың қазіргі Қазақ елі деп аталатын іргелі жұрт­­тың перзенті екені – тарихта түбе­гейлі таңбаланған ақиқат. Басқа жұрт олардың ұлан-ғайыр ұлы даланың ұланы екендігінен, сол даланы қазақ деген халық мекендейтінінен бейхабар болып жатса, ол – бүгінгілердің кемшілігі. Қазіргі кезде әлемде «тоғызыншы территория» саналатын Қазақ даласынан әл-Фараби, сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды даналар шыққандығын ғаламға таныта алмай жатсақ, ол да әлі орны толмай жатқан осал тұсымыз.

Жат жұртта жерленген аталарымыздың тағы бірі эмиграцияда жүріп дүниеден өтті. Туған халқының, қазақ елінің ғана емес, исі түркі жұртының азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысы­мына шыдамай, эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Алаш арысы Мұстафа Шоқай сыртта жүріп те елінің тәуелсіздігі үшін күресін жалғастыра берді.

Бүгінде жат жұрт саналатын елдерде жерленгендердің келесі бір тобы – ата­мекенінің топырағы бұйырғандар. Ташкентті билеген Төле би, Самарқанға билік айтқан Жалаңтөс баһадүр осының айғағы. Арда қазақ кең жүріп, ен жайлаған Нұратада (Өзбекстанның Науаи облысы) Әйтеке бидің жерленуі де осыны дәлел­дейді. Құрманғазының сүйегі де ата-бабалары ат ойнатқан Ресейдің Астрахань облысының аумағында жатыр. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын Ресей патшасы ІІ Павелдің жарлығымен заңдастырып берген Бөкей хан да аталған облыстың шеңберінде мәңгілікке дамылдаған. Заманалар дауылынан, төңкерістер топа­лаңынан бағзы бабаларымыз кең жайлаған қонысымыздың өрісі тарыл­ды. Ұстағанның қолында, тістеген­нің аузында кетті демесек те, сұрқай саясат­тың кесірінен басқаның қанжы­ғасы­на бөктерілгені ашық мәселе. Ресей, Қытай, Өзбекстан аумағында жатқан бабалардың сүйегі осыған куә. Әрине, аумақтық талап қойғалы отырған біз жоқ. Мүмкіндігі болса, сүйегі жат жұртта қалған ұлыларымыздың басына ескерткіш-белгі орнатып, жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды ұлықтау – басты парызымыз. Ең болмаса, олардың қай жерде жерленгенінен хабардар болу, соны келер ұрпаққа аманаттау да тарихи танымның бастауы болмақшы. Біз көтеріп отырған мәселенің маңызы да осыған саяды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді бабаларымыз осыған қатысты айтқан шығар-ау.

Тәуелсіздік тұсында арғы-бергі тари­хымызға жаңаша көзқарастың қалыптасуы кесек тұлғалардың трагедиялы һәм тағы­лымды тағдырын таразылап, еңбектерін саралауға мүмкіндік берді. Әл-Фараби, Бейбарыс сұлтан, Төле бидің кесенесі қалпына келтіріліп, Құрманғазының, Әйтеке бидің, Бөкей ханның кесенелері бой көтерді. Біз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атажұрттан жырақта жерленген тұлғаларды еске алғанды жөн көрген едік.

СИРИЯ

Əбу Насыр əл-Фараби – Отырарда туып, əлемге даңқы жайылған шығыстың ұлы ойшылы. Философ, математик, астроном, физик, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Əл-Фараби бабамыз 970 жылы Шам шаһарында, қазіргі Сирияның Дамаск қаласындағы Баб əс- Сағир зиратына жерленген. Кесенесі 2010 жылы Қазақстан Үкіметінің ат салысуымен қайта қалпына келтірілді.

 ЕГИПЕТ

Бейбарыс сұлтан – 1223-1277 жылдары Мысырда билік құрған. Қыпшақ даласында туған даңқты əмірші Каирде жерленген. 2010 жылы қайта қалпына келтірілген 6 тарихи нысанның тізімінде Бейбарыс бабамыздың да кесенесі бар.

Қайтпай (Толық ныспысы – əл- Əшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай) 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілген. Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мəмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468-1496) болған. Ол Мекке, Мəдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дамашық (Дамаск), Халеб (Алеппо), Александрия секілді шаһарлардың құрылы-сында өз қолтаңбасын қалдырды. Сұлтан 1496 жылы дүниеден өтті. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешеніне жерленген.

Қауам ад-дин əл-Итқани (Иқани) əл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) Түркістан қаласының шығысында 20, Отырардан солтүстікке қарай 40-50 шақырымдай жердегі, орта ғасырларда Итқан (Атқан), қазіргі уақытта Иқан деп аталатын кентте дүниеге келген. Ол отыздан асқан шағына дейін Отырарда имам болған. Сонан соң білім іздеп əуелі Самарқан мен Бұхараға, кейін Дамаскіге сапар шеккен. Бағдадта 25 жыл қазилық еткен əл-Итқани сонда үйленіп, бала- шағалы болған. Өмірінің соңында Каирге қоныс аударып, сонда бақилыққа аттанған.

ҮНДІСТАН

Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) – əйгілі тарихшы, əдебиетші, Моғолстанмен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы. Үндістанның Кашмир штатындағы «Мазари-и Салатин» қорымында жерленген.

ТҮРКИЯ

Хасен Оралтай (1933-2010) – шетелдегі қазақтардың азаттық үшін күрес символына айналған тұлға. Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін 40 жылға жуық басқарған, азаттық идеясын жер жүзіндегі қазақ баласына ұзақ жылдар бойы насихаттаған. Бейіті – Түркияның Салихлы қаласындағы мұсылман зиратында.

Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) – таэк- вондо спортынан əлемнің алты дүркін чемпионы, 6-шы дан иегері. Мұсылман əлеміндегі осындай биіктікті бағындырған жалғыз адам. Атамекеніне оралған арда азамат 1995 жылы Алматыда белгісіз жағдайда көз жұмды. Сүйегі Ыстамбұлдағы зиратта.

 ГЕРМАНИЯ

Мұстафа Шоқай (1890-1941) – көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, түркі дүниесінің даңқты күрескері. Қызыл империяның қысымынан елден безіп, алдымен Грузия, сонан соң Түркия арқылы Германияға, одан Францияға барып орнығады. Алаш жұртының қайсар перзенті 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлиндегі «Түрік шаһитлігі мешіті» аумағындағы шағын зиратқа жерленген.

Мəжит Айтбаев (1914, Қызылорда облысы – 1945, Дрезден) – ақын, публицист. Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, немістердің тұтқынында болған. Топырақ Дрезден қаласынан бұйырды.

Махмет Құлмағамбетов (1930-2008) – Орта Азиядан шыққан тұңғыш диссидент. Саяси көзқарасы үшін жазықсыз бас бостандығынан айырылып, жеті жыл түрменің дəмін татқан. Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін, Жоғарғы соттың үкімімен ақталды. Мюнхенде көз жұмды.

ҚЫТАЙ

Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) – Қытай, Моңғолия қазақтары арасынан шыққан көрнекті ақын, ағартушы, қоғам қайраткері. Құрандытұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, кітаптары өртеліп, түрмеде азапталып өлтірілген.

Зұқа Сəбитұлы (1867-1928) – қоғам қайраткері, батыр. Жергілікті қазақтарды қытай ұлықтарының қыспағынан қорғауға күш салған. 1928 жылы Қытай əскерлерінің қолынан Зұқа батыр мен оның серіктері қапыда қаза табады. «Өкіметке қарсы шыққандардың көретіні осы» деп жергілікті қазақтарды үрейлендіру мақсатымен Сарсүмбе қаласындағы көпірге Зұқа батырдың басын іліп қояды. Ерлігін құрметтейтін халық кейін оны Белқұдыққа жерлеп, басына үлкен қорған тұрғызған.

Оспан батыр (1899-1951) – Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған əйгілі батыр. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық оны ақ киізге отырғызып хан көтерген. Батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсірген. 1951 жылы 28 сəуірде Үрімжіде атылған.

Əсет Найманбайұлы (1867-1923) – əйгілі ақын, əнші, сазгер. «Əсеттің Кемпір баймен қоштасуы», «Мақпал», «Қара көз», «Майда қоңыр», «Қоңыр қаз», «Қысымет», «Ардақ» секілді əндері халық арасына кеңінен танымал. Аңдаусызда алмаспен уланған дарын иесі қапыда көз жұмды. Қабірі ҚХР, Құлжа уəлаятының Көкқамыр жайлауында.

Жүсіпбек Шайхысламұлы (1854- 1936) – қиссашы, қазақтың ауыз əдебиеті үлгілерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы. Араб, парсы тілдерін жетік білген. 1936 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле ауданының тау баурайында қайтыс болған.

Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) – ақын. 1940 жылдан бастап Қытай үкіметі қазақтың бетке ұстар тұлғаларын аяусыз басып-жаншыған тұста түрмеге қамалып, жан төзгісіз азапқа ұшырайды. 1947 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Зираты ҚХР- дың Іле аймағының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауында.
Дəлелхан Сүгірбайұлы (1906-1949) – саяси қайраткер. Қытайдағы Алтай аймағының уəлиі (губернатор), Алтай атты əскерлер полкының командирі. 1949 жылы Бейжіңге мемлекеттік дəрежедегі арнайы жиынға ұшып бара жатып, ұшақ құлап, қаза тапты.

Жақыпберді Солтанбекұлы (1884, Алматы облысы, Райымбек ауданы – 1932, ҚХР, Жанбұлақ қорымы) – батыр, мерген. Кеңес жəне Қытай өкіметі тарапынан қуғынға ұшыраған тарихи тұлға. 1916 жылы Қарқара көтерілісінде тұтқынға алынған ел ағаларын босатып алу үшін атқа қонған халық жасағына басшылық жасаған. 1933 жылы Күре қамалында Қытай əскері қасында 24 адамы бар Жақыпберді мергенді оққа байлайды. Сүйегі Шыңжаңдағы Жанбұлақ қорымына жерленген.

Мергенбай Жаманкөзұлы (1882, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылы – 1931, ҚХР, Құрманжан көпірі) – батыр, мерген. Алғашқыда Қызыл əскер қатарында қызмет етіп, Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Бірақ кейінгі асыра сілтеушілік саясат Мергенбайдың көзқарасын өзгертуге себепші болады. 1931 жылы көш бастап Қытай жеріне өткенде қалмақтармен шайқаста қаза табады. Батырдың денесі Текес өзені бойындағы, Құрманжан көпірінің оңтүстік-шығысындағы төбешікке жерленген.

Қажығұмар Шабданұлы (1925-2011) – жазушы. Саяси жаламен өмірінің қырық жылға жуығын жазалау лагерінде, түрмеде өткізген. «Қылмыс» трилогиясының авторы. 2011 жылдың ақпан айында өмірден озған қаламгердің сүйегі ҚХР-дың Шəуешек қаласындағы мұсылман қорымында жатыр.

Мүтəліп Əміреұлы (1928-1988) – əйгілі театр жəне кино актері. «Тянь- Шань қызыл гүлі», «Қыз бейіті», «Жетім қыздың махаббаты» сынды атақты кино-фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.

ТИБЕТ

Бөке батыр Жырғалаңұлы (1846- 1904) – ұлт қайраткері. Халқының қамын ойлаған ер, артына жұртын ертіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса қаласына шақырады. Осы сапардан еліне оралған тұста Бөке ауырып, қайтыс болды. Сүйегі Тибет автономиялы районы Алтынтоқ ауданына жерленген.

РЕСЕЙ

Доспамбет жырау (1490 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Ростов облысында дүниеге келіп, 1523 жылы Астрахань маңындағы Азау қаласында дүниеден өткен) – жырау, қолбасшы. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрген. Дешті Қыпшақты көп аралаған. Бақшасарайда, Ыстамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген əскери жорықтарға қатысқан. Тайпааралық ұрыстардың бірінде қаза тапты.

Қадырғали Жалайри (1530-1605) – атақты ғалым, шежіреші. Тəуекел ханның сарайында қызмет етіп, ақылшы міндетін атқарған. Оразмұхаммед сұлтанмен бірге Ресей патшасы Борис Годуновтың қол ас- тында аманатта болған. 1602 жылы жарық көрген «Жылнамаларжинағының» авторы. Ресейдің Рязань облысы, Касымов қаласындағы мұсылман қорымына жерленген.

Бөкей хан Нұралыұлы (туған жылы белгісіз – 1815) – Бөкей ордасының ханы. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын 1580 жылдан Ресей патшалығы иеленіп келген еді. Бөкей хан Ресей патшасы ІІ Павелден қазақтардың осы жерге қоныстануына рұқсат алып, Бөкей ордасының іргесі қаланып, еліміздің батысындағы Ресеймен арадағы шекара шегенделді. Бөкей хан 1815 жылдың 21 мамырында көз жұмды. Зираты қазіргі Ресейдің Астрахань облысы, Красный Яр ауданы, «Малый арал» ауылына жақын жерде.

Арынғазы хан Əбілғазизұлы (1758- 1833) – көрнекті мемлекет қайраткері, дəулескер күйші. Халқына жағымды болғаны үшін ел аузында «Тыным хан» атанған. 1823 жылы патшалық Ресей үкіметі оны қапыда алдап қолға түсіріп, Калугаға жер аударды. Арынғазы хан айдауда жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған.

Құрманғазы Сағырбайұлы (1823- 1896) – қазақтың ұлы күйшісі. «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Балбырауын», «Қуаныш», «Көбік шашқан», «Кішкентай» сынды көптеген күйдің авторы. Күйшінің сүйегі Астрахань облысының Володар ауданына қарасты «Құрманғазы төбе» деп аталатын жерде жатыр.

Сəлімгерей Жантөрин (1864-1926) – ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, меценат. Атақты «Ғалия» медресесін салуға қаржылай ықпал еткен, «Əл-Ғалами əл-Ислами» (мұсылман əлемі) діни-саяси газетінің құрылтайшысы һəм идеялық бағыттаушысы болған. «Алаш» партиясының көсемдерімен араласып, оларға қолдау көрсеткен. 1926 жылы жұмбақ жағдайда өмірден озған Сəлімгерей Жантөрин Уфада жерленді.

Əлихан Бөкейхан (1876-1937) – ұлт тарихында өшпес із қалдырған Алашорда көсемі, қазақ жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі бар байлығы қазаққа қызмет етуін армандап өткен аса көрнекті тұлға. 1937 жылдың тамызында нақақ жаланың құрбаны болып Мəскеуде ату жазасына кесілді.

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақ халқының азаттығы үшін күрескен ұлт қайраткері, классик жазушы, ағартушы ғалым. 1929 жылы «ұлтшыл ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, 1931 жылы ату жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарылды. Мəскеуде жерленген.

Нығмет Нұрмақов (1895-1937) – көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, қаламгер публицист. Алаш арысы Əлихан Бөкейхановпен бір күнде, бір статьямен Мəскеуде атылған.

Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) – мемлекет жəне қоғам қайраткері, ғалым, публицист. Астананы Орынбордан Қызылордаға көшіруде, бұрмаланып келген «киргиз» деген атты «қазақ» деп түзетуде ерен қайрат көрсеткен.

Нəзір Төреқұлов (1892-1937) – мемлекет жəне қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кəсіби дипломат. КСРО- ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дəреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – мемлекет жəне қоғам қайраткері. Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары дəрежесіне дейін көтерілді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген жерінде «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды, Мəскеуде атылды.

Ахмет Бірімжанов (1871-1927) – Алаш жұртының азаттығы үшін күрескен тұлға. Ресейдің І жəне ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сүйегі Ленинградтағы «Волков» зиратында.

Қамбар Медетов (1901-1938) – атақты күйші, өнер қайраткері. Күйшілік талантымен Сталинді таңғалдырған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, Солтүстік Қиыр Шығыста қайтыс болды.

Ғани Мұратбаев (1902-1925) – Орталық Азиямен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мəскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді.

Елизавета Əлиханқызы Сəдуақасова (1903-1971) – «Алаш» қозғалысының көсемі Əлихан Бөкейхановтың қызы, ұлт қайраткері Смағұл Сəдуақасовтың жары. Дəрігер-терапевт, медицина ғылымының докторы. Екінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанған. Мəскеу қаласында қайтыс болған.

Қайырболат Майданов (1956-2000) – Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған жалғыз қазақ. Ауған жерінде барлығы 1250 тапсырма орындап, 1100 сағат уақытын əуеде өткізген. 2000 жылы Чешенстандағы соғыста ерлікпен қаза тапқаннан кейін Ресей Федерациясының Батыры атағы берілді. Қазақтың қыран қанатты қаһарман ұлы Санкт-Петербургте жер қойнына тапсырылған.

Ерік Құрманғалиев (1959-2007) – əйгілі опера əншісі, актер. 1992 жылы «Мадам Баттерфляй» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресейде «Жылдың үздік актері» атанған. Аса сирек кездесетін дауыс иесі 2007 жылы көз жұмып, Мəскеудегі «Ваганьков» зиратына жерленді.

ИРАН

Жарылғап Қырықмылтық (1908- 1990) – Иран қазақтарынан шыққан əйгілі ақын. Туған елге деген жүрекжарды сезімнен туған жырлары отандық мерзімді басылымдарда жиі жарияланған. Гүмбез-Қауыс қаласының іргесіндегі қазақ ауылында өмірден озды.

МОҢҒОЛИЯ

Күлтегін (684-731) – Түркі жұртының даңқты қолбасшысы. Ежелгі тарихи- поэзиялық жазба деректер бойынша, 7 жасында жетім қалған, 16 жасында бес қаруын асынып ел қорғаған. Ағасы Тоныкөк дананы таққа отырғызып, өзі өмірінің соңына дейін ат арқасында ғұмыр кешкен. 47 жасында соғыста қаза болған.

Хамза Ерзінұлы Зайсанов (1912-1966) – шетелдердегі қазақтар арасынан шықан алғашқы қазақ генералдарының бірі, аты аңызға айналған əскери ұшқыш. 1939 жылы Жапониямен Халхин-Голда болған ұрыста теңдессіз ерлік көрсеткен. 1942 жылы Моңғолия Үкіметінің қаулысымен Əуе қарулы күштерінің Бас қолбасшысы болып тағайындалады. 1944 жылы Ұлы Құрылтай басшысының Жарлығымен оған авиация генерал-майор шені беріледі. 1966 жылы қайтыс болған даңқты батыр Ұлан-Батордағы «Алтын бесік» зиратына жерленген.

ӨЗБЕКСТАН

Ер Қосай (1507-1594) – Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ер Қосай түрікменнің ЕрСарыкөсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Ер Қосаймен Оғылмеңлі ана Нүкіс қаласының Бестөбе жерінде мəңгілікке дамыл тапқан.

Тəуекел хан – 1583-1598 жылдары билік құрған қазақ ханы. Бұхар хандығымен күресте Мəскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы елші аттандырған. Бұхара қаласын алу үшін болған ұрыста ауыр жараланып, Ташкентке келіп қайтыс болды. Самарқан қаласында жерленген.

Шығай хан – 1580-1582 жылдары билік жүргізген қазақ ханы. Шайбани мұрагерлерінің арасындағы тақ тартысын қазақ мемлекеттілігін нығайтуға сəтті пайдаланған. Самарқан қаласында жерленген.

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – батыр қолбасшы, би. Батырдың денесі Самарқан өңіріндегі Дағбид қыстағында жерленген.

Төле би (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты би. Тəукені хан етіп сайлап, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға ұйытқы болған. Төле би Ташкенттегі Шайқантəуір зиратына жерленген.

Əйтеке би (1644-1700) – қазақ халқының атақты үш биінің бірі. Тəукені хан етіп сайлауға қатысқан. Əйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Науаи облысының Нұрата деген жерінде.

Сырым Датұлы (1723-1802) – қолбасшы батыр, би, шешен. 1783-1797 жылдардағы орыс отаршыларына қарсы ұлт- азаттық көтерілістің жетекшісі. Патша əскерінен бас сауғалаған Сырым Хиуа хандығыныңжеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оны қапыда улап өлтірген. Сүйегі Қарақалпақстанда жерленген.

Базар Оңдасұлы (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жа- ғын жырау ретінде аралайды. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жыраудың өлеңдері 1925 жылы Ташкентте шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың əдебиет нұс қалары» атты кітапқа енді. Базар жыраудың зираты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде.

Шəді Жəңгіров (1855-1933) – ақын. Ол 30-ға жуық дастан жəне көптеген өлеңдер жазған. Көлемді шығармаларынан қазірше табылғаны – 18 дастан. Өзбекстанның Сырдария облысы Қаратөбе елдімекенінде дүние салған.

Серəлі Лапин (1868-1919) Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында туған. Араб, парсы т.б. шығыс тілдерін жетік біліп, «Шаһнама», «Туһрат ал-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын зерттеген, Фирдаусидың «Шаһнамасын» қазақша тəржімалаған. 1919 жылы Самарқан қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болды.

 Сабыр Рахымов (1902-1945) – Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал- майоры, даңқты қолбасшы. 1945 жылдың наурыз айында Кенигсбергте қаза тапты. Кейін сүйегі майдан даласынан əкелініп, Ташкенттегі Кафанов саябағына жерленді.

Орал Таңсықбаев (1904 – 1974) – кескіндемеші, КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі. Өзбек КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973). Ленин жəне басқа 4 орденмен марапатталған. Ташкенттегі «Шағатай» қорымына жерленген.

Əбибулла Садықов (1930-1991) – балуан. 1952 жылы Ашхабадта Орта Азия жəне Қазақстан арасында өткен спартакиадада күрестен абсолютті чемпион болған. Өзбекстанның бірнеше дүркін (1949,1954, 1955) чемпионы. Сүйегі Нөкіс қаласындағы зиратқа қойылған.

Өмірзақ Қожамұратов (1936-1983) – ақын. Бұхара облысы, Тамды ауданында туған. Жазушы», «Жалын» баспаларынан «Жиделі Байсын» (1966), «Таңғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981), «Ой кешу» (1989), «Күн астында – құдірет» (1998), «Суреттегі жұмбақтар» (1998) жыр жинақтары жарық көрген. Өзбекстанның Науаи облысындажерленген.

УКРАИНА

Ғұбайдолла Бөкеев (1840-1909) – əскери қайраткер, Ресей армиясының инфантерия генералы. Орыс-түрік соғысында айрықша қолбасшылық қабілет көрсеткені үшін генерал-майор атағын, «Ерлігі  үшін» алтын қылышын иеленген, І дəрежелі Анна орденімен марапатталған. Отставкаға шыққан соң, 1902 жылы император сыйға тартқан Ялтадағы иелігіне көшіп барып, сүйегі сол қалада жерленген.

ТƏЖІКСТАН

Елеусіз Бұйрин (1874-1933) – ақын, қоғам қайраткері. 1911-13 жылдары «Қазақстан» газетінің редакторы болып, «Қазақстан» сөзін тұңғыш рет ресми тілге енгізді. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталғанда Елеусіз БұйринТəжікстанға қоныс аударады. Сонда Орталық архив басқармасына инспектор болып қызметке орналасады. 1933 жылы 16 сəуірде қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан Душанбеде дүние салады.

ТҮРІКМЕНСТАН

Құныскерей Қожахметов (1895-1964) – қызыл чекистерге қарулы қарсылық көрсеткені үшін қуғындалған, «Банды Құныскерей» атанған халық батыры. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында туған. Кеңес өкіметі тұсында «қандықол қарақшы» деген жала жабылса да, əділдігімен, ерлігімен есімі аңызға айналған. 1933 жылы Түрікменстанға бас сауғалауға мəжбүр болады. Сол жақта Əбілқайыр Жаманов деген атпен өмір сүріп, 1964 жылы өмірден озған

P.S. Жат жұртта жерленген тұлғалардың жоғарыдағы тізіміне қосылатын əлі қаншама арысымыз бар екені сөзсіз. Біз бүгін тарихты зерттеушілерге, ғалымдарға ұсыныс ретіндегі ойымызды ортаға салып отырмыз. Ескерте кететін бір жайт, 1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Ресей, Украина, Белоруссия, Молдавия мен Венгрия, Югославия, Польша, Чехословакияда опат болып, сонда жерленгендер дерегі көп кітаптарда бар болғандықтан мақалаға кіргізілмеді. Тұлғаларымызды толыққанды түгендеу алдағы күннің еншісінде болмақшы.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close