Жаңалықтар

30 діни қызметкер білімін шыңдады

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің тапсырысымен «Жаңа-Ру» жастар коалициясы 21 қараша-8 желтоқсан аралығында Батыс өңіріндегі теологтар мен діни қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсын ұйымдастырды.

Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан жиналған дін мамандары 20 күн бойы еліміздегі танымал профессор-оқытушылардан дәріс алды. Олардың қатарында дінтану саласының білікті мамандары – «Нұр Мүбарак» университетінің профессор-оқытушылары Р.Ілімбаев, А.Сабдин, А.Әкімханов, Н.Стамбакиев сынды ұстаздар болды. Олар өз дәрістерінде дін туралы мемлекеттік заңдар, дін психологиясы мен әлемдегі және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуал, зайырлылық, рухани қауіпсіздік және ішкі тұрақтылық пен теріс діни ағымдармен күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.

Курс еліміз бойынша Астана, Алматы, Атырау қалаларында бастау алып, 21 қарашада әр өңірде салтанатты түрде ашылуы өтті. Жалпы, республика көлемінде 3 қалада өткен курста 190 діни қызметшінің біліктілігін арттыру көзделген. Курстың Астана қаласындағы ашылу салтанатына қатысқан наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Басты мақсат – білімді жетілдіру. Бұл курс, бір жағынан, кәсіби тұрғыда шыңдалу болатын болса, енді бір жағынан өзара тәжірибе алмасу үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен бірге бұл курстан теріс ағыммен жұмыс тәсілдері мен алдын алу жолдарын үйренетін боласыздар. Ел арасында көп жүресіздер, жамағат білмегенін сіздерден сұрайды. Сол үшін еліміздің тарихын да, ислам тарихын да жетік білулеріңіз керек», – деп мамандарға үлкен жауапкершілік жүктеді.

Курсты Атырау өңірінде ұйымдастырудағы мақсат теріс діни ағымдардың идеологиялық ықпалына ұшыраған тұлғаларды дерадикалдандыру, оларды райынан қайтару және алдын алумен айналысатын  мамандарды даярлау болды.

Курсқа қатысушылар алдын ала білім деңгейін анықтайтын және курс сапасын бағалайтын арнайы сынаққа қатысты. Яғни сынақ нәтижесіне сай курсты толық аяқтаған дінтанушылар ғана арнайы сертификаттарға ие болды.

Атырау облысында 30 діни қызметкер курсты сәтті аяқтады. Курс қатысушыларына ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Б.Мансұров, республикамызға танымал білікті теолог, Нұр-Мүбарак университетінде Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, докторант А.Сабдин, Атырау облысы дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев арнайы сертификаттар табыстады.

Елімізде мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытында өтіп жатқан мұндай курстар аз емес. Алайда биылғы жылы курс жұмысын әр өңірде кең көлемде ұйымдастыру арқылы шалғай жерлер мен елді мекендердегі мешіт имамдары да қамтылды. Дін мен дәстүрді, дін мен заңды байланыстырудың қыр-сырларын үйреткен курс жұмысының нәтижелі боларына сенім мол.

Өз тілшіміз

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close