Қонақкәде

Зейнеп АХМЕТОВА: «Имандылық- ішкі рухыңның тазалығы»

Екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптарының авторы, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттаушы Зейнеп Ахметова апамыз жақында Атырау облысына қонақ болып кетті. Біз кездесулер арасында асығыстау апамыздан сұхбат алғанбыз.

 

 -Зейнеп апай, Атырау өңіріне қош келдіңіз! Қазіргі таңда рухани тәрбие қалай берілуі керек, жастарға нені көбірек насихаттау керек деп ойлайсыз?

-Қазақ «Ықтырмаң болмаса желге өкпелеме» дейді. Ол не? Ол біздің халқымызды сақтап қалу үшін бізге ықтырма керек деген сөз. Бүгінгі заманда біз ата-бабамыздан келе жатқан атаның қаны, ананың сүтімен бойымызға сіңген  ана тіліміз мен ұлттық құндылықтарымызбен ғана өзімізді сақтап қала аламыз. Әйтпесе, жоқ болып кетеміз. Мың жерден орысша, ағылшынша сайрасаң да,бәрібір бетің қазақ болып тұрады. Қазақ халқыұят деген ұғыммен тәрбиеленеді, сондықтан қазақта намыс болуы керек.Ал ақыл деген нәрсе олай да, бұлай да кете береді. Мысалы, Гитлер де, Сталин де, Шыңғысхан да ақылды болды. Бірақ олардың ақылы басқа жағына кетті. Ақылдың қасында ұят пен ұждан,намыс болуы керек. Сол қазақтың намысын ту қылып көтергендіктен де бүкіл алаш  атамды «Біздің Бәукең» деді, төбесіне қойды, қадірледі.

-Қазақ қызы шетелге құмар, кесте тігетін қыз жоқ деп жатамыз. Осының себебі неде? Қыздарды ұлттық бағытта тәрбиелеу үшін не істеуіміз керек?

-Бұның барлығы тұрмыстық және экономикалық жағдайға байланысты болып жатыр. Мен ылғи айтып жүремін, бұның бір себебі батыстың «свобода личности» дегенінен шығады. Қит етсе болды «Менде шаруаң қанша, бұл менің өз өмірім» деп жатады. Олай емес, сен осы ұлттың өкілі болғаннан кейін, ұлттың міндеті де сенің мойыныңда тұр. Қыздарымыздың шетелге құмарлығының себебі- ата-ана тарапынан кеткен кемшілік. Біз жастарды ғана кінәлай береміз. Жоқ, тәрбиенің ақсап жатқанына үлкендерді де кінәлауымыз керек. Өйткені солардың тәрбиесінен ағаттық, кемшіліктер кетіп жатыр. Іргетасы мықты қаланған болса, омыртқасын түзулеген болса  қыздарымыз жат елдің қаңсығын таңсық етпес еді. Егер қаракөздеріміз намысты болса, дүкенде еден жуса да арын сатып, жаман қылық жасамас еді. Ата-аналарға айтар едім, өмірге бала әкелдің бе, сен Құдайдың алдында да, халықтың алдында да балаңа дұрыс тәрбие беруге міндеттісің.

-Имандылық деген не? Қыз баланың бойындағы имани қасиет қандай болуы керек?

-Қоғамды шошытып жүрген қара киініп, тұмшаланғандар туралы айтар едім. Қоғамдағы орамалға қатысты мәселелер тек дәстүрдің ғана төңірегінде. Арабтардың жері ыстық болғандықтан әйелдері тұмшаланып жүреді. Оны біздің қоғамда діннің атрибуты ретінде қабылдап жүр. Әйтпесе қазақтың әйелі, қазақтың қызы басына қара орамал салмайды. Күйеуінен айырылған әйел ғана қара орамал салған, оны «қаралы әйел» дейді. Жыл толғаннан кейін ғана қаралығын түсіреді. Орамал – әйел адамның сәні. Біздің қазақтың қыздары үкілі тақия киді, шашақты қасаба, құндыз бөрік сынды неше түрлі әдемі бас киім киді. Және шаштарын қалай күтті десеңші!? Қара шаш, сүмбіл шаш, қолаң шаш, айта берсең көп-ақ. Ал сонда осының барлығын мұсылман боламыз деп жоққа шығарумыз керек пе? Орамал тарт, бірақ неге қоғамнан бөлініп, елдің бәрін шошытып, сөлпеңдеп, елден ерекше боласың? Кішкентай кезімде шешем басыма орамал байлап «Түн деген ауыр, тылсым, жын-шайтан иектеп кетеді» дейтін. Кейін есейе келе, «Орамалсыз ас үйде жүрме, тамағыңа шашың түссе, тамақ арам болады» дейтін. Міне, бұл – тазалық. Аяқ ауыр әйелдерге «Жалаңбас жүрме, іштегі балаға албасты көрінеді» дейтін. Мен ешқашан қайын атамның алдында жалаңбас жүрген емеспін. Ол менің анамның тәрбиесі. Имандылық деген- ішкі рухыңның тазалығы.

-Бүгінде  діни теріс ағым өкілдері  сол арабтың қара жамылғысын мұсылмандықтың белгісі ретінде қабылдап жүр…

-Тұмшаланып «мен мұсылманмын» деп жүргендердің арғы жағындағы тірліктері мұсылманшылыққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Тек қана орамал тұмшалағанмен мұсылман болады дегенге мен сенбеймін. Мен өзімді мұсылманмын деп санаймын, өйткені Аллаға жүрегіммен сенемін. Мұсылманға көркем мінез, әдемі сөйлеу, адамдарға мейірімді болу лайық. Қаба сақал қойып, оранып алып, дөрекі сөйлеп, намазының парызын оқып, сүннетін оқымай жүріп «Мен мұсылманмын» дейді. Ондайлардың талайын көріп жүрміз. ..

Қазақ ешқашан құдайын ұмытқан жоқ. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген ата-бабамыз. Осы бір-ақ ауыз сөз қазақтың болмысын көрсетіп тұр. Мұсылман болу үшін том-том кітап оқудың керегі жоқ. Сосын бізге араб болудың да еш қажеті жоқ. Ішкі жан-дүниең таза болса, ұлтыңның салт- дәстүріне берік болсаң, сенің ұрпағың да солай  тәрбиеленеді.

-Жастарға қандай тілек айтасыз?

-Әсілінде мен жұртқа ақыл айтқанды ұнатпаймын. Тілек айтамын. Оның үстіне қазіргі жастар «максималист», олар ақыл айтқанды жақсы көрмейді. Ең бастысы – ата секілді алты алаштың ардақтысы, исі қазаққа ортақ  болған ұлы адамнан көргенімді, түйгенімді жеткізуге тырысамын. Тыңдаған адам керегін өзі алады. Айтайын дегенім, тасты жарып шынар да, тасқа жабысып қына да шығады. Тасқа жабысып көзге көрінбейтін қына болғаннан көрі, қиын болса да тасты жарып шығып, айналасына арай шашатын шынардай болсын біздің жастарымыз. Әумин!

-Әңгімеңізге рахмет! Аман жүріңіз!

Сұхбаттасқан Нұркен ӘМІРАШЕВ,

Атырау қаласы

 

 

 

 

 

Tags
error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close