Жаңалықтар

Қазақстан – зайырлы мемлекет

Жасұлан Бисембиев, 

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы

Әлеуметтік желілерді парақтап отырсаңыз, зайырлылық ұғымының жиі талқыға түсетінін байқауға болады. Әсіресе, діни ортада «зайырлы мемлекет» ұғымына байланысты түрлі түсінік тарап жатқаны алаңдатады.

Қазақстан – зайырлы, біртұтас мемлекет. Бұл туралы еліміздің Конституциясында да жазылған. Бірақ, әсіресе, дін атын жамылған деструктивті ағымдар дінсіздік ретінде көрсетуге тырысып жатқан зайырлылық дегеніміз не? Әскер қатарына барудан бас тарту, мемлекеттік рәміздерді, заңдарды мойындамау сынды тенденцияның шығу себебі неде? Жалпы, зайырлы мемлекет деген ұғымды қалай түсініп жүрміз? Саралап көрелік.

Асылында, зайырлылық сол мемлекетте өмір сүретін барлық ұлттар мен ұлыстардың құқығы тең деген мағынаны білдіреді. Екіншіден, зайырлы мемлекеттің құқықтық заңдары болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, дүниежүзінде бір ғана Ватиканнан басқа теократиялық мемлекет жоқ екен. Басқа мемлекеттердің барлығы зайырлылық принципті ұстанады. Неге? Өйткені, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеу, салық салу, әлеуметтік төлемдер, айлық жалақы, тіпті медициналық қызмет көрсету болсын, мұның барлығы зайырлылық нормамен реттеледі. Бірақ, бұл зайырлы мемлекет дінсіз дегенді білдірмейді.

Конституциямызда Қазақстанның зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет екендігі жазылды. Біздің мемлекет үшін басты құндылық – адам және оның бостандығы мен өмірі. Бұл принцип қай дінде де бар. Егер, псевдодіншілдер айтып жүргендей, біз атеист мемлекет болсақ, дінге және діннің қоғамда кеңінен қанат жаюына осыншама мүмкіндік берілмеген болар еді.

Қазір біздің елімізде 3690-нан астам тіркелген діни ұйымдар бар. Мұсылман мешіттерінің өзі 3000-ға жуықтап қалды. Биыл бір ғана Атырау қаласында Сұлтан Бейбарыс мешіті пайдалануға берілді. Мешіттер жанынан сауат ашу курстарының үзіліссіз жұмыс істеуіне жағдай жасалуда. Жақында ғана облыс орталығындағы «Дина» базарынан деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін «Шапағат» орталығының филиалы ашылды. Елімізде тұңғыш рет дін мамандарын дайындайтын ғылыми орталық ашылды. Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетіне мемлекет тарапынан көптеген гранттар бөлінуде. «Уақып» қоры ашылды. Нәтижесінде имамдарға, жалпы, дін саласы мамандарына әлеуметтік жағынан көмек көрсетілуде. Дінсіз мемлекет мұндай мүмкіндіктерді жасамаған болар еді.

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашан да зайырлылық ұстанымын біздің елдің ең басты құндылығы ретінде бағалайды. Сондықтан, зайырлылық ұстанымы мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік екені сөзсіз. Бүгінде сыртқы саясатта бейбітшілік жаршысы ретінде өзіндік орнын алып отырған Қазақ елі үшін адам және оның өмірі, бостандығы басты құндылық болып қала бермек.

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close