Қонақкәде
«Балаңды өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле»
Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,
Атырау облысы дін істері
басқармасының бөлім басшысы
Отбасы құндылығын біз мемлекеттен бөлек қарай алмаймыз. Өйткені «Отан отбасынан басталады». Отбасындағы оңды ахуал мемлекеттің дамуына да зор ықпал етеді. Қазақ отбасы ел мен жерді сүйе білсе, тіліміз бен дәстүрлі дінімізді сақтаса ғана ұлтжанды да парасатты ұрпақ тәрбиелей алады.
Жалпы, әлемде қазақ халқының ұлттық тәрбиесіне жететін тәрбие жоқ. Қазақ ықылым заманнан бері ұл-қызын «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тәрбиелеп келді. Ұят – қазақ шаңырағының ұстанымы. Ана құрсағынан басталған ұлттық тәрбие балабақша мен мектепте жалғасын тапса, рухы асқақ, Отанын жанындай сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей алатынымыз анық. Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан» деген. Отбасы мен мектептен тыс «Баланың досы кім, қандай ұл немесе қыз?» деген сұрақтардың төңірегінде де ойлануымыз абзал. Себебі бала осы үшеуінің қайсысын жақсы көрсе, қайсысын қатты сыйласа, соның ықпалында кетеді.
Бүгінгі жаһандану заманында балаға сыртқы жағдайлар ерекше әсер ететіні даусыз. Бүгінгі бала мен өткен ғасырдың балаларын салыстыра алмаймыз. Бүгінгі бала заман ағымының ашық теңізінде ешқандай сақтандыру шарасынсыз жүзіп бара жатқан қорғансыздай. Яғни бұл – оның соққан дауылға өздігінен төтеп бере алатын жағдайы жоқ деген сөз. Баланың сыртқы ортадағы ділімізге жат нәрселерге төтеп беріп, өмірден өз орнын адаспай табуы үшін ұлттық тәрбиенің нәрімен қоректендіруге міндеттіміз.
Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның отбасына әсері сөзсіз мол. Жаңа ғасырда халық санасында орасан зор және түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Интернет жастарға құшағын айқара ашты. Сол интернетте бала бойындағы ар-ұят, намыс атаулыны тұншықтырып өлтіретін шектен шыққан бейәдеп фильмдер қаптап тұр. Оның сыртында сонау шетелде отырып, әлеуметтік желі арқылы қазақ жастарының діни сенімін бұзушылар да баршылық.
Соның салдарынан ата-бабамыз ұстанған ислам дінін бұрмалап, өз қазығын өзі теуіп, намаз оқымағаны үшін өмірге әкелген әке-шешесін «кәпір» деп адасқан қаншама жастарымыз бар?! Біз бүгінгі заман тудырып отырған жаманды-жақсылы өзгерістердің ұлттық болмысымызға әкелер кері әсерімен қалай күресеміз? Бұл сұрақ кез келген ата-анадан бастап, білім, денсаулық, мәдениет салаларын толғандыруы тиісті деп санаймын.
Отбасы құндылықтарын бағалай білмеген бала ұлттық құндылықтардың да қадіріне жете алмайды. Отбасындағы жарасымды қарым-қатынас баланың өмірдің қыр-сырын ұғып өсуіне, жалпы адами қасиеттерді бойына сіңіруге, ұлттық дәстүр мен салт-сананы берік ұстануына ықпал етеді. Бұл жерде осынау асыл қасиеттерді бала бойына сіңіруде ата-ананың және жанұядағы жарасымдылықтың орны ерекше. Бүгінгі қоғамда кездесіп отырған келеңсіз жағдайдың барлығы отбасы тәрбиесіндегі олқылықтардың салдарынан екені анық.
«Ұлдың ұяты әкеде, қыздың ұяты шешеде» деген сөз бар. Және «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген де бар. Бұл – ұлтымызға тән жақсы қасиеттерді, ұлттық сананы бала бойына сіңіре білу деген сөз. Ол сана-әдеп, бауырмалдық, иман, қонақжайлық, қайырымдылық, ала жіптен аттамау, өтірік айтпау, ұрлық жасамау, қиянаттан аулақ болу және ең бастысы – өмірге әкелген әке-шешеңнің алдынан кесіп өтпеу, ата-бабаның рухын сыйлау болса керек.
Жанұя жарастығының алтын мәйегі мейірім мен сүйіспеншілікте. Отбасында бала мен ата-ананың ортасында сүйіспеншілік, сенім, мейірім болмаса, әке-шеше тарапынан айтылған ақыл мен ескертулердің балаға берер түк пайдасы жоқ. Баланы күніне бір рет құшақтап, болмаса маңдайынан иіскеп, құшағыңа қысып тұру бала жанын жадыратып, өзіне деген сенімін күшейтеді. Өзінің біреуге керек екенін, біреудің өзін жақсы көретінін сезіну бала үшін маңызды. Әке-шешесі мен отбасы махаббатына бөленіп өскен бала психологиялық ауруларға да ұшырамайды. «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деген аталарымыз.
ҚазақстанРеспубликасыныңКонституциясында (27-бап) «Неке мен отбасы, ана мен әкежәне бала мемлекеттіңқорғауынаболады. Балаларынақамқорлықжасаужәнеолардытәрбиелеу – ата-ананыңетенеқұқығыәріміндеті» делінген. Міне, баланың білім алуын басты назарда ұстаған мемлекет осы заң арқылы ата-ананың да бала алдындағы жауапкершілігін айқындап отыр. Баланың болашағы, қандай адам болып шығуы оны тәрбиелеп өсірген ата-анаға тікелей байланысты.
Статистика бойынша діни жолда адасқан немесе қылмысқа бейім жастардың отбасында жөнді тәрбие алмаған жасөспірімдер екені айтылады. Ажырасқан немесе жалғызбасты отбасылардың балалары осындай келеңсіз жағдайларға ұшырауда. Оған теледидар мен интернетті, ауланы қосыңыз! Көптеген қазақ отбасындағы нашар тұрмыс ата-аналардың қарынның қамымен жүріп, ұлттық тәрбиені ақсатып алғанын дәлелдеп отыр.
Елін, жерін, ұлтын сүйетін, отбасын, Отанын қорғауға әзір баланы қалай тәрбиелейміз? Бұл жерде ұл үшін әке тәрбиесінің орны ерекше дер едім. Әке ұлына өмірдегі, отбасындағы, ата-ана алдындағы перзент жауапкершілігін өз мойнына ала білуді үйретуі қажет. Әкелердің бала тәрбиесіне мән бермеуі салдарынан ұлдың бойында болуы тиіс осы қасиеттер дамымай, керісінше, өзгенің қаңсығын таңсық көрушілік кездесуде. Бұған діндегі теріс ағымды мысалға алуға әбден болады. Намаз оқысын, оқымасын, әлімсақтан мұсылман қазақтың бүгінгі кейбір баласының «Нағыз ислам, нағыз мұсылмандық араб елінде» деп қате түсінуі ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дін жолын мансұқ етіп отыр.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезов. Жоғарыда айтылған өзекті мәселелердің шешуі балаға отбасында ұлттық тәрбие беруде дер едім. Себебі тал бесіктен бастап қазақы тәрбие алған бала салт-дәстүрге мығым әрі бабалар мұрасын көзінің қарашығындай сақтайтын, елін, Отанын қорғайтын патриот болып өсетінін есімізден шығармасақ және баланы ұлттық құндылықтарымызбен сусындатып өсіруге қол жеткізе алсақ, нұр үстіне нұр болар еді!