Басты тақырыпЖаңалықтар

Сириядан 47 адам елге жеткізілді (ВИДЕО)

Қаңтардың 6-сы күні Ақтау халықаралық әуежайына Сириядағы соғыс аумағынан 47 адам елге жеткізілді. Оның 11-і әйел, 30-ы 1-5 жас аралығындағы балалар.

Сириядан оралған Қазақстан азаматтары туралы Ақорданың ресми сайтында пікір білдірген  Елбасы Н.Назарбаев еліміздің құзырлы органдары бұрын-соңды орындалмаған үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

-Менің тікелей тапсырмам бойынша  6-шы қаңтарда еліміздің құқық қорғау органдары ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп үлкен гуманиралық операцияны іске асырды. Сириядан  Қазақстанның 47 азаматы, оның ішінде әйелдер мен 30 бала елге жеткізілді,-деді Елбасы.- Бұлардың  барлығы террористердің бақылауында болған, әр жағдайлармен алданған адамдар. Кезінде оларды кризис болып жатқан Сирияға алып кеткен. Біраз адамдар алданып Сирияға барды да, көпшілігі соғыста қайтыс болды. Ал мына адамдарды бізге достық қарым-қатынасы бар мемлекеттің қолдау-көмегі арқылы Қазақстанның ұшағымен елге жеткіздік. Олар жаңа ортаға үйрену және медициналық бақылаудан өту үшін бір ай оңалту орталығында болады. Оларға біз қажетті көмек көрсетеміз. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Көз жастарын көрдік. Бұл жағдай басқа адамдарға тиісті мәлімет болады және болашақта мұндай жағдайдың болмауына сабақ жасайды. Қазақстан өз азаматтарын қай жерде жүрсе де қолдайды. Еліміздің қауіпсіздігін, береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды міндеті, – деген Елбасы қақтығыс аймағында еріксіз жүрген  азаматтарымызды, әсіресе балаларды қайтару жөніндегі жұмыстардың әлі де жалғаса беретінін айтты.

 

 

Сириядан оралған келіншек алғашқы әсерімен бөлісті

 -Қатты қуанғаным сонша – не жыларымды, не күлерімді білмей, қатты «шок» жағдайында отырмын. Біз Отанымызды сатып кеттік қой, бірақ менің Отаным мені жат жерде қалдырмай, елге оралуыма жағдай жасады. Мен Қазақстанның алдында қарыздармын! – деді  толқыған әйел.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің мәліметінше, олар күні бүгін арнайы оңалту орталығына орналастырылды. Социологтар мен психологтар олармен жұмыс істеп жатыр.

Сонау Сирия жерінде, оқ пен оттың ортасында дүниеге келген балалар өздерінің ата жұртына келгеніне қуанышты сияқты. «Қайда келдің? Қазір қай жердесің?» деген сұраққа «Қазақстандамын» деп жауап беріп жатыр. Олар оқ пен өрттің исі шықпайтын қазақ аспанының  саф таза ауасына, жарқыраған тап-таза ғимаратқа, аппақ төсекке, ойын бөлмесіндегі неше түрлі ойыншықтарға жатырқай қарағанмен де тез үйреніп кетері анық. Бала ғой…

Ал үлкендері ше? «Халифат» деп жұмақ іздеп кеткен қазақ әйелдерінің біреуі «Қазақстанның алдында қарыздармын» деп отыр. Қазақта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал бар. Мен мұны керісінше «Өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол» деп айтар едім. Сұлтаннан қай жері кем олардың? Мемлекет оларды қауіп пен қатердің ортасынан алып шығып, бар жағдайын жасап, елге жеткізді. Қате түсінікпен адасып, Отанын сатып, жұмақты жат жерден іздеп кетсе де Қазақ елі оларды өзегінен тепкен жоқ. Бұл – Қазақстан мемлекетінің өзінің әр азаматына деген айрықша қамқорлығының айғағы.

Бейнетаспада ұшаққа үш жігіттің көзін байлап кіргізілгені көрсетілген. Олар тергеліп-тексеріліп, қылмысы болса әділ жазасын алатын шығар.

 «Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close