Сыр сандық

ЕЛБАСЫНА АРНАЛҒАН АМАНАТ

Айнұр Әбдірәсілқызы

ҚР Қоғамдық даму министрлігі

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының директоры

 

 

Тылсыммен тілдесе өрілген тірлігімнің бұл да бір үзік сыры еді. Елбасына арналған аманат… Ол жайында маған 2016 жылдың 29 маусымында мәлім болды.

…Ораза айының соңғы аптасы. Бесін ауған шақ еді. Хатшы қыз кабинетке кіріп, бір әйел кісінің келіп отырғанын айтты. Есік ашып, амандасып, қонақты ішке шақырдым. Жасы елулер шамасындағы ақ жаулықты, қажыңқы жүзді ананы төрге оздырып, қарсысына келіп жайғастым.

‒ Мен сізді аянмен іздеп таптым, – деді өзін «Гүлнәр Тұрсынбекқызы» деп таныстырған ана бірден байсалды әрі нық үнмен. ‒ Менің қолымда Елбасына арналған аманат – жеті қарал тас бар. Ол Елбасының қолына тигеннен бастап, бүкіл адамзаттың өмірінде игі өзгерістер басталады. Жақсылық жеңіп, қаралық кейін шегіне бастайды. Қазақ елі иманға, дінге толық бет бұрады, екінші Мекке іспетті қадір-құрметке ие болады. Елге береке кіреді, бақ-дәулет орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келеді. Маған берілген аян бойынша Елбасына осы аманат жайлы хабарды жеткізетін сіз боласыз, – деді ол.

Тылсыммен талай тоғыстырған тағдырымның кезекті тосын сыйына таңданған да, күмәнданған да жоқпын. Тек түйсікпен қатар қисынды қоса қамтитын сарапшылық санамен жалқы сауал қойдым:

– Мен Елбасын көбіне теледидарда, кей-кейде түсінде ғана көретін көптің бірімін. Рас, Елбасына арналған бірнеше арнаудың авторымын. Бірақ ол арнаулар Түркістанның төрінде ғана айтылып, тарихқа сіңіп кеткелі қашан! Рас, «Рухани жаңғырудың» бастамасында менің идеям тұрды. Елбасының Ұлытаудағы сұхбатынан кейін «Ұлытау сұхбаты – рухани жаңғырудың жаңа кезеңі» деген атпен Астанадан бастап, еліміздің сол кездегі он алты өңірінде бірдей дүбірлі шаралар өткіздік, мақалалар жариялап, кітап та шығардым. Ақордадағы көзі қарақты азаматтардың назарына ілігіп, бастамам бағдарламаға айналды. Осы іспетті идеялық тоғысулардан өзге жолымыз түйісетін тұс жоққа тән. Ендеше неге Ақордаға бармай, ат басын маған бұрдыңыз?

Бұл сұраққа жауап ретінде ана біраз сырды ағытты. 1997 жылы аянмен табылған аманат-тасты иесіне табыстау үшін ол 2005 жылдан бастап әрекеттенген екен. Сол жылы Астанаға арнайы келіп, біраз халық қалаулыларын жағалап көреді. «Елбасына жеткізсеңіз» деген өтінішпен базбіреулеріне хат та қалдырады. Бұдан хабар болмағаннан кейін араға біраз жыл салып, 2009 жылдың желтоқсанында ол кездері «Айқын» газетінде істейтін белгілі журналист, тылсым құбылыстар жайындағы «Мыңнан бір мезет» кітабының авторы Әділ Бек Қабаға барады. Сол кісінің мұрындық болуымен сенатор Өмірбек Байгелдінің қабылдауына кірген. Қазақстанда осындай құпиялы тастарды зерделейтін зертханалардың жоқтығына өкініш білдірген Өмірбек ағаның да аманатты жеріне жеткізуге мүмкіндігі болмаған көрінеді.

2012 жылы Гүлнәр Тұрсынбекқызының айтуымен аманат-тасқа қатысты оқиғаларды «Адамзатқа сүйінші хабар» деген атпен Әділ Бек Қаба қағазға түсіреді. Оны хат ретінде рәсімдеп, Президент Әкімшілігіне жолдайды. Біршама уақыттан кейін Президент Әкімшілігінен шақыру да жетеді. Аманат-тасты әкімшілік өкіліне табыстаған ана арада бір жыл өткеннен кейін оны қайтарып алады. Белгісіз себептермен аманат иесіне – Елбасына жетпеген екен…

Бұдан кейінгі кезеңде Гүлнәр Тұрсынбекқызының өмірінде сын-сынақты оқиғалар көбейіп, аманат-тасты жеткізу жайы кешеуілдей берген көрінеді. Мен жайлы аян-хабар теледидардан берген кезекті сұхбатымды кездейсоқ көріп қалғаннан кейін жеткен көрінеді. Сұрай-сұрай тауып келген беті осы болып шықты. Осыларды естіген соң кей-кейде өзіме де беймәлім оқыс шешім қабылдайтын әдетіммен:

– Аманат-тасты үш күнге маған қалдырып кетіңіз. Жауабын сосын берермін, – дедім. Ана сөзге келген жоқ, ертегілер елінен келгендей шілтерлі әсем матамен тысталып, шебер өрнектелген кішкене қобдишадағы ақ матаға оралған тастарды маған қалдырып, кете барды.

Аманатты сол күні үйге алып кетіп, ертеңіне жұмысқа қайта ала келдім.

Таңертеңгі екі сағаттай уақыт қарбалас жұмыстармен өте шықты. Сәл саябыр тапқан уақытта қобдишаны жұмыс үстеліне қойып, не істеу керектігін ойлай бергенім сол еді, кеше хатшы қыз алып кіргелі бері қараусыз жатқан шақыру хатқа көзім түсті. Бірден солай қарай қол создым. Ашып қалсам… Елбасы ауызашарына шақыру хат!!! Ертең, Қадір түнінде… Лықсып көңіліме қуаныш келді.

«Егер осы кісінің айтқаны ақиқат болса, ауызашарда Елбасымен тілдесуге мүмкіндік болуға тиіс» деп түйдім бірден.

Мейрамханаға аманат-тастарды алып кіру мүмкін еместігін білсем де, ертеңіне ауызашарға ала барып, қобдишасымен қызмет көлігінде қалдырдым. Залдағы орнымызды іздесем, әдетте шеткерілеу орналастырылатын әйелдер үстелі бұл жолы орта тұсқа қойылған екен. Бізден бір үстелден жоғары төр жақта Елбасы отыратын дастархан жайылған болып шықты…

…Ауызашар біткеннен кейін әдетте сол жақтағы веб-залдың есігі арқылы шығатын Елбасы бұл жолы оң жақ үстелдегі аға буын өкілдерімен амандасты да, тура біздің үстелге қарай жүрді. Алдынан қарсы шыққан ақ жаулықты анамен ілтипатпен амандасып, ол кісінің сый еткен тәспісін күлімсірей қабылдаған Елбасы содан кейін маған қарай бұрылды.

– Армысыз, Нұрсұлтан аға! – дедім мен. Елбасы күлімсіреп қолын созды. – Мен Айнұр Әбдірәсілқызы деген қарындасыңызбын. Менің қолымда сізге арналған аманат бар еді, – дедім бірден. – Ол қандай аманат? – деп сұрады Елбасы жымиған қалпы. – 1997 жылдан бері бір кісі сізге жеткізе алмай жүрген аманат еді. Тылсымнан өзіңізге арнап түсірілген аманат-тастар екен. Сізге соның хабарын жеткізсем деген едім, – дедім. – Ол тастар қайда? – деп сұрады Елбасы. – Мұнда кіргізе алмадым. Тыста, көлігімде тұр. Мүмкін болса көмекшілеріңізге тапсырсам, – дедім мен. – Жақсы онда, көмекшілер алсын, – деді Елбасы арттағы көмекшісіне сәл бұрылыңқырап. – Мен сізге визиткамды берсем бола ма? Көмекшілеріңіз хабарласса… керек болар, – деп асыға сұрадым байланыс деректерін қалдырмақ ниетпен. – Жарайды, әкел, – деді Елбасы өзіне тән кеңдікпен байсалды қалыпта қолын созып. Дайындап тұрған визиткамды ұстата қойдым. – Басқа айтарың жоқ па? – деді Елбасы сол байсалды жымиысымен. Күлімсіреп, басымды шайқадым. – Жақсы ендеше, – деп Елбасы ілгері оза берді…

Өң мен түстің арасында тұрғандай болған маған айналамда тұрған таныстарым келіп: «Елбасы амандасқан қызымыздың қолын алайық» деп жапа-тармағай амандасып жатты…

Гүлнәр Тұрсынбекқызымен хабарласып, Елбасымен кездесу жайлы айтқанымда, ол кісі балаша қуанды. Аллаға сансыз шүкіршігін айтып,  Елбасын да, мені де алғыспен әбден алқады.

Ертеңіне уәделі үш күн өткендіктен аманат-тастарды иесіне апарып табыстадым. «Маған хабарласып жатса, сізге жеткізермін» деп, қоштастым.

Дегенмен біз күткен шақыру келе қоймады. Бастапқыда Гүлнәр Тұрсынбекқызымен аз-кем хабарласып жүрдік те, уақыт өте келе қызметтің қарбаласы жеңіп, арамыз алыстап кете барды. Көрген түстей болған сырлы сәттер де біртіндеп алыстай берген. Бірақ…

                                            * * *

Елбасының дін саласына қатысты әрбір сөзінен, әрбір сұхбатынан кейін аманат-тастардың жайы ойыма оралатын да тұратын болды. Бейне бір руханиятымыздың бар күрмеуі сол аманатпен шешілердей елегізи беретін болдым.

…Ел болып, еңсемізді тіктеп, талай табысқа қол жеткіздік десек те, Елбасының да, елінің де көңілін күпті еткен бір алаң бары анық-ты. Ел болудың мәнісі тұрмысты тұғырландыруда ғана емес екенін естінің бәрі біледі. «Шұбарланған тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады» деген кешегі Мөңке бидің аяны айдай келіп тұрған шақта, ұлт пен рухтың тұғыры болған тіл мен дінге талмау тұстан соққы тиіп, санамыз сан саққа шашырап тұрған шақта, ата жолдан адасып, қате жолды пір тұтқан дүдамал діндердің дерті дендеп тұрған шақта, төрт құбыламыз түгел деп кім айта алады?

 

…Ұсынған көпке үлгісін,

Ұлағат-ілім кені едің.

«Ұстанып жаттың үрдісін

Ұрпағым кетті» демедің.

 

Тіреуің белден тұр сынып,

Тұлдырға көшіп, қонды бақ.

«Ұрпағым!» дерсің ұмсынып,

Сенікі емес ол бірақ!

 

Қанында қалмай бір белгі,

Жасампаз ұлттың жан нұры,

Тәлімін алса кімдердің,

Телінер соған тағдыры!

 

…Сақталған сынық асылдан

Жем болып жатқа кетер ме?

Ғазауат сынды ғасырдан

Азамат аман өтер ме?!

 

Ұланын ұлтқа етсе жау,

Ерлерсіз қайтіп ел оңбақ?!

…Қазақстаным көктер-ау,

Қазақтың күні не болмақ?!

 

Бұл – он төрт жыл бұрын жазылған жыр жолдарым. Сол зар әлі сол қалпы…

…Қайрат етпей отырған елміз деп ешкім айтпаса керек-ті. Алты алаштың жұрты тұрмақ, алыс-жақын шетелдегілер де Қазақ елінің дін мен діл төңірегіндегі рухани ерлігін өнеге тұтып отырғанын көзіміз көріп жүр. Бірақ неге әрекет бар да, берекет жоқ? Мұны да әдеттегідей ішкі алауыздықтан, кертартпалықтан, кедергілерден көреміз бе? Ал олар неге сейілмей қойды? Сана жетпей ме? Саясат жетпей ме? Бәрі орнында секілді. Ешкімге алдыратын ел еместейміз.

Бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ. Неге?! Себебі бардың берекесі жоқ.

Ал береке немен кіреді? Қалай дариды? Міне, соқпақтардың сорабы, сауалдардың жауабы осы жерден айқындалады.

«Баталы ұл арымас» дейді қазақ. Бата – берекенің көзі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, үрдістер жалғастығының, құндылықтар өміршеңдігінің кепілі де… Бауырлас түркілердің Елбасысы Режеп Тайиб Ердоғанның: «Біз батаға жайылған алақандардың үстінде ел болып тұрмыз» дейтін тамаша тұжырымы болушы еді. Тереңге кеткен тамыр жоқта саялы бәйтерек, үзілмеген үрдіс жоқта салиқалы мемлекет бой түземейді…

Ел болудың алашапқынында жүріп алдырғанымыз аз емес. Орнын толтыруға жан салып жатқанымыз да әмбеге аян. Бірақ орны толмайтын жоқтар болады… Үзіліп кеткен, қайта жалғанбайтын үрдістер-тамырлар болады. Қайраттан қайран жоқ дағдарысты хәл осыдан шығады. «Ғайыптан ғаріп күтер жыр-тыныс тек» дейтін шақ та осындайда туады… Кейде сол кереметті ел болып күтетін кез де болады… Тылсымның тіл қататын шақтары бәлкім нақ осы терең тербелісті халде туындайтын болар?!

Елбасына арналған аманат! Көзбен көріп, қолмен ұстайтын құндылық!

Сан ғасырлар бойы тарихтың таңдаулыларына тылсымның өзі тіл қатқан! Сан ғасырлар бойы санаулы елдің көсемдеріне Тәңірдің тартуы іспетті тылсым сыйлар түскен! Алысқа бармай-ақ туған топырағымызды ат тұяғымен дүбірлетіп өткен, жарты әлемді жаулап, адамзат тарихындағы жаңа өркениетті дәуірдің бетін ашқан Еділ патша – Аттилаға аманат ретінде алтын қылыш түспеп пе еді?!

Ел ұстаған көсемдеріміздің көшін жалғаған Елбасымыздың дүниеге келуінің өзі тылсыммен байланысты емес пе еді?! Райымбек батырдың басына түнеп, Алладан тілек тілеген Әлжан ананың дарияның түбінен алып шыққан берен мылтығы сол тылсымның бір белгісі емес пе еді?! Есті ерлердің баршасы еріксіз тұсалып тұрғанда әруақ жайлы арқаланып айта білген сол тылсымнан қуат алған Елбасының өзі еді ғой! «Әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-баба жолымен жүреді. Ол жол – сара жол, мәңгілік елдің жолы. Бабаларымыздың ойлаған ойы мен арманына әр уақыт сыйынамыз. Алар белесіміздің бәрі алда, бәрімізді аруақ қолдасын!» деген өзекжарды, рухты лебіз Елбасымызға тән емес пе еді!

Аспан асты еліне тылсымнан түскен тартулардың бір парасы – ұлт  киесін сақтайтын қарал тастар болған. Ол жайлы аңыздар әлем халықтарының тарихын көктей өтіп жатыр. Ал аңызға сену, аңыздардың сілемі арқылы тарихын түйірлеп құрау – өрелі өркениеттік сананың бір жемісі. Есте жоқ ескі заманнан қалған аңыздардың желісімен жүріп, гректер Троя қазынасын тапты. Жоғалған тарих жолдары қашанда аңыздардың астарында сақталады. Сондықтан аңыздардың шындыққа қарағанда ғұмыры ұзақ…

Бәлкім сол дәстүрлі тылсым сый осы аманат тастар арқылы құттың көзі болып, қазақ жеріне қайта оралған болар… Бәлкім руханиятымыздың тамырына қан жүгіртіп, талаурап тұрған рухтың тұғырын тіктейтін қасиет Елбасына арналған аманатпен бірге қайта қонар?! Бәлкім ұлттығымыздың ұлы дәуірі осы жерден қайта басталар?!

Тылсыммен тілдесіп қана емес, үндесіп те ғұмыр кешкен ұлағатты ұлттың ұрпағы ретінде менің осылай пайымдағым, осыған сенгім келеді…

                               * * *

…Аян арқылы аманат болып жеткен жеті тастың жеті түрлі бедері, жеті түрлі сыры бар. Жай сыр емес, аманатты жеткізуші дәнекер тұлға – Гүлнәр Тұрсынбекқызына Құран аяттары арқылы ашылып, дәлелді түрде жеткізілген сыр. Бірінде – Адам Атаның, екіншісінде – Хауа ананың, үшіншісінде – сәждеге  жығылған көкбөрінің, төртіншісінде – періштелердің, бесіншісінде  Қиямет күнінің ахуалы бедерленген деп ұқтырады дәнекер. «7» санымен кескіндес тас – жеті қат көк, жеті қат жердің белгісі. Ал қызыл түсті жүрек- таста «Алла» сөзі араб әріптерімен бедерленген. Әрбір тасқа қатысты дәлел-аяттармен қатар Елбасының ерекше миссиясы жайлы да тұжырымды ойларды келтіреді аманат жеткізуші. Шынайы сыр Жіберуші мен жеткізушіге ғана аян…

Аманат жеткізушінің айтары көп. 22 жылдық тылсымға толы тағдыр өткелегінде бізге белгісіз әлем хақында көргені мен көңілге түйгені аз емес. Бірақ ол өзге әңгіменің арқауы болсын…

«Гүлнәр Тұрсынбекқызы қандай адам?» деп сұраса, мен бір-ақ ауыз сөзбен «шексіз таза адам» деп жауап берер едім… Тағдырдың тауқыметімен, тылсымның аманатымен қарапайым кітапханашылық кәсібін елдің дертіне дауа іздеуге еріксіз арнауға мәжбүр болған жан. Дүниенің сөзін сөйлемейтін, Алласыз жер баспайтын, жандының көңілін қалдырмайтын Құдай берген көркем мінездің иесі. Көрмеген қиындығы қалмаса да, шүкіршілігі мен тәубесінен танбайтын тағат-төзімнен жаралған ерек тұлға. Сол терең имани ізгілігі үшін бәлкім Алла Тағала ол кісіні Елбасына аманат жеткізу ісіне лайық көрген болар…

Ал аманат-тастар қазір менің қолымда.

Ол жайлы жазып жеткізу – менің мойнымдағы аманат екенін сезінгендіктен, қайта алдырдым. Осынау талайлы шақта руханиятымыздың бір жыртығын жамауға септігі тие ме деген үмітпен көз көріп, құлақ естіген әңгімені – Елбасыны елеңдеткен аманат жайын ел назарына салуды жөн көрдім. Бәлкім, біреуден біреу алмасып, біреуге біреу жалғасып, Елбасына арналған аманатты иесіне табыстауға септігі тиер.  Күрделі құбылыстардың шешімі қарапайым дүниелерден табылатын әдеті ғой. Бәлкім осы қарапайым қарал тастарында түйткілдердің түйіні тарқалатын сыр жатқан болар…

Аманат жайлы ақпаратты тарату енді сіздерге аманат болсын, ағайын!

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close