Басты тақырыпЖаңалықтар

Сириядан құтқарылған қазақтар (ВИДЕО)

2019 жылдың 5-6 қаңтары күні «Жусан» операциясы Сириядағы соғыс аймағынан 47 қазақстандық азаматты елге жеткізгені белгілі.

«Бұл өте жауапты да қауіпті операция болды. Біз Сириядағы өз азаматтарымызды  бізге тілектес басқа елдермен бірлесе отырып, елге аман жеткіздік. Біздің азаматтар ол жаққа алданып барды, көбін сол жақта өлтірді. Ол жақтағы соғыс аймағында қалған азаматтарымызды елге қайтаруды жалғастыра береміз»,- деген еді сол күндерде Елбасы Н.Назарбаев.

Сириядан жеткізілген 11 әйел, 30 бала Ақтау халықаралық әуежайынан бірден Маңғыстау облысындағы Оңалту орталығына жеткізілді.

Солардың бірі –Зухра Кенжебаева

          Солардың бірі – Алматы облысының тұрғыны Зухра Кенжебаева өз сұқбатында Сирияға кеткен үлкен баласын елге қайтару мақсатымен іздеп барғанын айтады. «Біз отбасымызбен кеттік, біз 5 адам болдық»,-  дейді ол. Бұл жерде қисыны келмейтін бір жағдай- баласын елге қайтару үшін жолға шыққан ана қалған балаларын  қауіпті аймаққа неге өзімен бірге алып кетті? Нәтижесінде Зухра бір баласынан айырылған, ал екіншісі бүгінде Ирак жерінде тұтқында отыр.

Зухраның әңгімесіндегі ең сорақы жағдай – содырлар қазақ балаларын  әскери лагерьлерде соғыс пен қатігездікке баулығаны. «Ол жерге гомосексуализм болды»,-  дейді Зухра. Өлім жазасын көздерімен көрген балалар жануарларды бауыздап, қорлап,ең соңында бір-бірін атуға дейін барған.

Жануарларды «кәпір», «шайтан» деп бауыздаған балалар елге оралды…

 Міне, кішкентайынан зорлық- зомбылық, адам өлімі, суша аққан қанды көзімен көріп, психологиясы түбегейлі өзгерген қазақ балаларын бейбіт өмірге бейімдеудің аса қиын міндеті енді мамандардың мойнында тұр.

ҰҚК мәліметінше, Сирия, Ауғанстан, Ирак  жерінде 380 қазақстандық бар. Бұл санға олардың 400-500 баласын қосыңыз! Бұлардың барлығы халықаралық террористік ұйым ДАИШ -тың басқаруымен арнайы дайындалған мамандардың дәрістерін әлеуметтік желілер арқылы тыңдап, жалған халифатқа аттанғандар. Олар ол жерде ешқандай халифаттың жоқтығын, керісінше, исламға мүлде жат адам өлтіру,зорлық зомбылық пен неше түрлі қатігездікке толы соғыс жүріп жатқанын Сирияға жеткен соң білгендер.

Мамандар алданған қазақтардың  кейбірі тәубесіне келіп, елге оралуды шын жүректерімен қалап отыр десе, ал кейбірінің соғысты көріп қаны қарайып, нағыз содырға айналғанын, (Жақында ҰҚК Сирия аумағында 100 қазақстандық содырдың соғысып жүргенін мәлімдеді)  ал исламды өз түсігінде қабылдаған, яғни исламда адам өлтіру үлкен күнә дейтіндердің кейбірі ДАИШ-тың қарамағына түскен сәтте шыдай алмай, жынданып кеткенін айтады.

Ауыл- аймақтан әрі жолға шығып көрмеген ауыл жастары өз Отанынан қашып, көз көріп, құлақ естімеген алыс мемлекетке неге кетті? Халифат деп неге жолға шықты? Себебі  бұл адасқан қандастарымыз исламды ұлттық салт- дәстүрден бөліп қарап, ата- бабамыз ұстанған мазһабтан бас тартып, ұлттық құндылықтарымызды тәрк ететін теріс түсінікке санасын улағандар еді. Олар ортамызға оралды, Отанымен қайта қауышты. Қазақ қоғамының басты мақсаты – оларды өзекке тептей, адасқандарын түсіндіріп, қатарымызға тарту.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Дүрбі»

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close