Жаңалықтар
Ақтөбелік кәсіпкерлер мен шенеуніктер бір айлық жалақыларын мұқтаж отбасыларға аударады
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жергілікті шенеуніктер мен кәсіпкерлерге бір айлық жалақыларын көпбалалы, мұқтаж отбасыларға аударуды ұсынды.
Бүгінде Ақтөбе қаласында мемлекеттік орган өкілдері мен коммуналдық мекеме қызметкерлері қоғамдық қабылдау жүргізіп жатыр. Ашық есік күні үш күнге жоспарланған болатын. Бірақ бүгін оның уақыты тағы екі күнге ұзартылып, 15 ақпанға дейін тұрғындардың кез келген сұрағын тыңдауға шешім қабылданды. Ақтөбе әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей шаһар басшысы Ілияс Испанов түскен сұрақтар мен ұсыныстарды саралауды тапсырды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер мен депутаттарға бір айлық жалақыларын мұқтаж отбасыларға аударуға үндеу тастады.
«Қалада Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастырумен «Ашық есік күндері» кең көлемді акциясы өтіп жатыр. Көмекке мұқтаж отбасылармен нақты жұмыс істеу үшін депутаттар, қоғам белсенділері және мемлекеттік құрылым өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құрылды, Олар көмекке зәру азаматтардың тұратын мекенжайларына барады. Бүгін тұрғындардың сауалдары, өтініштері бойынша жұмыстар сараланды. Оларға қол ұшын беру мақсатында алдағы уақытта атқарылар істер нақтыланды. Қаламыздағы кәсіпкерлер, құрылыс компанияларының басшылары жәрдемді қажет ететін отбасыларға көмектесу шешімін қабылдады. Ал Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бір айлық жалақыны «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорына аудару туралы үндеу тастады. Үндеуді депутаттар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері бірауыздан қолдады», – деп Қазақпаратқа қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.