Басты тақырыпСараптама
Ғасырлар ғұрпының жалғасы – нәруызды Наурыз
Биыл көктемнің алғашқы айы – наурызда жапалақтап қар жауды. Бір ғажабы, ертеде мұндай табиғат құбылысын қазақ халқы жақсылыққа балаған екен. «Ханның басын хан алады, қардың басын қар алады» деп отыратын ауылдағы қариялар. Әрине, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында мың жылқы мыңғыртып, қора-қора қой, табын-табын сиыр өргізген талай байдың қолына құрық ұстап, қамшы бүлдіргісін сипап қалғанын шаруа жайына қанық кез келген қазақ анық білген. Сондықтан наурыздың соңғы онкүндігін «отамалы» деп бекер атамаса керек.
Ұлттық танымымыздың ұлағатын бойымызға сіңіретін көктем нәрі – Наурызды жатсынып, шариғатты алға тартып, шарапатын көруге болмайтынын айтатын қауым бар. Тіпті, мәзһаб молдалары да «Отты пір тұтқан мәжуси мейрамының қалдығы» деген пікірді де айтып қалатын. Сондықтан дін өкілдері маусым беташарын мансұқтаудан қандай пайда табады деген сұрақ көкейге келеді. Әсіресе, халифат орнатып, елді жарылқап тастағысы келетін, қолына билік тисе, қатаң үкім оқып отыруға даяр тұрған топтар «Ұлыстың ұлы күнін» санадан өшіруге баяғыдан кіріскен, тіпті ішінара мақсатына жеткен де. Оны құбыланы танып, қазағын ұмытқан жастардыңиманға иігендей көрінген жүрегінің дәстүр дәнегіне қағынан жерігендей үрке қарағанынан-ақ анық байқауға болады.
Дегенмен еліміздегі Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жат ағымдардың насихатына тосқауыл қоюда қол қусырып отырған жоқ. Үш жыл қатарынан «Дін мен дәстүр» атауымен ұлтқа қазық, ұрпаққа азық болатын іс-шараларды ұйымдастырды, бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Қазақ ділінің діңгегін зерттеп, ежелгі мәдениетіміздің терең қабатына сүңгіп те көрді.
Наурыз пердені ысырып, құшақ аша енгенде Маңғыстау қазақтары амал мейрамын тойлауға қамданады. Отпан тау басындағы дәстүр жорығы, қазақы бешпент, бүрмелі етек көйлекті қыз-келіншектердің ибалы қылығы, ақжаулықты әжелердің салмақты сөзі, ақсақалды аталардың асатаяғы әлі күнге ділдік рухтың жұпар шашып тұрғанын аңғартады. «Амал» демекші, бұл – Ақ Жайық өңірінде өзгеше өрбитін көрісу салты ғой. «Бір жасыңмен!» деп тілек тілеп, ізгі лебіз білдіруге асығатын үлкен-кішінің ізетті құшағы, дәстүрлі танымы, парасат-пайымы біте қайнасқан ұлық күндердің басталуы ғой.
Көрісу айт па, әлде бақиласу ма?
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Асан ауылы мешітінің дуалы ауыз имамы,көне құлпытастардың кілтін тапқан шежірелі шешен Мұратбек Жахатовтың елден ерек пікірі көңілге қонымды-ақ.
– Көрісу айт па, әлде бақиласу ма? Батысқазақстандықтар 14 наурыз күнін «Көрісу айт» деп санайды. Өз басым, ол мейрамның қоғамға тигізіп жатқан пайдасы көп деп есептеймін.Жастар үй-үйді аралап, үлкендерге көрісіп, «фатихасын» алғаны өз алдына, қыс қысылып, жаз жазылатын малды ауылдардағы ағайын-тума бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болып, сыбаға таратысатын бір мейрам ғой. Соңғы кездері бір адам қатты науқастанса, қатер сұрап немесе бақиласып бару дәстүрі көмескілене түскені жасырын емес.
Адамзат тарихындағы ең ұлы да өнегелі адам пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Муфлис – сауаптарды жинағанымен, басқа адамдарға зиян тигізуімен оларға алған сауаптарын таратып беріп, еш сауапсыз қалған адам» деген. Және адам баласы байқай бермейтін үлкен күнә – ғайбат. Құранда«Біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсы бірің өлген бауырының етін жегенді қалайды? Әрине, бұдан жиіркенесіңдер. Ендеше, Алла Тағала құлдарының тәубесін қабыл етуші, ерекше мейірімді» делінген («Хужрат» сүресі, 12-аят).Тәубеге келіп, ғайбаттаған адамнан өзің кешірім сұрамасаң, ол кісі сенің оны ғайбаттағаныңды білмейді де. Ал екі адам бірін-бірі кешірмей, ахиретке алып кетсе, Алла тағала да ол күнәні кешірмейді. «Өлім – кіші қиямет» дегендей, өлім мен қияметтің алдында адамдар көрісіп, бір-бірлерінен кешірім сұрасып, күнәларын ахиретке алып кетпеу үшін бақиласқан. Көктемедегі сегіз күндік желден аман өте алмай қалуы мүмкін болғандықтан, бабаларымыз бақиласқан болса, біз неге айт ретінде тойламаймыз? – дейді имам сауал тастай отырып.
Оның айтуынша, 14 наурыз көрісіп, 22 наурызға дейін тойлаудың өзіндік сыры бар. Құран кәрімнің 11-сүресі «Һұд» деп аталады. Һұд пайғамбарға (ғ.с.) ерген Ғад қауымы адамзат тарихындағы дүнияуи дамудың жоғары сатысына көтерілген. Зәулім үйлер салған. Бірақ соңынан шектен шығып, жаза ретінде Алла тағала сегіз күндік жел тұрғызған. Жердегі тастар Ғад қауымының алып денелі дәулеріне қарша борап, тып-типыл жасаған. Сол баяғы сегіз күндік жел жұт болатын жылдары қайталанып тұрады екен.
«Кемпір осырығы» ұмытылып бара жатыр
–Біздің халық арасында кемпірдің атымен қосарланып айтылатын бір ғана табиғи құбылыс бар. Ол – жаңбырдан соңғы кемпірқосақ. Ал екінші ұмытылып бара жатқаны «кемпір осырығы» деп аталады. Бұл жағымсыз жел бұрынғы ескі күнтізбемен наурыздың бірінші күні басталып, тоғызында тоқтайды екен. «Жазғытұрымғы желжардай атанды жығады», «Сегіз сергелдең, тоғыз тоқталыс» деген сөздер содан қалған.В.Лениннің 1918 жылы 24 қаңтарда декретке қол қоюымен, Шығыс Еуропа пайдаланып келген Юлиан күнтізбесі Григорианға қосылуымен осы сандар мәнін жойды. Ал қазіргі қолданыстағы Григориан күнтізбесінде бұл «кемпір осырығы» деп аталатын жел наурыздың 14-інде басталып, 21-інде сегізінші күні бітеді. Ал 22 наурыз – жаңа күн, жаңа жыл.
Жалпы, парсыша «Наурыз» «жаңа күн» деген мағынаны береді. Шығыс халықтары аталмыш желден аман шыққан күнді жаңа жылдың басталуына балаған. Қазақ халқы да бұл күнге жетпей, қыстан аман шықтым деп ойламаса керек. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер халге жеткен шағында келетін алапат жел халқымызға талай жұт әкелген. Соның ішінде үш кезеңдегі қасірет ерекше аталады. Осының біріншісі 1723 жылғы, яғни қоян жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болатын. Екіншісі – 1848-дегі мешін жылы орын алған жұт. Ал кейінгісі 1858 – жылқы жылы «Бозайғыр» деп аталатын жылқы малы түгелге жуық қырылған жұт. Міне, бұлар осы сегіз күндік жел тұрған жылы болған еді. Осылайша, сегіз күндік жел «Тоғыз тоқталыспен» мал баққан қазақтың тұрмыс-тіршілігіне дендеп енген. Көп адам 22 наурызда күн мен түннің теңелуін Наурыз ерекшелігі деп есептейді. Алайда қыркүйектің 21-інде де күн мен түн ұзақтығы теңелмейді ме? Ал бір жылда екі жаңа жыл болуы әсте мүмкін емес. «Тоғыз тоқталыс» демекші, сегіз күндік жел тұрып, наурыздың 22-сінде ақталуына, яғни тоғызыншы күні жағымсыз желдің тоқталуына байланысты болса керек, қазақ тоғыз санын қастерлеп, ел мен елдің арасындағы сыйлықты «тоғыз сыйыт», құдалар арасындағы сыйлықты «тоғыз киіт» (оңтүстікқазақстандықтар арасында әлі де бар) деп жүргені сондықтан. «Жетім бастаған тоғыз», «жорға бастаған тоғыз» деген секілді салт-дәстүрлер де осыдан қалған. Ендеше, халайық, табиғаттың тосын мінезінен арымай шығып, Ұлыстың ұлы күніне жетуге Алла жазсын деп тілейік, – дейді Мұратбек Жахатов.
«Ұлыстың ұлы күніне» діни үкім оқылуы дұрыс емес
Молда исламдық таным қабатымен мейрам мәнін жіліктеп тұрып түсіндірді. Дегенмен мүддесі басқа діни теріс ағымды ұстанған қауым Наурызға үкім оқып тұруға «асығады». Философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдың айтуынша, елімізде ресми түрде діни мейрам деп танылған Ораза айт және Құрбан айт мейрамдары ғана. Кейін исламға «жақсы бидғат» болып енген Ашура күні мен Мәулет мерекесі, Қадір түні бар. Сондай-ақ егемен ел өркениет өрісіне сай белгілеп алған мемлекеттік мерекелер де бар. Ал Наурыз мейрамы ұлттық мереке болып саналады. Оны исі Түркі халқының мұсылман жамағаты, өркениет көшінде түпкі танымынан және тарихи тамырынан ажырағысы келмейтін өзге халықтар да тойлайды. Сондықтан «Ұлыстың ұлы күніне» діни үкім оқылуы дұрыс емес. Мейрамды кең көлемде атап өтудің шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ.
– Мұхаммед пайғамбар айтқан сахих хадис бойынша отқа табынған мәжусилермен ұқсасатап өтетініне байланысты тыйым салынған деген дерек бар. Шын мәнісінде, Наурыз мерекесінің оған қатысы жоқ. Ислам дінінің пайда болғанына 14 ғасыр өтті. Біздің еліміз – зайырлы мемлекет. Заң бойынша мемлекеттік, ұлттық және діни мерекелерді тойлаудың шеңбері белгіленген. Адамдар ақтан дәм татып, пейілмен көңіл ажарланатын Ұлыстың ұлы күнін күпірлікке балап, «ширк», «бидғат» деп қарсы шығатындардың қарекетіне зайырлы елдің конституциясына сай тосқауыл қоюға болады, – деді ғалым.
Наурыз мерекесінің тарихы берісі үш мың жылдық, әрісі бес мыңдық жылдыққа соғатыны жөнінде деректер жазылып жатыр. Түркі халықтарымен сабақтастықтың бірден-бір кепілі күн мен түн теңесетін ұлық күннің биік дәрежесін анық сезінетіні, аурасы өзгеше маусымдық кезеңінің басталуы, жыл басы деп білетінінде болса керек.
«Дін исламға кіре алмай қалған осы күнде Күншығыс Сібірінде қазақтың ағайындары бар. Тілінен, әдетінен, түсінен туысқандығы анық көрініп тұрады» деп хакім Абайдың жазуында да мән бар. Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр якут пен қазақ халқының даладағы жалғыз теректің басына ақ шүберек байлайтын дәстүрі ортақ екенін айтты. Сондықтан «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген мақал-мәтелдің түп-төркіні тегін емес. Көктем шуағы мол төгілгенде жер қопсытып, үйдің айналасын, ауланы тазартып, тал егіп, қоқыс шығарып жататынымыз, қазақы таным-түсінікке сай жаңа жылды қарсы алуға қам жасауды әлі күнге жалғастырып келеміз.
– Якуттар теректі жерасты (жын-шайтан), жерүсті (адамдар) және аспан әлемін (құдіретті күштер) байланыстыратын күш, нышан деп қабылдаған. Олардың ертегілеріндегі кейіпкерлер, әсіресе, батырлар осы үш әлемдегі шытырман оқиғалар ортасында жүреді. Қазақ халқының «Ер Төстік» ертегісінде осындай шытырманмен ұқсастық айқын аңғарылады. Наурызда босағаға ақ жағу, отқа май құю, жылқы құйрығының талынан сыпырғыш жасап, қымызға малып, жын-перілерден аластау ғұрыптарын Саха тұрғындары әлі күнге сақтаған. Бір ерекшелігі, якуттар 22 маусымда жаңа атқан күнді дөңгеленіп, қол жайып қарсы алады,- дейді ғалым.
Расында, қазақ халқында алқа-қотан отырып кеңесу, мәжіліс құру, басқосу дөңгеленіп отырудан басталады. Киіз үйден бұрыш көрмеген ұрпақ күлдіреуіштен сығалаған күн сәулесін, шаңырақтың дөңгеленіп бітіп, шексіз кеңістікті бейнелейтінін, алып дала төсінде табиғат заңдылығын тап басып білгендігін бүгінгі ғылым болжаусыз, таңдай қаға мойындайды. Тіпті түркі халықтары ойлап тапқан арбаның дөңгелек тегершігі күллі техниканың қарыштап дамуына негіз болғанын ешкім жоққа шығармайды. Түбі бір Түркия елі де, діндес халық күрдтердің де Наурызды тойлап, дөңгелене билейтінін қайтерсің.
«Ұлыстың ұлы күні – таза көшпенділердің мерекесі. Исламға дейінгі дәуірдің еншісіндегі тарихи таным, дәстүр тамыры. «Наурыз» деген парсы сөзі діни әдебиеттер арқылы тілімізге енгенімен, «бәйшешек» көне түркі сөзі екенін ұмытпағанымыз жөн. Шешек ату «гүлдену, гүл ашу, гүлдену» сөздерімен төркіндес», – деді Мұрат Сабыр.
Адамзат баласы бір кіндіктен тарағанын діндер де айтса, ғылым да аракідік дәлелдеп қояды. Ендеше, ғаламдық тарих көшіне көз тігіп қойсақ, бұл мереке ХVIII ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланды деген ұйғарым да кездеседі.
Тоқетер түйін:
Ұлттық мерекенің жалпыхалықтық сипат алғанын мемлекет те қош көріп отыр. Көрісу күнін мәре-сәре болып, ауыл-аймақтағы ағайын да бастайды, қаладағы қалың қазақ та қоштайды. Өзге этнос өкілдері де өгейсініп жатқан жоқ.
Көрісу айтта тума-туыс қауышпақ. Құшақ айқаспақ. Көрші-қолаң көңіл кірбіңінен арылмақ. Өкпе-наз ұмытылмақ, достық шырағы жағылмақ. Жасы кіші үлкенге сәлем салмақ. Бауырсақ дастарқанда монтиып, сабада тоғызкөже пісіп тұрмақ. Қариялар жадырап, күлшелі балалар жарапазан айтпақ. Алыстан ат сабылтып ағайын келмек. Қала мен дала, күн мен түн теңеспек. Мейірім шуағы молайып, ынтымақ-ырыс әкелмек. Түбі бір түркі халқы табысып, барша ұлтқа қол созбақ. Бәйшешек гүлдеп, тал егілмек. Жылдағы ғадет. Ғасырлар ғұрыбының жалғасын табуы. Ұлттық құндылықтар, ар-иман сәулесі жарқырай түспек. Міне,адамгершілік қағидаттарына ешқандай дін қарсы тұра алмайды. Керісінше, жымдасады, тамырланады. Бағымызға орай, бабамыз қай дінді қабылдау қолайлы екенін біліпті. Исламның дәстүрмен қабысқанына құшақ ашыпты, ғылым-білімін, әдеп-ибасын, обал-сауабын мәдениет қабатына сіңіріпті. Сондықтан бүгінгі ислам – дін мен дәстүрдің, діл мен даналықтың діңгегі. Наурыз – барша игі танымға төлбасы.
Нұртай ТЕКЕБАЙ,
меншікті тілші,
Батыс Қазақстан облысы
«Дүрбі» №1, 14 наурыз, 2019