Жаңалықтар
Ақтөбе облысында 500-ге жуық адам дәстүрлі дінге бет бұрды
«Аңсар» ақпараттық-талдау орталығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен ақпараттық-түсіндіру тобының жиыны өтті.
Жиында облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев ақпараттық-түсіндіру тобының өткен жылы атқарылған жұмысы туралы есеп берді. Былтыр облыс бойынша 41 мың адам қатысқан 2 мыңнан аса шара өткен. Деструктивті діни ағымды ұстанатын 486 адам дәстүрлі дінге бет бұрған. Сондай-ақ облыста 14 ақпараттық-насихат тобы жұмыс жасайды.
Биыл бес бағытқа баса назар аударылады. Бірінші – дін саласындағы құқықтық сауаттылықты қамтамасыз ету, екінші – дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, үшінші – діни жат ағымдардың алдын алу, төртінші – дін ұстанушы азаматтардың көзқарастарын айқындау жұмыстары, бесінші – тиісті орындармен бірлесе жұмыс жүргізу. Сондай-ақ басқарма басшысы «Дін. Қоғам. Жастар» жобасы аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады. Жиында облыстық ақпараттық топтың мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, «Бейбітшілік пен келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Есмағанбетов Елбасы тапсырмасы бойынша бірқатар шаруаны қолға алу керектігін және діни ахуалды тұрақтандырудағы қоғамдық институттардың рөлі туралы ойларымен бөлісті.
Жиын соңында Мавр Абдуллин басқарма басшысы мен топ мүшелеріне бірқатар тапсырма берді. Орталықтың жұмысымен танысты.
Абат ҚАРАТАЕВ,
меншікті тілші,
Ақтөбе облысы