Жаңалықтар

«Онлайн-емханаға» хабарласқан тұрғындар дін саласындағы сұрақтар да қояды

Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартушылар арасында «Алдын ала егілудің адам өміріне пайдасы» тақырыбында кездесу өтті.

Жиынға облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев, Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Ғалымов, №7 қалалық емхана директорының орынбасары Н.Үмбетқалиева, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің балалар бөлімінің меңгерушісі А.Кушумова, облыстық ЖИТС-қа қарсы күрес және алдын-алу жөніндегі орталығының «Алдын алу» бөлімінің меңгерушісі Б.Ережепов, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері О.Сүгірова, Орталық мамандары, теолог мамандар, деструктивті діни ағымдардан жапа шеккен жандар қатынасты.

Кездесуде алғашқы сөз алған №7 қалалық емхана директорының орынбасары Н.Үмбетқалиева: «Вакцинация алудың арқасында жұқпалы аурулар (қызылша, гепотит) көрсеткіші төмендеді. Бұрынғы кездері сары ауру көктем, күз айларында көптеп кездесетін, қазіргі таңда ол аурулар әр түрлі жағдайда өте сирек кездеседі. Екпе салудың алдында бала дәрігердің толық тексерісінен өтеді. Оның қызуы тексеріледі, маманның арнайы кеңестерін алады»-деп атап өтіп, профилактикалық егулер бойынша алдын ала жүргізілетін екпелер, иммундаудың маңызы, Қазақстан Республикасындағы екпелердің ұлттық күнтізбесі, екпелер қандай аурулардан қорғайды, оның тарихы туралы мәліметтер берді.

Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Ғалымов: «Қазіргі таңда 20-дан астам вакцинаның алдын алу мақсатында республикалық мекемелер тарапынан 50000 адамның қамтылуымен 73 шара өтті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Онлайн-емхана» бағдарламасы жүзеге асырылуда» дей келе осы бағдарлама аясында тұрғындардың өздерін толғандырар сауалдарына арнайы мамандар тарапынан нақты жауаптар ала алатындығын жеткізді. Сондай-ақ, медицина тұрғысынан ғана емес, дін саласындағы сұрақтар да қамтылатынын атап өтті.

-Соңғы үш жылда ата-аналарға түсіндірме жұмыстарының дұрыс жүргізілмеу салдарынан асқынулар кездесіп жатады. Осы бағытта тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет. Бұл жұмыс жүйелі түрде өткені абзал. Жалған ақпараттардың арқасында, жастардың екпеден бас тартып жататынын көреміз. Вакцинациялаудың пайдасы жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Сонда ғана екпеге қарсы адамдардың санын төмендете аламыз,- деді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің балалар бөлімінің меңгерушісі А.Кушумова.

Сонымен қатар, облыстық ЖИТС-қа қарсы күрес және алдын-алу жөніндегі орталығының «Алдын алу» бөлімінің меңгерушісі Б.Ережепов те жарыссөзге шығып өз ойын ортаға салды.

Жиын соңы қатысушылардың «халық денсаулығы – ұлт байлығы» деген пікіріне ұласып, салмақты ойлар ортаға салынды. Орталық басшысы М.Құбышев барлық қатысушыларға өз ризашылығын білдіре отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close