Жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақтың тілі – қазақтың жаны!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газетіне берген сұхбатында қазақ тілі мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Сұхбат барысында Президентке мемлекеттік тілді дамыту үшін қандай шаралар атқарылу керектігі туралы сұрақ қойылған болатын.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, сұхбат барысында латын графикасына көшудің алдағы қадамына да назар аударылды. Бұл ретте Президент кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. «Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ, қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.