Руханият

Псевдосалафизмді жеңетін тарихи сана

Қазіргі әлемдегі болып отырған діни-саяси ахуал тұрақты емес екенін, оған түрлі саяси-экономикалық астыртын күштердің жағымсыз әсер етіп отырғаны – жалпы халыққа белгілі жағдай. Таяу Шығыс елдерінде орын алған діни экстремистік топтардың елдер ішінде ылаң салып, бүлік шығарғаны, одан қаншама жазықсыз азаматтардың жапа шеккені – ақиқат жағдай. Бұл жағдайлардың шешілуінде Елбасының рөлі өте жоғары болғанын бүгінгі тарих растап отыр. Дейтұрғанмен, кейбір теріс идеялардың жастардың санасына сынамалап еніп отырғаны әлі де жағдайды ушықтырмаса, жақсартпайтыны анық. Елімізде жүздеген, мыңдаған азаматтың әлі де болса жалған ағымдардың жетегінде жүргені – белгілі жағдай.

Бүгінгі ел арасында радикалды іс-әрекеттерге итермелеп отырған псевдосалафилердің (уахабилердің), теолог мамандардың пікірінше, «идеялық тартымдылығы» тоқтар емес. Мұның соңы діни дүрдараздықтың тоқтамайтындығын білдіреді. Өңірлердегі дін істері басқармаларының жыл сайынғы есептеріне назар салсақ, бүгінгі оңалту саласындағы атқарылып жатырған жұмыстардың нақты күрес болғанымен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Мысалы, өңірлердегі оңалту орталығы тарапынан жылына 100 теріс ағым мүшесі оңалтылса, теріс ағым мүшелері сонша азаматты өз қатарларына қосып алуда, мұны псевдосалафилер санының азаймағанынан да байқауға болады.

Бұл күрес жұмыстарының барысы оңды болғанымен, мәселе нәтиженің елдік, ұлттық мүддеге пайдалылығында болып отыр. Елдегі діни экстремизммен күресте шет елдік теріс ағым жолындағы ұстаздың (шейх) діни түсінігіне өзге шет елдегі басқа бір ұстаздың түсігінімен жауап беру орын алған. Бұл түптеп келгенде, ұлттық мүддені түгендемес. Бұл радикалды ағымдармен күрестегі мамандардың да рухани жаңғыруы қажеттілігін туындатады.

Халықтың ұлттық болмысы мен ғылымға деген ынтасын, махаббатын, оның рухын ислам арқылы тәрбиелеуге болады. Сонда оның ұлттық ойлауы

имани деңгейге, ғылымға құштарлығы екі дүниелік ойлау болмысына айналады. Сол кезде ондай ұрпақты ешбір күш тоқтата алмайды деп сенемін. Себебі дінде қаттылық бар. Санамыздың нағыз тәуелсіздігі осы жерден басталатын шығар.

Мәселе тәпсірде

Мәселе исламда емес, оны тәпсірлеушілерде болып тұр. Ұлттық болмысты имани деңгейге де көтеруге болады. Ол үшін жастардың генеологиялық жадын жаңғыртып, ұлттық жолымызды исламмен тәпсірлеу ләзім. Мұны жасай алмасақ, ұлтты қазіргі жаһандану жағдайында сақтап та қала алмаймыз. Өйткені дінде қаттылық бар. Ол қаттылық ұлттық болмыста әр қазақтың санасында орын алса, болашақ қорқынышсыз, жарқын болады деп сенемін. Бұл жастардың рухын ғылымға итермелеуге де қатысты.

Біз көбінесе Еуропаның ғылым жүйесін басшылыққа алуға тырысамыз. Ал ол жүйенің қазақ философиясында да, ислам философиясында да бар екенін ұқпаймыз немесе мойындамаймыз. Бұл – әр азаматтың ұлттық болмыс пен исламнан хабары жоғынан (шын мәнінде бар, бірақ санасы жаңғыртылмаған).

Шәкәрімше айтқанда, «Сырт тазасы не керек, тазарт әуелі ішіңді». Қазақтың жаңғыруының түп негізі осында жатқан сияқты. Ішкі күш, ішкі мән. Ойлау деңгейін арттыру. Қасиетті Құранның өзінде Алла Тағала айтпайды ма: «Мен құдіретімді адамдар арқылы көрсетемін» деп. Тарихта ислам әлемі неге ғылымның биік шыңына шығып (сол кездің дәуірінде), классикалық ислам деген атпен танылды? Ал батыс сол ғылымды латын сөзіне аудара салды. Солай әрі қарай жалғастырып ала кетті. Мәселен, Құдай жоқтан бар жасаса, біз бардан бар жасау керекпіз (ата-бабалар сөзі). Тек кішкене саналы ойлап, тек ойлап қана қоймай, ойымызды нақты материалдық жетістік құралына айналдыра алсақ болды. Құдайдың кереметін ғылымға ұмтылып, ғылым арқылы көрсетсек болды. Шын мәнінде, «Білетіндеріңнен білмейтінің көп» демей ме қасиетті Құранда?! Сондағы нақты түйін – Алланың құдыретін ғылым арқылы ашып, оны халқыңның пайдасына ыңғайлау.

Мәселе тағы да тәпсірге тірелетіні туралы данышпан Шәкәрім бабамыз былай дейді: «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, Дін десе, тұра қашты есті азамат. Бар обалы олардың тәпсіршіде, Адасып, нұрлы аятқа жағыпты тат. Ол қатені түзеткен әлімдер көп, Соның сөзін оқысам, боламын шат. Қиянатың бар болса, иманың жоқ. Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат».

Псевдосалафизмді жеңетін тарихи сана дедік. Қазіргі айтыс-тартыспен псевдосалафизмді түбегейлі жеңеміз деу – бекершілік. Кез келген қауіпті идеологияға қуатты идеологияны ғана қарсы қойып, ойылған олқылықтың орнын толтыра аламыз. Ол идеологияның аты – тарихи сана. Қазақтың дала философиясына арқа сүйеген әдебиет. Осы екеуі ислам (ханафи мазхабы, матуриди ақидасы) дүниесімен астасып жатуы қажет. Қалған тірліктің бәрі – уақыт пен шығынды босқа өлтіру.

Генеологиялық жады деген түсінікті ғылым бар. Жас ұрпақтың санасында ата-бабаларынан сіңген ұлттық жады бар. Біз сонны қозғай білуіміз қажет. Ол үшін тарихи кинолар мен елден ислам, ұлттық тарих, әдебиет ғылымын меңгерген шешен-ғалымдарымызды қаржыландырып, қоғамға қоя беруіміз қажет. Әрқайсысы мыңдап орта жинап, бәрі бір арнаға қазақ санасын топтастыра алады. Ол үшін жүйелі қаражат пен нақты мемлекеттік қолдау қажет.

Ұлттық рух

Бүгінгі ел арасын ылаңдай бүлдірген жат идеологиялардың негізі сырттан таңылғандықтан, оған қарсы күш ұлттық болмыс екенін тағы да ұғамыз. Халықтың рухын билер жат идеологияларға ұлттық құндылықты ғана қарсы қоя аламыз. Мемлекет халықтан құралады. «Халық – Құдайдың бір аты» деген қазақ. Демек, сыбызғының өзінің негізін іздеп, ыңаранғаны секілді, халық та өзінің негізін іздеп, шатасумен болмақ. Шатаспаудың ең дұрысы – өз негізінен рухани суару ғана. Біз бұдан сыртқы болмыстың ішкі мәнге байланысын ұғамыз. Ал ішкі мәннің өз негізінен ғана нәр алатынын бағамдаймыз. Бізге белгілісі – осы байланысты ретпен үйлестіргенде ғана халықтың өз жолынан танбайтыны.

Қазақ ұғымында «сергек болу, тың болу» деген ұғымдар орын алған. Бұның тән емес, жанға ғана байланысты екенін көреміз. Демек, адам жанының бойында құндылықтар алмасқанда жанды билер рух қалыптаспақ. Ол рух қайдан келді, бұл өте маңызды. Енген рухтың әсерінен адам санасы не тың, не ұйқыда болмақ.

Жарас АХАН,

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

ДМЖҒЗТО бөлім басшысы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close