Жаңалықтар
«Ел үлесі – пәтерге» жобасы іске қосылады
Қасиетті Рамазан айының құрметіне Атыраудың бас мешіті «Зекет» қорымен бірлесіп, «Ел үлесі – пәтерге» жобасын іске қосқалы отыр. Бұл туралы «Атырау – Ақпарат» медиахолдингі базасында өткен баспасөз-конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров мәлімдеді.
«Қазіргі таңда мешіттер тарапынан әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы, жалғыз өзі бірнеше бала тәрбиелеп, мұқтаждық жағдайда қалып отырған отбасылардың тізімі жасақталуда. Жоба жамағат ерікті түрде берген зекет, садақа есебінен жүзеге асырылады. Мешіт қызметкерлері және жамағат тарапынан арнайы комиссия құрылып, қаржының есебі жүргізіледі. Осылайша, комиссияның ортақ шешімімен мұқтаж отбасыларға баспана алып берілетін болады», – деп атап өтті Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров.
Тағы бір жаңалық – Рамазан айында Атырау облысының бас мешіті «Тегін такси» жобасын іске қосқалы отыр. «Мәселен, Тарауық намазы отыз күн бойы оқылады. Және 20 рәкат Тарауық намазы түнгі 00.30-1.00-ге таман аяқталады. Осындайда қарттарымызды, әжейлерімізді тегін таксимен үйлеріне дейін жеткізіп салуды ойластырып отырмыз», – дейді бас имам.
Ерекше айта кетерлігі, қасиетті ораза кезінде Атырауда Құран жарысы өтеді. Орталық «Иманғали» мешітінде өтетін Құран жарыс екі кезеңде жүреді. Яғни сайысқа 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндер және 12-30 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, өзара бақ сынасады.
Сондай-ақ дәстүрлі ауызашар дастарханы облыстағы барлық мешітте жалғасады. Мәселен, бір ғана орталық «Иманғали» мешітінде күн сайын кемінде 750-800 адамға ауызашар беріледі. Осы мақсатта облыстың бас мешітінің ауласына алты бірдей киіз үй тігу жоспарланып отыр.
Еске сала кетелік, биыл ораза 30 күн. Пітір садақа мөлшері – 300 теңге. 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 5 маусымда жергілікті уақытпен 7.00-де Айт намазы оқылады.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ