Басты тақырып
Бір ай ораза ұстау – парыз
Жақында Жанар Байсемізова-Колесникова «Жас Алаш» газетіне «Отыз күн ораза – парыз емес» деген бағытта мақала жариялаған болатын. Мақала кейін әлеуметтік желіге жүктеліп, біраз шу тудырды. Діндарлар тарапынан «Халықтың көңіліне күдік салып, қоғамды бүлікке шақыратын далбаса» деп бағаланып жатқан аталмыш мақалаға орай «Дүрбі» газетінің тілшісі дін мамандарына хабарласқан болатын. «Бір ай бойы ораза ұстау Құранда жоқ» деген Ж.Байсемізованың пікіріне берілген мамандардың жауабын жариялап отырмыз.
Балғабек МЫРЗАЕВ,
дінтанушы, PhD докторы,
Дін істері комитеті исламдық діни бірлестіктермен
байланыстар басқармасының басшысы:
Бұл Құранға да, мұсылманның бірлігіне де қайшы
Бүгінгі күні діннің негіздерін меңгермеген, Құранның аяттарын толық оқымаған, десе де, өздерін қоғамның белсендісі, білгірі деп есептейтін кейбір азаматтардың тобы пайда бола бастады. Және дінді толық білмейтін бұл топ діндарларға дінді үйреткісі келіп отыр. Бұл ақпаратты әлеуметтік желіден оқыдым. Бір қарындасымыз әлдекімнің мақаласына сілтеме жасап, «Құранда отыз күн ораза ұстау деген парыз жоқ» деп уәж айтыпты.
Осы жерден-ақ ол кісінің Құранды толық оқымағаны көрініп тұр. Өйткені Құранда «Бақара» сүресінің 185-аятында Рамазан айы туралы жазылған. Яғни Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы. Айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. «Осы Рамазан айында араларыңнан кімде-кім аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін» дейді Құранда. Яғни «Рамазан айында ораза ұстаңыздар» дейді.
Ай дегеніміз – 29 немесе 30 күннен тұратын уақыт. Ал «Егер осы айда науқас болып немесе сапар шегіп жүргендер болса, олар оразасын қаласа, қаза қылмастан, басқа уақытта ұстай алады» дейді. Яғни сапарда жүрген кезде адамдар оразадан босатылады. Осылайша, Алла Тағала, Құранда айтылғандай, адамдарға жеңілдікті қалайды, ауырлықты емес.
Сондықтан қасиетті айда мұсылман бауырларымызды бүлік шығаруға емес, көбірек Құран оқуға, қайырымдылық жасауға, елге, халыққа пайдалы іс әрекет жасауға үндер едім.
Егер біз Рамазанда кемінде он адамға қайырымдылық көрсетсек, зекет берсек, біреуге Құран үйретсек, бұл үлкен сауап болар еді. Және бір мәселе – ораза арабтардың салт-дәстүрі емес. Өйткені Құран-Кәрім – барша адамзатқа жіберілген қасиетті кітап. Осы қасиетті кітаптың аяттары Алла Тағаланың сөзі болғандықтан, біз дінді қандай ма ұлтқа жекелеп таңа алмаймыз.
Рамазанның 29 иә 30 күн екендігін бізге Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің күнделікті іс-әрекеттерінде, өмір сүру салтында көрсетіп кетті. Енді біз оразаны он күн ұстау арабтың салты, он бес күн ұстау басқаның салты деп бөлінетін болсақ, қателікке ұрынамыз. Сайып келгенде, бұл – дінге де, Құранға да, мұсылмандардың өзара бірлігіне де қайшы келетін мәселе.
Қазақта «Атың шықпаса, жер өрте» деген нақыл сөз бар. Бұл жағдайды өзін елдің арасында танытқысы келіп жүргендердің әрекеті деп есептейміз. Әрине, біз барша пайғамбарды, оларға жіберілген кітаптарды – «Інжіл», «Таурат», «Забур» кітаптарын, олардың қасиетті екенін мойындаймыз. Дегенмен мұсылмандар өздерінің өмір сүру салтында тек қана Құранды негізге алатынын білуіміз керек.
Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы:
Жаңсақ пікір жарға жығады
Алла Тағала бұлжытпас әмірі мен тыйымдарын белгілеп, соның аясында тәртіпке бағынуды бізге бұйырады. Дінімізде Алланың бұйырған шариғаты басты орында тұрары сөзсіз. Сондықтан Алла бұйырған шариғат заңдарын тар санамызға салып, оны бұзуға пәндәуи хақымыз жоқ. Данышпан Абай атамыз:
«Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі», – деп Алла әмірінен аттамау керектігін, бұйрығына құмарлықпен бағыну қажет екенін өрнектеп кеткен. Қазір шариғатты тілге тиек етпейтін жан жоқ. Әсіресе, діни сауатының төмендігіне қарамастан, пәтуа айтып, шариғат әмірлері жайында ойына келген сандырағын сөз ете салатындар бар екен. «Тисе, терекке, тимесе, бұтаққа» дегеннің кейпі бұл. Неге бұлай деп жатырмын?
Қазір әлеуметтік желі деген бар. Ол жерді құдды қоқыс полигоны секілді пайдаланатындар көп. Сол желіде аузына келгенін айтып, шариғатты бұрмалаған пікірлер кездеседі. Мәселен, «Рамазанда бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ, бұл араб халқының ежелгі салт-дәстүрі ғана» деген жансақ пікір өріп жүр. Тіпті Құранның ораза ұстау керектігі жайында нақ аяттардың барын біле тұра, «Ораза парыз етілмеген» деп шариғатты өрескел бұрмалауда. Бұлай былапыт пікірмен шариғат заңын былғауға болмайды, оған тіл тигізуге ешбір жол жоқ. Тіпті, керек болса, Алла алдында оның да сұрауы болады.
Қазақстан мұсылмандары мен әлем мұсылмандарының да бір уақытта Рамазан оразасын ұстауы бекер немесе жәй нәрсе емес. Себебі оразаның парыздығы еш күмәнсіз Құранда және хадисте нақ дәлелмен парыз етіп бекітілген. Бұл құлшылық бүгін шыққан жоқ. Пайғамбарымыз с.ғ.с нің дәуірінен бері келе жатқан ұлы құлшылық. Әлемдегі миллиардтаған мұсылмандар ұстап келе жатқан құлшылық. Мұның күнін қыстарту не ұзарту біздің еншімізде емес. Алла тағала: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай, ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар», – деп оразаның парыздығын әмір еткен. («Бақара» сүресі, 183-аят). Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деген.
Демек, ораза – бiр ай бойы адам баласын iшiп-жеуден ғана емес, өтiрiк-өсек айтудан, бiреудi сыртынан ғайбаттаудан, бейәдеп сөздер мен адамгершілiк қағидаларына жат әдеттерден аулақ болуға тәрбиелейтін парыз ғибадат. Ораза нәпсiнi жамандықтан тiзгiндеп, әрі жүректi күнә атаулыдан тазартады.
Жоғарыдағыдай жаңсақ пікірлер адамның діни білімділігін емес, санасының саяздығын көрсетеді. Мұнымен қатар қоғамға, әсіресе, мұсылман жамағатының арасына екіұшты пікір қалдырады. Яғни қоғам мүшелерінің арасына бүлік тудырудан басқа ештеңе әкелмейді. Мұндай теріс пікірлермен ораза тоқтап немесе ораза ұстаушылардың саны азайып қалмасы тағы хақ. Сол үшін ислам дінін толық білмей, Құран-хадистердің мәнісін түсінбей, теріс пікір айтудан сақтану қажет. Сол үшін шариғат жайында сөз қозғағанда бас-көзсіз қателікке кете беруге болмайтынын ескергеніміз жөн.
Тағы да айтайын, «Рамазанда бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ, бұл араб халқының ежелгі салт-дәстүрі ғана» деген жаңсақ пікірлермен халықты бөлінушілікке итермелемеу керек. Қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Құранда бұл мәселе жайында былай дейді: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер». («Бақара» сүресі, 217-аят). Қайта адам баласын ораза секілді сауапты амалдар арқылы жақсылыққа, бірлікке, ынтымаққа үндеу қажет. Құран аяттары мен хадистер бізді осыған шақырады.
Шынында, Рамазан – он екі айдың сұлтаны, Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Ақ пен қараны ажыратып, тура жол нұсқаушы Құран түскен ай. Рамазан – шын ықыласпен тәубе ететін сәт әрі жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдардың сауабын еселеп жазатын берекелі ай. Рамазан айы – Құран, құлшылық пен тәуба, кешiрiмнiң айы. Міне, рақымы мол Рамазан айы осындай қадір-қасиеттерімен ерекше. Санаулы ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізейік. Ораза қабыл болсын!
Еркінбек ШОҚАЕВ,
Алматы облысының бас имамы:
Оразаны ешкім жоққа шығара алмайды
Мұны белгілі бір деңгейде далбаса десек болады. Он төрт ғасырдан бері бекітілген оразаны ешкім жоққа шығара алмайды. Сайып келгенде, бұл – өздеріне назар аударту мақсатында бүйректен сирақ жасауға тырысатындардың әрекеті. Асылында, шариғатымыз Құранды хадистермен, сүннетпен түсіндіреді. Сондықтан Құранда айтылған үкімдерді қалай орындаймыз, қашан орындаймыз деген мәселелерді Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннетінде түсіндіріп, баяндайды.
Мақалада оразаға қатысты аяттың бұрмаланғанын көреміз. «Бақара» сүресінің 183-аятында оразаға қатысты «ұсыныс» деген сөз келмейді. Бұл жерде «жазылған», «міндеттелген» деген сөз бар. «Бұрынғыларға міндет болып жазылғаны секілді, сендерге де жазылды» дейді.
Оразаның қанша күн, қанша уақыт екендігі сенімді хадисте келеді. Барлық мұсылманға белгілі хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазан айын ұстаса, Рамазан айы 29 не 30 күн болады. Ай толығымен ұсталуы қажет» деп аятты түсіндіреді.
Мұндай әрекеттер қай кезеңде де болып тұрады. Бірақ мұндай әрекеттен исламның дәрежесі кеміп қалмайды.
Дайындаған Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ,
меншікті тілші,
Атырау қаласы