Жаңалықтар

Арыс: зардап шеккендер саны 52-ге жетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарының жағдайына қанық болып, Үкімет тарапынан қолдау болатынын, үйлерін қалыпқа келтіретінін мәлімдеді.

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы тәртіпті қадағалау үшін 345 полиция қызметкері жұмыс істесе, қосымша Ұлттық гвардияның 500 сарбазы көмекке келген. Тұрғындардың негізгі бөлігі қаланы өз аяғымен тастап шыққан. Соңғы сағатта 1616 адам елді мекеннен көшірілді.

Ордабасы ауданы, Төреарық ауылындағы Тәукехан мектебінде эвакуацияда отбасынан көз жазып қалған балалар жиналуда. Олардың фотосуреттері Түркістан облысының әкімдігі сайты мен ресми парақшасында жариялануда.
Арыс қаласындағы жарылыстан өңірге радиациялық қауіп жоқ. Бөген суқоймасы тұрақты бақылауға алынғандықтан, су басу қатері бар деген ақпарат та қауесет. Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Қорғаныс Министрі Нұрлан Ермекбаев және ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер хабарлады.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер саны 52-ге жеткен. Біреуі – әскери адам. Оның ішінде 39-ы ауруханаға жатқызылды. Бұған дейін белгілі болғандай, ауыр жарақат салдарынан 1 адам қайтыс болды.

Төтенше жағдайлар комитеті Арыстағы өрттің сөндіріле бастағанын хабарлады. Апат орнында өрт сөндірушілердің 375 жеке құрамы мен 51 техника жұмылдырылған.
Сарапшылар апат салдарын талқылап жатыр. Кеңес дәуірінен қалған оқ-дәрілер қоймаларда сақтаулы көрінеді. Арыстағы ең алғашқы жарылыс таңғы сағат 9:20-да тіркелген. Қорғаныс министрлігі арыс маңында жарылмаған снарядтар бар екенін жеткізді.

Сейсмологтар жарылыс аумағында жер асты дүмпулері тіркеліп, 10 шақырым қашықтыққа дейін сезіліп отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта Арыс арқылы өтетін пойыздар кестесіне өзгерістер енгізіліп жатыр.

«Дүрбі«

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close