Жаңалықтар
Түзеу мекемесінде сайыс өтті (СУРЕТ)
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Атырау облысы Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша 2019 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес, ҚАЖ департаментіне қарасты УГ157/1 әйелдер түзеу мекемесінде «Рухани жаңғыру – ұлттық ұлағат үлгісі» бағдарламасы аясында «Қазақ аруы» атты сайыс өткізілді.
Шараның мақсаты жазасын өтеуші азаматшаларды зайырлы ортаға бейімдеу, қоғамда әйел адамның ерекше орын алатындығын сезіндіру. Сонымен қатар, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын олардың бойына сіңірту.
Аталған шараға 5 жазасын өтеуші қатысып, өнерлерін паш етті. Шара үш кезеңнен тұрды. «Мен қазақтың қызымын» деп аталған бірінші кезеңде сайысқа қатысушылар өздерін өлең жолдары арқылы таныстырды. Ал «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, «Қыздарға әсемдік жарасады» кезеңінде қазақтың ұлттық киімдерін, қолөнерлерін көрсетті.
Сайысқа «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының бөлім басшысы Ж.Жұмағалиева, теолог маманы М.Рустамқызы, бас маман М.Таженова қазылық етіп, жеңімпаздарды анықтады.
Сайысқа қатысушылар берілген тапсырмаларды жоғары дәрежеде орындап шықты. Өнерімен көзге түсіп, үздік марапатқа Қызылорда қаласының тұрғыны, жазасын өтеуші азаматша ие болды.
Шараның соңында сайысқа қатысушыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар, жазасын өтеуші азаматшалар ізгі тілектерін айтып, алғыстарын білдірді.