Жаңалықтар
Батыржан қажы МАНСҰРОВ: «Ер адамның бөгде әйелмен құшақтасуы – күнә»
-Жалпы, ислам шариғатында ерлердің бір-бірімен амандасуы немесе әйелмен әйелдің амандасуына рұқсат. Оған тыйым жоқ. Айталық, тіпті екі адам бір-бірімен қол алысып амандасса, олар қолын ажыратқанға дейін араларынан күнәсі төгіледі деген де хадис бар. Бұл ерлерге қатысты. Бұл жерде шариғат тыйым салған құшақтасудың үкімі қандай? Шариғатта ер адамның бөтен әйел адаммен амандасуына тыйым салынады. Яғни бұған Пайғамбарымыз тыйым салған. Және Пайғамбарымыз ешқашан әйелдермен амандаспаған, яғни бөтен әйелге қол бермеген. Сондықтан ислам шариғатында амандасумен құшақтасудың өз шеңбері бар. Ер адам өзінің әйелімен, қыздарымен, анасымен, қаны бір туысқан әйел адамдармен амандасып, көрісе алады. Ал одан тыс әйелдермен, мысалы, алыс жақындарымен, алыс нағашы, жиендерімен қол беріп амандасуға, құшақтасуға болмайды. Мәселе, ер адамның бөгде әйелмен құшақтасуы – күнә. Имам Науауи айтады:«Әйелдің қай жеріне қарауға болмайды, сол жерін ұстауға да болмайды. Бәлкім ұстаудың күнәсі ауыр болады»
«Зинаға тіпті жоламаңдар! Өйткені ол – барып тұрған азғындық, (кісіні тозаққа сүйрейтін) жаман жол!» (әл- Исра: 32).
Бұл аятта зина жасама демеді, бәлкім жақындама деді.Ол бөтен әйелді ұстауға, қарауға, қалжыңдасуға болмайды. «һидая» кітабының авторы, Ханафи мазхабының әйгілі ғалымы Бурхануддин Әл-Марғинани: «Ер кісіге әйелдің жүзін де, қолын да ұстауға болмайды. Мейлі ол шаһуатын тия алса да» деген.
Бүгінде көптеген ер азамат, әсіресе, той-думандарда бөгде, таныс емес әйелдермен амандасуы былай тұрсын,құшақтасып, билеп жатады. Соның салдарынан отбасының шырқы бұзылып, кейде ыдырап жатады. Күйеуі әйелін қызғанады немесе керісінше. Шариғат отбасына, қоғамға зиянын тигізетін нәрселердің алдын алады. Құшақтасу мен амандасудың өзінің шеңбері болу керек. Ер адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып амандаса алады. Бұл арқылы ер адамдар бір-біріне деген құрметін, көптен көрмеген сағынышын көрсетеді. Бұл – қазақтың тамаша дәстүрі. Алайда біз шариғат тыйым саған нәрселерден сақтануымыз керек. Өйткені зиянды нәрселер адамдарға кесірін тигізуі мүмкін, – дейді ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, облыстың бас имамы Батыржан қажы МАНСҰРОВ.
«Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болып па?»
Құшақтасу мейрамының адамдар көңілінен шыққаны сонша, бүгінде бүкіләлемдік мейрамға айналды. Бұл мейрамның ерекшелігі – оны өткізуге ешқандай қаржы керек емес және таныс болмаса да, көшеде қарсы келген кез келген адамды құшақтай кетуге болады. Бірақ кез келген адамды, соның ішінде ер адам әйелді, ал әйел ер адамды танымай тұрып құшақтау қазақтың діліне, табиғатына қарама-қайшы екені даусыз. Сондықтан бұл мейрамға біз қазақтар «Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болып па?» деп те қараймыз.
Қасиетті ислам дінімізде құшақтасудың үкімі қандай және оның қандай зияны бар?Исламдағы құшақтасудың үкіміне тоқтамас бұрын құшақтасудың адамға қандай пайдасы барына тоқталайық.
…ол әйел иті өліп, жалғыз қалған екен
Құшақтасу мейрамын АҚШ-тың студенттері емес, алғаш Австралия азаматы Хуан Манн ойлап тапқан дейді кейбір ақпарат. Өмірінің жолы болмай жүрген кезеңінде Сидней әуежайына келіп түскен оны жан баласы қарсыламаған.Бір-бірін қарсылап алып, құшақтасып жатқандарды көрген ол «Құшақтасу тегін» деп жазып, мойнына іліп алыпты. Оны бір әйел келіп құшақтапты.Сөйтсе, жалғызбасты әлгі әйелдің иті өліп қалған екен… Сол сәттен бастап Хуан көшеде құшақтасуды бастаған. Оның бұнысы билікке ұнамай, тыйым салған. Бірақ Хуан ақыры тегін құшақтасуға рұқсат алып, Сиднейдің көшесінде мойнына плакатын іліп алып жүріпті. Ол: «Мен адамдарға қуаныш сыйлау арқылы өзім де бақытқа бөленемін» – дейді екен. Бұл мейрамды кім ойлап тапса да, адамдарға тек қана жылылық сыйлайтындығымен кең таралып кеткен.
Танымайтын адаммен құшақтасу мүмкін бе?
Бұл айтуға ғана оңай. Аяқ астынан танымайтын адамды құшақтаймын деп қолайсыз әрі күлкілі жағдайға тап келуіңіз де мүмкін. Себебі адамдар әртүрліболады, олардың кейбірі құшақтасу түгілі, қолынан ұстағанды да жақтырмайтын болуы мүмкін. Оның үстіне танымайтын, өміріңде бірінші рет көріп тұрған адам сізді бас салып, құшақтай кетсе, не істер едіңіз?! Сондықтан мейрам ғой деп кез келген адамды құшақтай алар алдында ойланып алған да артық болмас.
Біздің қазақ кездескенде бір-біріне жылы шырай білдіріп, амандасады. Біреулер ауызша амандық сұрасса, екіншілері қол алысып, құшақтасып, бір- бірінің бетінен сүйіпжатады. Көптен кездеспеген адамдар кеуде түйістіріп амандасады. Ер адамдар әуелі бір-біріне қол беріп, айқара құшақтасып, төс қағысады. Жастар қол алысып, иық түйістіреді. Ал бойжеткендержай қол алысып немесе бетінебетін тигізіп амандасады. Жан дүниесі жақын немесе қан жағынан туыстар құшақтасып, бір-бірін кеудесіне қысып жатады.
Құшақтасу адамға қандай сезім сыйлайды?
Құшақтасудың адамға қандай пайдасы бар деген сұрақтармен әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің ғалымдары зерттеу жүргізуде.Философия ғылымдарыныңдокторы, ағылшын антропологы Эшли Монтегю «Прикосновения» атты кітабында адам үшін өмірге келген сәттен бастап, қартайып өмірден озғанша құшақтасудың аса маңызды екенін жазады. Адамдар құшақтасып, дене мен дене жақындасқан сәтте белсенді жұмыс істеп кететін мидың бір бөлігі бар екені және онда ауруды басатын, әрі бақытқа бөлейтін эндорфин деген заттың мөлшерден тыс бөлінетіні анықталған. Адам бойындағы осы табиғи есірткі – эндорфин ауруды басып, адамды шаттандырады екен. Адамның құшақтасу кезінде ерекше сезімге, бақытқа бөленетіні осыдан. Құшақтасу кезінде нәзіктік пен тартылыс (окситоцин), онымен бірге қуаныш (серотонин) гормондары бөлінеді екен.
Денсаулыққа пайдасы
Отбасының қарым-қатынасын қалыптастыратын құшақтасу біздің иммундық жүйемізді нығайтып, иммунитетті, қандағы гемоглобиннің деңгейін көтереді.Жүйкені тыныштандырып, қан қысымын төмендетіп, күйзелістен құтқарып, шығармашылық тынысты ашады. Мысалы, Альберт Эйнштейн басына түк ой келмеген шығармашылық тоқырау сәтінде қасына әйелін шақырып алып, оны құшақтайды екен. Көп құшақтасқан адам ұзақ әрі бақытты өмір сүреді. Қартайғанша денсаулығы мықты болу үшін адам күніне кем дегенде 8 рет құшақтасуы керек екен.Егер адамның саусақ ұшынан ұстасаңыз, оның жүрек соғысы азайып, қан қысымы төмендейді.
- Әр адамның өзінің дербес кеңістігі болады. Оны психологтар басты 4 аймаққа бөледі. Сезім аймағы 15-46 сантиметр. Ол аймаққа туғандарыңыз бен ең жақын адамыңыз кіре алады.
- Дербес аймақ 46 сантиметрден 1,2 метр аралығын құрайды. Бұл кеңістікте дос, таныс, сондай-ақ бір көргеннен ұнап қалған жаңа таныстарға рұқсат ете аламыз.
- 1,2 метр- 3,6 метр аралығы әлеуметтік аймақ аталады. Бұған сантехниктен Президентке дейінгі адамдармен, яғни бастықпен, баланың мұғалімімен, көршімен, тағы басқа да адамдармен қарым-қатынас жасай аламыз.
- 3,6 метр қоғамдық қашықтық. Бұл қашықтық аудиторияларға арналған.
Құшақтаудың балаға әсері
Егер құшақтауыңыз кем болса, мидың осы бөлігінің қызметі бұзылып, баланың иммунды жүйесі зардап шегетін көрінеді.Балаға туған сәттен бастап ықылас аудару, күн сайын құшақтап, сүю оның болашақта зиянды әдеттерден (наша, ұрлық, қылмыс) аулақ болуына орасан зор ықпал етеді.
Ана баласын жиі құшақтаса, оның дамуына көмектескені. Бала ана құшағында өзін қауіпсіз сезініп, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас орната алатын болып өседі. Адамдар бір-бірін аз құшақтайтын қоғамда зорлық-зомбылық көп жасалады екен. Нейропсихолог Джеймс Вильямның зерттеуі бойынша, қолға алып көтермеген, ата-анасы мен туыстарының қамқорлығын сезінбеген бала қатал, тіпті кейде қанішер болып шығатын көрінеді. Өз ісін, өз сезімін тізгіндеп ұстай алмайтын, қоғамнан алыс және қоғамға қарсы әрекеттер жасайтын, өмірге бейімі жоқ қиын балалар ата-ананың ыстық құшағы мен мейірімін сезінбеген бейбақтар екен.
Құшақтасу ерлерге қалай әсер етеді?
Психолог Сидни Джарард деген адам Еуропаны аралап, мейрамханалар мен қоғамдық орындарда адамдарды бақылап, американдықтарға қарағанда, еуропалықтардың көп құшақтасатынын анықтаған. Еуропалықтар 1 сағатта 100 рет, ал американдықтар болса, 2-3 рет қана ырымын жасайды екен.
Жалпы, құшақтасу кезінде адамдаржылылық пен қауіпсіздікті сезінеді десек,ер адам мен әйелдің құшақтасуды сезінуі арасында үлкен айырмашылық бар. Ерлерге әйелді қысып құшақтау ұнаса, әйелдер құшақтасу кезіндегі эмоционалды байланысқа бағынышты. Ерлер қаншама күшті, табиғаты батыр, кезкелгенге жүрегі селт етіп қорықпайтын болса да, кейде өздерін қорғансыз сезінеді екен. Ондай еркектер өзін әйеліқұшақтаған кезде жылылықты сезініп, өздерін қауіпсіз сезінеді. Нағыз досы барын, өзін сүйікті екенін сезініп, бақытқа бөленеді.
Ал әйелдер ше?
Ал әйелдер өздерін сүйікті сезініп, емге пара-пар психологиялық қолдау табады.Өміріндегі қиындықтарға қарамастан, құшақтасу әйелге«бәрі жақсы» деп ойлауға мүмкіндік береді. Қосағымен, баласымен құшақтасу сәтінде әйел өзін керек адам ретінде сезінеді екен.Жалпы, көптеген адам рухани әлде физикалық қиын жағдайларда жақын адамымен құшақтасқысы келеді дейді. Жан жылуын алмасу арқылы сүрінген адам орнынан тұрып, бел қайыстырған қайғыны да жеңіп жатады. Бұл отбасының берік болуында да өте маңызды. Ал енді ата-бабаларымыздан қалған дәстүр– төс қағыстырып амандасуға не жетсін! Бірақ құшақтасып тұрып, қанжарын көрсетпей тақап тұратын дұшпандықтан сақтасын дейік!
Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,
«Дүрбі»