Сұқбат
Кеңшілік Тышханұлы: «Ислам дінінің өзегі – зиялылық»
Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы әр өңірде дін істері басқармаларының іс-шаралары аясында діни қызметті түсіндіру, соның ішінде теріс ағымдардың алдын алу мақсатындакездесулер өткізуде. Іссапармен Атырауға келген елімізге белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышханұлымен діни қызмет талаптары, құндылықтар жолы, ислам дініне деген дәстүрлі көзқарас шеңберінде сұхбаттасқан едік.
-Құндылық дегеніміз не? Шариғат бойынша қорғалатын исламның негізгі құндылықтары қандай?
– Кез келген қоғамның, мемлекеттің құндылық көзқарастары бар. Құндылықты екіге бөліп қарастырып жатады. Материалдық және рухани құндылықтар деп. Қазіргі нарықтық заманда материалдық құндылықтарды талдаудың қажеті жоқ шығар. Оны бәрі біледі. Біздің басты мақсатымыз – руханиятсаласы, ұлттың рухани құндылықтары негізгі басымдыққа ие болуы керек деп санаймыз. Қазіргі рухани жұтаңдық жағдайында, кеңестік кезеңнен кейінгі, тәуелсіздікке дейінгі кезеңде біз рухани дағдарыс жағдайында қалдық. Енді өзімізге рухани бағдар ететін дүниелерді іздеген кезде альтернативті жолдарға тап болып жатырмыз. Кейбір жастарымыз дәстүрлі емес бағыттарға ден қойып дегендей. Қазіргі таңда осы бағытта көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан да ауқымды шаралар қолға алынып, жүргізілуде. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы, өткен жылғы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы ретіндегі «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мақалалары біздің азаматтарымыздың, қоғамымыздың рухани құндылықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір адамның ішкі танымында, түйсігінде, болмысында құндылық деген дүние бар. Ол адам нені құндылық деп санайды, бағалайды, жалпылама алған кезде, қазақ халқының ғасырлар бойы мұсылман ретіндегі, қазақ ретіндегі құндылығы осы. Себебі оның артында рухани тұтастық бар,моральдық-этикалық нормалар бар. Қалыптасқан сабақтастықты орната алсақ, біраз саяси кезеңді бастан кешіруімізге байланысты, біраз жазба алфавиттеріміздің ауысуына байланысты, қазіргі жастарымыздың сөздік қорының пайда болуына байланысты біраз дүниелеріміз сабақтастықта деп айту қиын. Алайда осы мәселелерге қамқор болып, көмектесіп жатқан мемлекет бар. Сондықтан жаңғыру жолында келе жатырмыз деп айтуға болады.
– «Көш жүре бара түзеледі» дейсіз ғой?
-Иә, қазір жаһандану деген дүние, әлемдік нарықтық, ақпараттық кеңістік деген сынды дүниелер кіріп отыр. Бұлардың барлығы біздің рухани құндылықтарымызды түгендеуге белгілі бір деңгейде әсер ететіні бар. Бірақ саналы азаматтар бұл жайында ойлануы керек, ортақ құндылық ретінде ұстануы керек. Жаһанданудың қазанына жұтылып кетпес үшін біз өзіміздің құндылығымызбен, колоритімізбен, өзіндік бояумен сақталып қалуымыз керек. Әрине, елдің дамуы әлемдік бәсекелестікке ілесуі үшін материалдық дүниелер де назардан қалмауы тиіс. Алайда тарихымызға зер салсақ, біз өзіміздің ағартушыларымыз, ғалымдарымыздың еңбектерін кеңінен насихаттап, құндылықтарымызды сақтауға тиіспіз. Сонда ғана келешек ұрпақ алдындағы сабақтастықты сақтап, қалыптастыра аламыз.
Қазіргі әлемнің есік-терезесінің айқара ашылуына байланысты бізге көптеген таңсық дүние келіп жатыр. Олар біреудің қаңсығы болуы да мүмкін. Кейде біз оны құндылық деп санап қалып жатамыз. Жастар оны түсінбей, өркениеттік үрдіс деп қабылдауы мүмкін. Қазіргі буын, әсіресе, зиялы қауым өкілдері осы мәселеге аса мән беріп, ақпарат құралдарына насихаттап, мектепте, ЖОО-да кеңінен дәріптесек, біздің рухани құндылықтарымыз одан әрі жанданады деп ойлаймын.
-«Исламофобия» сынды келеңсіз дүниелердің кең етек алып, насихатталуы не себепті деп ойлайсыз?
– Кезкелген мемлекет, кезкелген әлемдік қатынастар белгілі бір мүдделер тоғысынан, қақтығысынан тұрады. Осы орайда шығыс, батыс деген шартты түрде атау үлкен деңгейге жетті деп айтуға болады. Себебі батыс қоғамында өркениеттік талаптарға көбірек ұмтылу байқалатын болса, шығыс қоғамында өркениеттік деңгейге ұмтылу басым. Жалпы мұсылманшылықты соңғы он екі ғасырға жуық қазақ қоғамы ислам дінінің өкілі ретінде қарайтын болсақ, біз діннен ешқандай зардап көрген жоқпыз. Біздің тарихымызда діннің тарапынан келген қара дақ жоқ. Бізде медреселер білім мен ғылымның ордасына айналған болатын. Өкінішке орай, кейбір батыс-шығыс қақтығыстары тұрғысынан қараған кезде әлем бойынша исламофобиялық әрекеттер көп туындап жатыр. Соңғы кездері террористік әрекеттер, эктремистік пиғылдар т.б. сияқты әрекеттердің астарында ислам діні тұр деген сияқты кейде саналы-санасыз тіркестерді тіркеп, фобиялық әрекеттер жасап жатырмыз. Бұған біреулер мүдделі болуы мүмкін, біреулер санасыз түрде қолданылуы мүмкін. Ислам дінінің террористермен мүлдем байланысы жоқ екенін айтқым келеді. Діни терроризм деген сөзді мүлдем сөздік қордан шығаруымыз керек. Қандай дін болмасын, оның ішінде әлемдік діндер де бар, ешқашан қатыгездікке, Құдайдың жаратқан жаратылысына зәбір көрсетуге уағыздамайды. Біз мұсылманды дін деп қабылдаймыз, ол дұрыс емес. Әркімнің өзінің ұстанымдары бар, пиғылдары бар. Ал дін – ол құндылық. Елбасы өзінің сөзінде де айтты, «Лаңкестікпен күресеміз деп, дінмен күресіп кетпеу керек» деген болатын. Сондықтан радикализм, терроризм деген тіркесті қолданған кезде қарапайым дін ұстанушының да сенімін құрметтеуіміз керек. Біздің қай ғұламаларымызды алып қарасақ та, ислам дінінің өзегінен зиялылық тапқан.
Бір қызығы, біз қанша жерден өркениеттік жағынан материалдық құндылықтарға қол жеткізсекте, адамгершілік құндылықтар өзгермек емес. Қанша ғасыр өтсе де, сол қалпында сақталуы керек. Діннің моральдық қыры ешқашан ескірмейді. Шал ақын бір сөзінде:
Мекке менен Медине – жердің ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, – деген.
Міне, бұл – тәрбие, жақсылық. Біздің өткенімізде ешқандай өкінетін нәрсе жоқ. Алайда кейбір түсініктегі адамдар кереғар амалдар жасайды. Десек те, күннің бетін қолмен жабу мүмкін еместігі сияқты, шынайы ислам ешқашан жоғалмайды, құндылық ретінде қалады. Әр халықтың жүріп өткен тарихы бар, дәстүрдің қалыптасуы үшін қаншама ғасырлар өтуі керек, халық басынан қаншама теперіш өткеруі керек. Содан кейін барып бізде дәстүрлер қалыптасады. Ал дәстүрді бірден мансұқтай салу дұрыс емес. Ата-бабаларымыз ұстанған жол – құндылықтар жолы, сол жолды ұстануымыз керек. Батыстың ғылымын, білімін аламыз, бірақ дәстүр-салты бізге келмейді. Сол үшін Шәкәрім қажы айтады:
Еуропа – білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан ол да мүлде,-дейді. Сондықтан адамгершіліктен ауытқып кетуге болмайды. Тіпті ол мұсылман мемлекеті болса да, салт-санасы бізге жарамайды. Осындай рухани құндылықтарымызды сақтап қалсақ, тәуелсіздігімізді де сақтап қаламыз.
-Діни құндылықтарды саяси идеологиялардан ажырату үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек депойлайсыз?
-Саясаттың құйрығы бір-ақ тұтам. Бүгін басқаша, ертең басқаша. Ал құндылықтар өзгермек емес. Мемлекет азаматтарының рухани көзқарастарының сабақтастығын қалыптастыруда немесе өзінің тұтастығын қалыптастыру мақсатында құндылықтарға мүдделі болуы керек.
-«Жусан» арнайы операциясымен елімізге жеткізілген тұлғаларды қоғамға бейімдеу қанша уақыт талап етеді?
-Кейде мемлекет осындай шараларға барады. Кей адамдар ойлауы мүмкін, «Біз не үшін әкелеміз, бізді мансұқтап кетті, мемлекетті мойындамады ғой?» немесе «Лаңкестікке қатысқан адамды неге қоғамға бейімдейміз?» деген сияқты. Біз бір нәрсені назарда ұстауымыз керек. Олар – қазақтар, Қазақстан азаматтары және олардың балалары бар. Соғыс аймағына барып, террористік әрекетке барған азаматтарды азаматтығынан айыру туралы да ұсыныстар бар, алайда мемлекет қамқорлық танытып, елге әкеліп, қайтадан бейімдеп жатыр. Адам болған соң «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», кейбіреулері жаңылған, шалыс басқан, өкініп жатқандары да бар. Елге әкеліп, көмек бермесек, кім еге болмақ оларға? Бұл мемлекет тарапынан жасалған батыл қадам деп айтуға болады. Көптеген үлкен мемлекеттер бара алмай отырған қадамдарға барды. Мен өзім «Жусан» операциясымен елге келген азаматтармен бір ай көлемінде жұмыс жасадым. Көпшілігі қателіктерін түсініп, кешірім сұрап отыр, олардың балалары, отбасы бар, қалай жазалаймыз? Біздің өз жарамызды қайта жазып алатындай қауқарымыз бар, мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. Қатарымызға қосып жіберуге тырысып жатырмыз. Қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол –тәуелсіз Қазақстан. Осыны сол азаматтарымыз немесе сондай көзқараста жүрген азаматтар түсінуі керек. Бәлен жерден жұмақ іздеп, басқа Отан іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан Отан түсінігін жастарымыз жете түсініп, ойлануы керек.
-Зайырлы мемлекет біз үшін несімен құнды?
-Зайырлы мемлекеттің бір ғана қағидасы бар. Құқықтық-заңдық негіздерге сүйенетін талаптарын зайырлы мемлекет дейміз. Жалпы, зайырлылықтың бір ерекшелігі – барлық дін өкілдеріне, сеніміне еркіндік жасап, заң алдында белгілі бір деңгейде реттеп, жүзеге асырып отырады. Әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігі дерлік зайырлы мемлекеттер болып саналады. Дінді ұстанатын адамның да, ұстанбайтын адамның да құқығын қорғайтын – зайырлы мемлекеттің негізгі принциптері. Зайырлы мемлекет діндар мемлекет де, атейістік мемлекет те емес. Діни сенім бостандығы беріледі, бірақ белгілі бір деңгейде басымдық берілмейді. Барлығы да заң алдында бірдей талаптар орындайды. Біз бірден жаман нәрсе ойлаймыз. Әр нәрсенің жақсы жағы болады, соны көре білуіміз керек, жаман дүниелерге қарсы иммунитет қалыптастыра білуіміз қажет. Ал жеке адамның сеніміне мемлекет араласпайды. Сол үшін де дін мен мемлекет бөлек. Бір- бірінің ісіне араласпайды.
-Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістердің алғышарттарына тоқталып өтсеңіз?
-Бізде дін мен мемлекет қатынастары толық бір жолға түсті деп айту қиынырақ. Себебі біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдың көлемі болды. Әлі тола қойған да жоқ. Бізде жиырмасыншы ғасырға дейін біртұтас дін, біртұтас көзқарас болды. Ал дін саласындағы мемлекеттік құқықтық реттеу тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. Қазіргі заманның талаптарына заң жауап бермеуі мүмкін. Өйткені қазіргі таңда біздің әлеуетіміз артты, діни білім беруді, кадрлар дайындауды өзіміз қолға алып жатырмыз, гранттар бөлініп жатыр. Өзімізде дін ғылымдары пайда болды, белгілі бір орта пайда болды. Шет елге кеткен жастардан зардаптар көре бастадық, көптеген діни ұйымның артында уағызшылар шет елден жастардың санасын улай бастады. Діни атрибутикаға байланысты да талас-тартысты мәселелер туындап жатыр. Бетті бүркеу, балақ мәселесі сынды түсініспеушілік туындаған мәселелерді мемлекет заңмен реттеп отыруы тиіс болды. Сол үшін де, менің ойымша, бұл заңдарға белгілі бір толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Енді кейбір мәселелерге рұқсат беріліп жатыр. Мысалы, қоғамдық орындарда намазхана ашу деген сияқты. Өйткені өркениетті қоғамда діндарлардың сенімі құрметтелуі тиіс. Әрине, бұның бәрін мемлекет өзі қабылдай алмайды. Халықаралық қауымдастық негізінде біз де басқа мемлекеттердің заңдарымен, тәжірибиелерімен санасамыз. Сондықтан мемлекет қандай нәрсе болмасын,«Жеті рет өлшеп, бір рет кеседі».
-Шетін көзқарастағы жастармен теологиялық жұмыс қаншалықты деңгейде жүріп жатыр?
-Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»дейді. Мектептерде, жоғары оқу орындарында дінтану негіздері, сондай-ақ кейбір мекемелерде теолог, дінтанушы штаттары ашылып жатыр. Яғни жастармен тікелей жұмыс жасауға. Осыған қарамастан, кететін, кеткен азаматтар бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, есігіміз айқара ашылған кезеңдерде дінді уағыздап, шет елдерге кеткен тұлғалар белгілі бір деңгейде қалыптасып, идеологиясын жүргізе бастады. Алды елімізге экстрадацияланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Ал кетіп қалған азаматтармен теологтар, дінтанушылар діннің егжей-тегжейін түсіндіріпғ жұмыс жасайды. Идеологиялық қателікте жүрген азаматтармен жұмыстар жүргізіле береді. Терроризм, экстремизм бабы бойынша сотталып, түрмеде отырғандар бар. Кейбіреулері райынан қайтып жатыр. Бізде толық кәсіби шебер теолог мамандар қалыптасып үлгерді деп айту қиын, десек те, сапалы мамандарымыз бар. Тағы бір мәселе – діни әдістемелік құралдардың тапшылығы. Ақпарат кімнің қолында болса, билік соның қолында. Бізде осы мәселеде мұқтаждық бар. Дәстүрлі бағыттағы ғұламаларымыздың еңбектері толық қолданысқа енгізілген жоқ. Халықтың сұранысы әлдеқайда тереңдеп кеткен. Десек те, біз осы бағытта жұмыстана беруіміз керек. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыздың Жарлығымен рухани бағыттағы жүз оқулық шығарылуда, солардың ішінде дінтану да бар. Заманның, қоғамның дамуына,дін ұстанушылардың сауаттылығының артуына байланысты үздіксіз қозғалыста болуымыз керек.
Қоғамның өзі бір ағза сияқты, үнемі дамып отыруы керек. Біз де білім алуымыз керек, дамуымыз керек. Жиырма бірінші ғасырда қай білім болмасын, біздің басты қаруымыз болуы керек.
–Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұркен ӘМІРАШЕВ,
Атырау қаласы