Жаңалықтар
Қызылқоға жастарына арналған семинар өтті
Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен Қызылқоға ауданында аудан жастарына арналған «Жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту және мемлекеттің зайырлылық тірегін нығайту» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы М.Омаров, Қызылқоға ауданы «Бәйтерек» мешітінің бас имамы М.Сұлтанов, Қызылқоға аудандық білім бөлімінің бас маманы Қ.Алпанов, Қызылқоға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Маратова, Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жетекші маманы О.Төлеушова қатысты.
Алдымен, Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев «Тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық рухани және мәдени құндылықтарды насихаттау» тақырыбында баяндама оқып, семинар жұмысын жүргізіп отырды.
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы М.Омаров «Зайырлы қоғамдағы діннің рөлі» тақырыбында баяндама оқып: «Еліміздің тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келеді. Ислам-қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады»,- деп өз ойын жеткізді.
Қызылқоға ауданы «Бәйтерек» мешітінің бас имамы М.Сұлтанов «Дін мәселесінде жастарға дұрыс бағыт беру жолдары» тақырыбында жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық рөлі зор. Ұлттың бүгінгі де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты екендігіне тоқталды. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Қ.Алпанов «Болашаққа бағдар білім және тәрбие» тақырыбында баяндама жасаса, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Маратова «Рухани жаңғыру және тұлғалық жетілу мәселелері» тақырыбында баяндама оқып өз пікірлерін айтып өтті.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жетекші маманы О.Төлеушова «Мәңгілік елдің болашағы-білімді жастар» тақырыбында дәріс арқылы жастарға әр тұлғаның өмірдегі орнын, атқаратын міндетін, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі, дүниенің күрделі құрылымын түсіну және өзін-өзі үздіксіз жетілдіру қажет екенін баяндады.
Жиын барысында қатысушыларға «Дүрбі» газеті мен «Алдын ала егілудің адам өміріне пайдасы» атты бүктемелер таратылды. Қатысушылар тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға мамандар толыққанды жауап берді.