Жаңалықтар

Оралда Исатай мен Махамбет батырларға ескерткіш орнатылды

 Ескерткіш Орал қаласына кірер тұста, Шаған өзенінен өтетін көпірдің алдына бой көтерді. Ескерткіштің жалпы биіктігі 13 метр болса, 5,5 метрлік мүсіндік композиция қоладан құйылып, тұғыры граниттен жасалған. Халықты көптен күткен қуанышпен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

-Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі тарихи күн. Міне, елі үшін ер болып туған қос арыс – Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бабаларымызға арналған еңселі ескерткіш Ақ Жайық өңірінде, облыс орталығы – Оралда бой көтерді. Біз үшін еркіндіктің, отансүйгіштіктің және азат рухтың сайыпқыраны Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге көп үлесін қосуда. Осынау жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қасиетті борышымыз.

Таяуда ғана өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тарихтың, тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамыздың ортақ парызымыз» екенін атап өтті.

Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасады, ұрпақ санасына қалдырды. Қазақтың ұлы халық, батыр да айбынды халық екендігін сезіндіріп, алыстан көзді арбайтын алып ескерткіш еңсемізді биіктетіп, рухымызды көтеруге қызмет етері сөзсіз. Сондықтан батыр бабалар рухы бәрімізді әрдайым жебеп жүрсін,- деді облыс әкімі.

– Тәуелсіздік қазаққа көктен түскен құдыреттің сыйы емес. Азаттық жолы қашанда азапты. Тәуелсіздік үшін қаншама батыр бабаларымыз бен дана дала абыздары ат үстінде шаһид кетті, итжеккенге айдалды, түрмеге тоғытылды, атылды, асылды. Осы ретте біз Исатай мен Махамбет тарихын қазақ даласындағы 300-ге жуық ұлт-азаттық күрес тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Қазақ оқымыстыларының ішінде ең алғаш Исатай мен Махамбет тарихы туралы тірнектеп жинап, мұқият зерделеп, жүрегінен өткізген ғалым, энциклопедист, Күнбатыс Алашорданың көсемі Халел Досмұхамедов. Ол өз еңбегінде «Кіші жүздің Ресейге қосылғанынан кейінгі 150 жылдық тарихы – қанмен жазылған тарих» деп келтіреді. Жоғарыда айтқан 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістің дені осы Қазақстанның батыс өңірінде өткенін зерттеушілер тарихи еңбектерінде растайды. Қазақта «Кіші жүзді найза бер де, жауға қой» дейді немесе Майқы би: «Бектен туған Алшын-ды, Біз үшін қанға малшынды. Іргеңе жауың келгенде, Сілтейтін найза қамшыңды» десе,Сүйінбай Аронұлы Қатағанмен айтысында  «…Алшын ата баласы – Сұлтансиық, Бақсиық, Хан қызы екен анасы, Қаннан кеуіп көрген жоқ, Найзасының сағасы, Он екі ата – Байұлы, Жеті аталы Жетіру, Әлім менен Шөмекей, Халқымның еді жағасы» деген. Мұның барлығы кешегі  Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған Ұлттық кеңесте қаралып жатқан қазақтың ұлттық рухын жоғары дәрежеге көтеретін уақыттың келгенін көрсетеді. Исатай мен Махамбет шын мәнінде арқалаған қоғамдық жүгімен және азаматтық, адамгершілік үлгісімен кейінгі ұрпаққа ұлы өнеге қалдырған тұлғалар. Осыдан  он екі жыл бұрын Оралда өткен Сырым Датұлының конференциясында Әбіш Кекілбаев: «Көшбасшыны ана тумайды, Көшбасшыны халық туады, Көшбасшыны тарих туады, Көшбасшыны уақыт туады. Егер ана баланы тоғыз ай, тоғыз күн толғатса, Көшбасшыны халық пен тарих ғасырлар бойы толғатады» деген болатын. Мұны Сырымға байланысты айтты. Дәл осындай сөздер Исатай мен Махамбетке де қатысты. Қазіргі уақытта кәсіби тарихшылар «ұлт-азаттық көтерілістің саяси көсемі – Исатай десе, рухани көсемі – Махамбет» деп танып отыр. Жасқұста үш мың жарым әскермен хан ордасын қоршаған Исатай Жәңгірге қылыш сермеген жоқ. Махамбеттің атынан айтылатын Исатайдың «Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған,
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады – ай,
«Жанымды қой» деп сұрады – ай.
Ақкөңіл аңқау жүректен,
Беремін деп мен тұрдым.
Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың,
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды…» деп келетін монологы бар. Мұның өзін сезіне білген адамға сол заманның көрінісі келеді. Сол сапарында Әбіш ағамыз «Сырым Датұлынан басталған азаматтық күрес әлі тоқтаған жоқ» деген еді. Ал Елбасы: «Біз Тәуелсіздік алғанға дейін былай ойладық: егер тәуелсіздік алсақ, қоғамдағы мәселе өзінен өзі шешіледі. Ал Тәуелсіздікті алғаннан кейін Тәуелсіздікті сақтап тұру – тәуелсіздікті алғаннан бетер қиын екенін түсіндік. Бізден де кейін тарих сахнасына толқын-толқын қазақ даласы көтеріледі. Кейінгі ұрпақ бәрін кешіреді. Бірақ,тәуелсіздіктен айырылып қалсақ, кейінгі ұрпақ бізді кешірмейді» деген болатын. Осы реттен келгенде, Тәуелсіздік – ежелгі және мәңгілік құндылық. Тәуелсіздік үшін күрескен Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының бүгінгі тойы құтты болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – деп сөз сөйледі елге танымал тарихшы Жаңабек Жақсығалиев.

Айта кетейік, былтыр қос батырға арналған ескерткіштің орнын талқылау үшін зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділерімен кездесу де өтті. Оны қоюға ыңғайлы деген 11 орын зерттелді. Алайда ол орындардың барлығы биіктігі 13 метрлік алып ескерткішке тарлық еткен. Даңқты батырлар Исатай мен Махамбеттің қайсарлығы мен батырлық бейнесін керемет ашқан ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласының мүсіншілері Серік Рустамбеков, Ринат Абенов, Ербол Зиябеков жасады.

Жинақталған ақпарат

сурет: М.Тажкуранов

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close