Басты тақырып

Сириядан қайтқан содырлардың соты басталмақ

«Жусан» операциясы бойынша елге қайта оралған террористік ДАИШ жасағында болған қазақстандықтардың ісін қарайтын сот процесі басталуға жақын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияда «Ислам мемлекеті» террористік тобының «бір жасақ құрамында болған» 14 адамға қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады.

Террористік ұйым сапында қару ұстап майданға кіргендердің 14-і күшейтілген күзет астында қамауда отыр. Қамаудағыларды қандай жаза күтіп тұрғанын болжау қиын. Өзі құтқарып әкелген азаматтарға Қазақстан үкіметі үкім оқығанда қандай жағдайға қарап шешім шығарады? Бұл сотта жәбірленуші тарап деген болмайды. Демек, айыптау фактілері террористік ұйымға мүше болып, соғысқа қатысу тұрғысында болмақ.

Тергеу жұмыстары кезінде бірқатар БАҚ өкілдері 14 күдіктімен жеке-жеке сөйлесіп, бейнетаспаға түсіріп алған. ҰҚК тарапы бұл ерекше жағдай болғандықтан рұқсат берсе керек. Одан сырт, бұл процестің идеологиялық сипаты да жоқ емес. Сұхбат беруге ойланбай келіскен күдіктілер өздерінің «адам өлтірмегенін» айтып, кінәсіз болып көрінуге тырысады.

Ерекше тоқталатын бір жағдай – ДАИШ құрамында соғысқан күдіктілер өздерін кінәсіз сезінеді. Сол үшін де «адам өлтірген жоқпын» деп ақталып әлек. Дегенмен, осы іспен тереңінен айналысып жүрген әріптестеріміздің айтуынша, күдіктілерге қарсы айыптау фактілері жетерлік. Мәселен, Аманжол Жансеңгіров атты күдіктінің қарсыластарының кесілген басын теуіп, үйілген мүрделердің фонында тұрып өзгелерді қазақ және орыс тілдерінде жиһадқа үндеген видеосы сақталған. Жанкештілердің қателігі – әр кезде істеген істерін видеоға түсіріп, өздерін әшкерелеуі. Соның арқасында сақталып қалған айғақтар аз емес екен. Бірақ күдіктілер өздеріне қарсы мұндай айғақтардың бар екенін білмейтін де секілді.

Қамауда отырғандардың бірі – Нұрлан Камалов (лақап аты «Абдулла», «Қожеке»), 1978 жылы туған. Ол Сириядағы жағдайды Американың саясаты деп бағалайды. Және сот шешімінің қалай боларына «мен істеген ісіме өкінем бе, өкінбеймін бе, осы нәрсе рөл ойнайтын сияқты» деп есептейді.

Нұрлан Камаловқа «топты басқарды» деген айып тағылып отыр. Бірақ бұған қатысты оның өзіндік уәжі бар.

– Бұл жерде мынадай мәселе, мен балалар мен әйелдерге қарадым ғой. Соны топты ұйымдастырдың деп отыр. Мен оларды соғысқа шақырған жоқпын. Жұмысым – аурухана арасындағы қажетті материалды әкеп бердім. …Соғысқа бір рет қатыстым, адам өлтірген жоқпын. 2011 жылы Дубайға кетіп жұмыс істедім, саудамен айналыстым. 2013-те Сирияға кеттім.

Нұрланның сөзіне қарағанда, қазақ жігіттерінің ішінде Даут, Абу Пайза, Абу Сара атты әмірлер болыпты. Күдікті айтқан әңгіменің арасында қазақ әйелдерінің бірнеше күйеуге тиюіне қатысты да айтылады.

Жалпы, күдіктілер берген жауаптарға назар аударсаңыз, бәрі Сирияға білімсіздіктің кесірінен барғанын, барған соң бұл жақтағы айтылған уағыздар мен өзге әңгімелердің сол жақтағы жағдаймен мүлде үйлеспейтінін айтады.

Сирияда «Хасан» лақап атымен жүрген Жандос Ажмамбетов (1990 ж.т.) Сирияға әке-шешесі мен бауырларына айтпай, 2013 жылы наурызда қашып кеткен. Оған дейін Жезқазғанда шахтада жұмыс істеген. Дінге әлдебір досы арқылы келіпті. Әлгі досы оған түрлі уағыздар тыңдатып, мұсылмандардың қырылып жатқаны жайлы видеолар көрсеткен. Пәтеріне шақырып жүріпті. Ол жақта да уағыз айтатын бірнеше жігіт болған. Бұл кейін келе жиһад деген ұғыммен жалғасып, Сирияға баруды ашық уағыздай бастаған.

– Кейін сол жақтағы жігіттермен таныстым. Әділбек, Марғұлан деген. Солар айтты, Шам жерінде Алла тағала мұсылмандарды жинайды, сүйікті құлдарын жинайды деп. «Егер сендер солар үшін шықпасаңдар, Алланың алдында жауап бересіңдер. Әркім өз ақыретін ойлауы керек» деген сияқты аят-хадистер айтады. Кейін қасыңдағылар түсіндіреді, «бұл деген – жиһад» деп. Жиһадтың үлкен сауабы болады. Алла жолында, Алланың сөзі үшін соғыссаң, өлсең дәрежең осындай болады дейді. Біреуі «мен отбасымды тастап кетіп жатырмын, кезінде сахабалар да отбасын құрбан етіп тастап кеткен» дейді.

Осыдан кейін бәрін тастап, Стамбул арқылы Сирия асқан. Жай кетпей, тағы бірнеше досын ерте кетеді. Айтуынша, жолда ешқандай қиындық жоқ. Стамбулда күтіп алатын адамдар болған және қай жерге бару керек екенін айтып отырған. Шекарада да кедергі болмапты. Шекарадан өткен соң, алдымен дағыстандық қатибада болып, кейін арабтар қатибасына кірген. Қазақтарға кейін қосылған (қазақ қатибасы 2014 жылы құрылған). Жандос та соғысқа қатысқанымен, адам өлтірмегенін, тылда бейбіт жұмыс істегенін айтады.

– Иә, үш рет соғысқа қатыстым. Бомбаланған кезде қазақ азаматтары да қайтыс болып жатты. Адам өлтірмедім. Ол жақта алты жыл болдым, сол жылдардың ішінде соғысқа қатыспасаң, тылдағы жұмыстар болады, соларды істедім. Екі қаланың арасында автобус жүргізушісі болдым. Сосын «алиат» дейді, машина ремонттайды, негізінен, сондай жұмыстарда болдым.

Ажмамбетов айтқан бір жағдай – ол жақта ұлт деген ұғым болмайды деген уағызда ғана айтылады. Өйткені о баста бәріміз бауырмыз деген түсінік соғысқа кіргенде далада қалады. «Біз бүкіл мұсылман бауыр деп түсіндік. Бірақ кейін келе түсіндік, ана жақта қиналғанда әркім өз ұлтын іздейді, өз ұлтын қорғайды екен» дейді. Және әркім өз отбасын ойлайды.

– Кейін келе түсіне бастадық, көп нәрселер біліне бастады. Саясатты, іштегі зұлымдықты бәрін көріп, көзіміз ашыла бастады. Тіл үйрендік, араб тілінде сөйлесіп, жаңалықтарды көріп, біраз нәрселерін түсінетін болдық. 2018 жылы бірінші отбасымды, әйел, балаларымды елге жібергім келді. Бірақ қиын болды. Болашақ болмайтынын ұқтым. Отбасыма ешкімнің жаны ашымайды. Мен кетсем, олар да қалады.

Бұл күдіктіге де жоғарыдағы бап бойынша айып тағылып отыр. Топ мүшесі болған. Ол да кешірімнен үмітті және өзін кінәлі сезінбейді. Өйткені ол жаққа қылмыс істеймін деп емес, «мұсылман бауырларына» көмектесу үшін барыпты. Бірақ алғашында жағдай жақсы болғанымен (балаларға – 50, ересектерге 100 доллар төлеп тұрған), кейін жалақы беру тоқтатылып, әлеуметтік көмек деп азық-түлік беріп қана тұрған. Сөйтіп, тылдағы жағдай да қиындаған соң, көптеген жиһадшылар елдеріне оралуды ойлай бастапты.

Тағы бір ерекше жайт – бүкіл бір әулеттің Сирияға кетуі. Қазір осы отбасының мүшесі Абзал Маратұлы (1997 ж.т.) қамауда отыр. Бүкіл бір әулет отбасындағы бір-ақ адамның, ағасының ықпалымен осындай іске шатылыпты. Абзал айтады:

– 2008-14 жылдар аралығында ағам Астанада болды. Жиһадты түсіндіреді. Әкеме түсіндіреді… Әкеме өте ауыр болды. Ал ағам әкеме «кәпірсің, жиһадты қолдамайсың, ана жақта мұсылмандарды қырып жатыр, ал сен қолдамайсың» деді. Әкем анама, анам әпкеме түсіндіруі керек болды, қарындастарыма түсіндіру керек болды. Кейін әкем келіседі, қаладағы екіқабатты үйімізді сатады. Ол үй Нұрдәулет үйленсе, сол тұрады деген үй болған. Малды, машинаны, жерді де саттық. Маған «барасың ба?» деді. Мен соғыстан қорқатынымды айттым да, бас тарттым. Әкем: «Ол жақта тыныш өмір, ертең біз кетсек сені КНБ ұстайды, менттер қинайды, тоққа салады», – деді.

Осыдан кейін соғыстан бір-ақ шыққан. Жалғыз емес, бауырлары, әке-шешесімен. Қазақстандағы бүкіл мүлкін сол жолға сарп етіп…

Сөз басында райынан әлі де қайтпағандар бар екенін айтқанбыз. Соның бірі – Ғазинұр Құлмашұлы, 1969 жылы туған. Алматылық. Сирияға 2013 жылы қыркүйекте Бішкек–Стамбул арқылы өткен.

– Алла жолында жиһадқа бардым. Өйткені үнемі теледидардан дінсіздердің мұсылмандарды қорлап, қинап жатқанын көретінмін. Алла дініндегілердің өлгенін, әйелдер мен балалардың өлгенін көрдім. Жер бетінде Алла дініне қарсы болғандардың бар болғанын қаламадым. Алла Құранда «дінге сенбейтіндерге қарсы дін жолында күресіңдер» деп бұйырады. Алланың сарбазы болу басты мақсатым еді, – дейді Ғазинұр Құлмашұлы.

Ол «жиһад» сөзін «Алла дінін қаламайтындардың өзгертіп берген мағынасымен қабылдау қателік» дейді («жиһад» – адамның өзімен күресуі» деген тәпсірді айтып отыр – авт.). Оның айтуынша, өзгелер Құранды өздеріне ыңғайлап алған. Соның кесірінен соғыс болып жатыр (!). Құлмашұлы әлі де Сирияның атынан сөйлейді. «Мемлекет жас, жау көп» дейді.

1996 жылдан бері дін жолына түскен күдікті қазір ештеңеге өкінбейді. Өйткені «бәрі Алланың қалауымен болды». Соғыста 23 жастағы баласы қаза болған. Әйелінің басына оқ тиіп көз жұмған. Кішкене қызы тұтқында қалған. Оның тағдыры не болды дегенге де бас қатырмайды.

– Мен Алланың заңымен, шариғатпен жүретін елде өмір сүргім келеді. Бастысы, Алланың заңы, басқа заңдар былшыл. …Келерден біраз бұрын әйелімнің басынан снайпер атты. Иншалла, шеһид болды. 13 жасар қызым күрдтердің қолында тұтқында қалды. Алла қайырын берсін. Алла бәрімізден жақсы біледі, қайда екенін… Егер қазір тағы да Даулға баруға мүмкіндігім болса, 100 пайыз Даул үшін соғысуға дайынмын. Алла өз панасына алсын. Дініміз арқылы туралықты көрсетеді. Алла қаласа Фирдаус жаннатында жолықтырады, иншалла! – деп әңгімесін түйіндейді.

Ғазинұр күрдтердің қолына өз еркімен берілгенін айтады. Өйткені жағдай қиындап кеткен. Жолдар жабылған соң, сырттан азық-түлік келу тоқтаған. Адамдар аштыққа ұшыраған.

«Мен Алла жолында соғысу үшін бардым ғой. Қазақстанға оралу туралы ешқашан ойламадым», – дейді. «Келгеніңізге өкініп отырсыз ба, сонда?» деген сұраққа:

– Иә, өкінемін. Қамап қойды ғой босқа… – деп жауап беріпті.

Өзге бір күдікті ол жақтағы педофилиядан қорқып, балаларын медресеге беруден бас тартқанын айтады. Ал Ғазинұр «маған гомосексуализм ұнамайды» дейді. Мұндай қайшылықты пікірлер бізді шындыққа біртабан жақындата түседі. Өйткені тергелгендердің тағы бірі – ол жақта ағып жатқан қан мен ысқырынған оқ қана емес, шекарадан алыс аймақтарда бейбіт өмір бар дейді. Тағы бірі ол жақта да жағдайдың қиындағанын, жау әскері о баста әскери базаларға ғана шабуылдаса, «қазір әйел, бала-шаға демей, бәрін қыра береді, ауылдарды бомбалай береді» дейді.

Қысқасы, бұл жолғы сот әдеттегіден ұзақ һәм ерекше болатыны анық. Қазір тиісті органдар арнайы сот залын дайындап, қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Күдіктілерді «босқа қамап қоя ма», «райынан қайтқанын көріп кешірім жасай ма?», ол әзірге белгісіз.

Алмас Нүсіп

«Жас Алаш»

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close