Эксклюзив

«Ағам мұнда өлу үшін келдім деді». Сирияға 14 жасында кеткен жігіттің оқиғасы

Диас Амангелді 14 жасында Сирияға аттанып, ДАИШ құрамында төрт жыл өткізген. Биыл ол отбасымен бірге «Жусан-2» операция кезінде елге қайтарылды. Амангелді Сирияға баруы жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне айтып берген. Тengrinews.kz тілшісі Диас Амангелдінің Сириядағы өмірі жайлы айтқан сұхбатын ұсынды.

Диас Амангелді. © ҰҚК баспасөз қызметі

Диас Амангелді 2001 жылы 9 маусымда Түркістан облысы Қазығұрт ауданында туған. Ол өз отбасы мүшелерімен бірге 2015 жылы 31 тамызда Шымкент – Анталия әуе бағытымен Түркия арқылы Сирия аумағына өтіп, ДАИШ құрамына енген. Сонда «Мұхаммад қазахи» деген діни лақап ат алған.

«Үлкен ағам астанаға барған соң, радикал жолға түсіп келді. Сөйтіп, әкемді шақырған. Ол басында көнбей жүрді. «Ол дұрыс емес» деді. Сол кезде ағам сол жақтың адамдарымен сөйлестіріп, әкемді үгіттеп алды», – дейді Диас.  Сөйтіп, олар Сирияға жеткізетін адамдарды іздей бастаған.

«Zello деген қосымшада жаңалықтар арнасы бар. Сонда шекарадан өткізетін адамдар отырады. Сол жақтан Әзербайжан азаматымен байланысып, сол бізді Сирияға өткізіп беретін болды. Басында әкем мен үлкен ағам ғана барғысы келген. Бірақ бізге Сирияда да өмір бар екенін, біздің соғыстан алыс жақта, орталықта тұратынымызды айтты. Сөйтіп, бәріміз Сирияға баруға көндік. Үйде не болып жатқанын ешкімге айтпай, құпияда сақтадық», – дейді ол.

Амангелді Сирияға 14 жасымда кетіп қалған, сондықтан мектепті бітірмеген.

«Анам, әкем, бес бала, бір қыз болып кеттік. Түн ішінде Түркия мен Сирия шекарасынан өттік. Түн болғандықтан екі-үш адам жерде жатыр екен, бізді ымдап шақырып алды. Кейін ер адамдар мен әйелдерді бөліп, жатақханаларға алып барды. Артынша, бізді, ер адамдарды атысқа дайындалатын жерге жеткізді. Бізге дін жолында, Алла үшін өлу мақсатын үйретті. ДАИШ құрамындағы адамдар қаруды жинауды, пайдалануды көрсетті», – дейді ол.

Диастың айтуынша, ол жанындағы автоматтың даусын алғаш рет естігенде қорқыныштан аяғы жүрмей қалған. Ал Сириядағы дайындығы үш айға созылыпты. Дайындық кезінде жатақханада тұрған, кейін отбасымен қосылғанын айтады. «ДАИШ-тың ішінде топтар көп, біз шешен жамағатынан құралған топқа қосылдық. Соғыстарға қатыстық. Кейін қазақ жамағатына ауыстық. Мен барғанда қазақтардың көбі қаза тапқан екен. Қазақтар саны аз болды», – дейді Диас.

2017 жылы олар елге оралу жайлы ойлана бастаған екен.

«Үлкен ағам үйге қайтпайтынын, Сирияға өлу үшін келгенін айтты. Ағамның өлгенін YouTube-те видеодан көрдім. 2017 жылы отбасымызбен Сириядан кету туралы талқылай бастадық. 2018 жылы қаңтарда Қазақстандағы туыстарыма хабарлама жазып, көмектесуді сұрадым. Туыстарым ҰҚК-ға барып, қайтқымыз келгенін айтқан. Арабтардың қиналғанын көрген жоқпын, қиналғандар – шет елден келгендер. Біздің далада өсіп тұрған шөпті жеген кезіміз болды», – деп еске алады Диас.

Бүгінде ол Сирияға барғанына өкінеді.

«Адам басына таяқ болып тимейінше түсінбейді дейді. Менің басыма тиді. Соғыстың не екенін көрдім, радикал пікірдің қате екенін түсіндім. Өкінемін. Бәріміздің өміріміз құртылды. Екі інім әке-шешесіз қалды. Мен, әпшем, ағам түрмеде отыр. Үлкен ағам қайтыс болып кетті. Соның бәрі өкінішті. Ағамыз сол кезде бармағанда ғой деп ойлаймын. Қазір әке-шешіміз тірі, бәріміз үйде болатын едік», – дейді Диас Амангелді.

Диас Сирияға кеткенде олардың отбасы ҚР Қылмыстық кодексінің «Террористік ұйымды құру, басшылық жасау және мүшелік ету» бабы бойынша халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл ақпанда Сирия демократиялық әскері Диасты тұтқынға алған, ал мамырда «Жусан-2» арнайы операциясы барысында Қазақстанға оралған. Түркістан облыстық соты оны алты жылға бас бостандығынан айырған.

Диастың әкесі Сирияға кетпес бұрын орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 2017 жылы Сирияда қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан. Ағасы Нұрдәулет 2016 жылы Сирия әскеріне қарсы соғыста қаза болған. 22 жастағы тағы бір ағасы Абзал қазір тергеуде. 24 жастағы әпкесі Аида әкесінің қалауымен сол жақта тұрмысқа шыққан. Бірақ «Жусан-2» операция кезінде елге оралып, бес жылға абақтыға қамалған.

Есет Тулеш

Tengrinews.kz

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close