Жаңалықтар
Шығарма жазу байқауы Құрманғазы ауданында қорытындыланды
Құрманғазы аудандық жастар ресурстық орталығында Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен өткен аудан жастары арасындағы «Жастар діни экстремизм мен терроризмге қарсы» атты шығарма жазу байқауы қорытындыланды.
Қоғамдағы деструктивтік діни ағымдардың таралуының алдын алу, сондай-ақ жастар ортасында қазақ халқының дәстүріне және мәдени мұрасына сәйкес сананы қалыптастыру мақсатында өткен шығарма байқауына Құрманғазы ауданының 9 мектебінен 20 оқушы қатынасты.
Байқау қорытындысы тәуелсіз төрешілер арқылы оқушылардың қатысуынсыз өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Б.Н.Амантайұлы және облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының бөлім басшысы Б.Е.Серікұлы мен орталық маманы Д.Қ.Алпысбайұлы шығарма додасын қорытындылады.
Нәтижесінде Крупская жалпы орта мектебінің 11 «а» сынып оқушысы Камалова Әсемгүлдің «Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» тақырыбындағы еңбегі үздік деп танылып, жүлделі І орынды иемденді. Байқаудың жүлделі ІІ орнына Сүйіндік жалпы орта мектебінің 11 «а» сынып оқушысы Нұрымова Айсәнімнің шығармасы лайық деп танылды. Ал, жүлделі ІІІ орын Абай орта мектебінің 9 сынып оқушысы Қазимова Раушанға бұйырды. Қалған қатысушыларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.