Жаңалықтар
ДАИШ көсемі әл-Бағдади ит өліммен өлді
ДАИШ лаңкестік ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) көсемі Абу Бакр әл-Бағдади Сирияда американың әскерилері жүргізген операция кезінде өлді. Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп мәлім етті, деп хабарлайды «Голос Америки» агенттігі.
«Өткен түні Құрама Штаттар әлемдегі нөмірі бірінші лаңкестік ұйым көсемін әділ жазаға тартты. Операция кезінде бірде-бір америкалық әскери жапа шеккен жоқ», – деп мәлімдеді Трамп.
Тікұшақтар атқылауынан кейін АҚШ әскерінің Delta Force тобы әл-Бағдади жасырынған ғимаратқа кіріп, лаңкестік ұйымның бірнеше жауынгерін өлтіріп, 11 баланы алып шыққан. Трамптың мәлімдеуінше, ДАИШ басшысы «өкіріп-бақырып» жерасты жолымен қашқан. Артынан туннельге әскери иттер жіберілген. Ол беліндегі жарылғыш затты іске қосып, өзімен бірге ала қашқан үш баланың өмірін жалмай кеткен. Трамп оның ит өліммен өлгенін тілге тиек етті.
Трамп әл-Бағдадиге қарсы операцияның өте сәтті өткенін айтады. Өз әскерилерінің кәсіби шеберлігі мен батылдығына ризашылығын білдіре келе ол осы операцияға қол ұшын берген Түркия, Ресей және Ирак елдеріне алғыс айтты.
Трамп операция аяқталған соң Абу Бакр әл-Бағдади жойылған орын содырлардың қастерлі мекеніне айналмауы үшін әскерилерге ол жерді тып-типыл қылуды тапсырды.
Радикалды топ басшысының көзі жойылған операция барысын америкалық «НЬЮ-ЙОРК ТАЙМС» газеті толығырақ жазды. Түпнұсқадан оқу үшін мына сілтемеге өтіңіз:
Trump’s Syria Troop Withdrawal Complicated Plans for al-Baghdadi Raid