Сұқбат
Мұхит Төлеген: Дін психологиясы – өте қызық сала
Теолог-ғалым, PhD-доктор Мұхит Төлеген дін мәселесіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.
– Түркияда «дін социологиясы», «дін аксиологиясы», «дін психологиясы», «дін философиясы» тармақтары зерттеледі. Сіз «дін психологиясы» тармағы бойынша Phd докторысыз, ғалым ретінде айтыңызшы: біздегі діни жамағат өркениет динамикасына тезірек ілесіп кетуі үшін қандай қадау-қадау шаруалар жасау керек?
– Түркиядағы «дін психологиясы», «дін социологиясы», «діндер тарихы», «дін философиясы» т.б. бөлімдерге бөлініп, мейлінше көркейген дінтану ғылымы – әлемдегі озық үлгілерді қажетіне пайдаланып, кәдесіне жаратып жатыр.
Мен «дін психологиясы» бойынша білім алдым. Психология – адамның сезімі, мінез-құлқы, ойлары мен түрлі сезімін зерттесе, дін психологиясы – адамның бір дінге бет бұрып, оның қағида-шарттарын ұстана бастағаннан кейінгі, дінді өмір салтына айналдырған кездегі мінез-құлқын, ой-санасын, ұстанымдарынын зерделейді.
Дін психологиясы – өте қызықты сала. Адамдардың бойындағы психологиялық құбылыстарға діннің әсерінің үлкен үлесі бар. Дін психологиясында «конверсия» деген ұғым бар. Адам бір дінді қабылдап, оның ережелеріне мойынсұнған кезде көзқарасы мен дүниетанымы түгел өзгеріп кетеді.
Қазір Қазақстанда көптеген жастар дінге бет бұрып жатыр, орта буынның да дінге деген қызығушылығы жоғары. Бұл жерде мынадай маңызды мәселелердің бетін ашып алу керек:
- Олар дінге қалай келді?
2. Не әсер етті?
3. Дінді ақыл таразысына салып ұстанып жатыр ма?
4. Экономикалық-саяси мүддесі бар топтардың соңынан ілесіп кеткен жоқ па? т.с.с.
Менің зерттеу тақырыбым «Қазақстандағы мифологиялық діндарлықтың психологиялық платформасы мен функциялары» болғандықтан, мен діннің аксиологиялық қырына, яғни, адам мен қоғамға беретін құндылықтарына айрықша мән беремін.
Діндегі құндылық қабаты, яки, рухани шығармалар арқылы адамның сана-сезіміне, мінез-құлқына әсер ету, оның ішінде, біздің дәстүрлі ислам дінінде қиссалар, жыр-дастандар, жыраулардың сөздері мен уағыз-насихаттары менің зерттеу объектіме кіреді.
Бізде «миф» деген сөз – өтірік, жалған деген сияқты қабылданады. Бірақ, әлемдік дәстүрлі ұғым – мифтің құрамына бүкіл діннің құндылықтарын кіргізеді. Аңыз болсын, әфсанасы болсын, қиссасы болсын – кез келген діннің өзінің мифологиялық қабаты бар. Оның барлығы адамды түзетуге, адамның қиялын қарыштатуға, оның санасының көкжиегін барынша кеңейтіп, оған бейсаналы түрде ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, махаббат сияқты қасиеттерді адамдардың бойына сіңіру үшін қолданылады.
Дәстүрлі дінде де адам құндылығын құрғақ қатаң шарттардан гөрі, діннің қисса түрінде, аңыз түрінде, әртүрлі насихат түрінде адамның бойына сіңіру кеңінен қолданылған.
Оны ең бірінші батыс ғалымдарының арасында байқаған, бүкіл елді аралап, әдеби мұраларын жазып алып, фольклорлық шығармаларды қағазға түсірген Радловтың таңқалып тұрып: «Қазақтардың арасындағы бір ғана қиссаның әсері – жүз молдадан артық тәрізді», – деп айтқан сөзі бар. Демек, қазақтардың қиссалар мен дастандарды дереу қабылдауының, ақын-жырауларды қатты құрметтеуінің түйіні – әр адамның жанында, психикасында бір кереметті аңсау, аңыздық формада қабылдау, қисса түрінде қабылдау, әр нәрсені қабылдаған кезде бір кереметке елтіп, қаһармандардың өмір жолын айтқан кезде де оны барынша әсірелеп, көркемдеп, бір өлең сөзбен жеткізіп, ерекше бір құлшыныспен, қызығушылықпен қабылдайтын қасиеті болған.
«Әдебиеттанытқыш» еңбегінде Ахмет Байтұрсынов: «Біздің қазақтар өлең-сөзге өте бейім болғандықтан, қожа-молдалардың бәрі діннің насихаттарын өлең сөздерімен жолдап, қазақтарға терең сіңіріп, қазақтардың арасында осы діни қисса-дастандар тамырланып кеткен» – деп жазды.
Міне, біздің дәстүрлі діни түсінігіміздің тамырында қиссалар мен дастандардың аксеологиялық қабаты жатыр. Адам сол құндылықтарды жүрегіне сіңіріп, аңыз-қиссаның бәрін көкірегіне әбден толтырғаннан кейін барып, өз-өзінен діннің басқа шарттарын орындауға деген құлшыныс ояна бастайды.
Қасиетті Құранның үштен бір бөлігі қиссалардан, пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер туралы әңгімелерден, ғибратты хикаялар мен қиссалардан тұрады. Адамзат баласының бойындағы туабітті табиғи қасиет – рухани мұқтаждық. Пайғамбарлар туралы өнегелі әңгімелерді естіген кезде адам оған бейсаналы түрде еліктейді, өзінің мінезін түзетуге тырысады. Өзі сондай адамгершілікке, ізгілікке құмарланып, сосын, жүрегі жұмсарып-жібіп, басқаға көмектесуге, жәрдемдесуге пейіл болады.
Біздің ата-бабамыз таза діннің тәлімді жолын мықты меңгерген. Біз осы жолды қайтадан қалпына келтіріп, дәстүрімізді жаңғыртсақ, біздің болашағымыз да, даму динамикамыз да жақсы жүреді. Діни жамағатымыз дәстүрлі сол сенімді дүниетанымымызды негізге алса, өркениетті имамдарға ілесіп кете алады, деп сенемін.
– Елімізде қазақтың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, этнографиясы, фольклоры, философиясынан хабары кем өздері адасқан жұтаң діншілдер еріткен жұрт қаптап кеткен жоқ па?
– Діннің алғашқы қағидаларын үйреткен кезде ең бірінші оның құндылығын, мәйегін сөз өнері түрінде насихаттап, санасына сіңірсе, ол әрі қарай дұрыс қалыптасып, жетіліп көркейіп кете береді. Ал, егер бірден діннің қатаң шарттарын алға тартып, құрғақ уағыз бен құлшылық орындауды үнемі санасына тықпалай берсе, адасушылықтарға ұрынуы әбден ықтимал.Ол адам кейін діннің өзін жек көріп, мүлдем безіп кетуі де мүмкін. Діннің ең орасан қаупі –радикалды фундаментализм.
– Радикалды фундаментализм қалай пайда болады?
– Ең алдымен, адасқан жолдан пайда болады. Сосын, ұлттық болмыс бұзылып, рухани-мәдени қабат құнарсызданады. Мысалы, жас баланың санасы дүниені танудың алғашқы сатысында қиялын дамыту үшін аңыз-қиссаларға, әфсаналарға барынша мұқтаж болады. Осы кезде бойына ұлттық, дәстүрлі құндылықтарды құя білсе, оның бағыты дұрыс қалыптасады.
Қазақстанда көптеген діни жамағат бар, олардың өздерінің ұстанымдары, өздерін тәрбиелеу, жеткізу, оқу-ағарту тәсілдері бар. Көбі–кішкентай баланы отырғызып қойып, миына құрғақ уағыз бен жалаң сөзді барынша тықпалау әдісін ұстанады. Әрине, дін үйретуде мұндай тәсілдің нәтижелілігін жоққа шығаруға болмас, бірақ, ауызды қу шөппен сүрткен құрғақ уағыздан баланың қиялы дамымай, ақыл-санасы өспей белгілі бір қалыптың, шеңбердің ішінде ғана қалып қояды…
Батыстың діни тәрбиесі, діни психологиясындағы ұтымды тәсіл: баланың қызығушылығын барынша ашу, әртүрлі амалдарды мейілінше мол іздестіру арқылы жаһандану шарттарына сәйкестендіре дамытуға ұмтылады. Сөз жоқ, батыстың бітімі бізге мүлдем жат. Тіпті, Түркиядан, Арабстаннан тағы басқа елдерден алып келген әдет-дәстүрлердің өзі біздің дүниетанымымызға сәйкес емес.
Өйткені, біздің қанымызда, жанымызда қалыптасқан дәстүрлі дүниетанымымыз, дәстүрлі жолымыз бар, одан ажырап кете алмаймыз. Өзіміздің дәстүрлі дүниетанымымызға қайтадан оралып, Қожа Ахмет Яссауидің, Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейдің және ақын-жыраулар қалдырып кеткен мұраларынан ортақ оқу-ағарту әдістемесін жасап, жастарды сусындап, тәлім беріп, тәрбиесіне қолдансақ, біз бірден өркениет көшіне ілесіп кетер едік.
Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері – ғасырлар бойы қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының сусынын қандырып келеді. Ғибратты хикметтерінде баланың бойына дарып, мінез-құлқының кемелдендіретін қаншама керемет қиссалар, аңыздар, өнегелі сөздер де бар.
Арғы-бергі қазақ тарихындағы жыр-дастандарды, қиссалары, шежірелерді өзінің киіз кітабына мұқият түсіре берген Мәшһүр Жүсіптің 30 том мұрасы артында қалған. Мәшһүр Жүсіптің маңызды-мәнді мұраларынан тәлім алған Баянауылдағы аядай бір ғана ауылдан 13 академик шықты. Жас кездегі тәлім-тәрбиенің тазалығы мен өрісті дамып-өрбуінен – қазақтың марқасқа тұлғалары пайда болды.
Бірін-бірі жалғап тұрған Абай мен Шәкәрімнің мұраларының –дін мен руханиятымызды еселей дамытып, өркениетке жалғасып кетуімізге үлкен септігін тигізері даусыз. Біз дәстүрлі дүниетанымымыздың қымбат құндылықтарын ұрпағымыздың жүрегіне дарытатын жаңа тәсіл-жол тапсақ, керемет өркениет басталады, деп ойлаймын.
– Философия докторы, профессор Досай Кенжетай:«Қазақтың рухани жады мен ұлттық генофондта «Диуани Хикмет» тұр. Жанына жақын хикметті тыңдағанда қазақтың рухы оянады. Яссауиден бастау алған барлық түркі шайырларының ғашықтық ғазалдары мінбердің биігінен естілсе, оқыған азаматтың бәрі сол жерден табыларына күмәнім жоқ. Осылар айтылмаған соң, оқыған азаматтар ой қуатын күшейту үшін батыс философиясына бет бұрып кетті»деген пікір айтады…
– Досай ағамыз өзінің саналы ғұмырын Қожа Ахмет Яссауи бабамызға арнап, ғұламаның хикметтерін зерттеп-зерделеп, келешек ұрпаққа осынау орасан еңбектерді түсіну мен түсіндірудің жаңа әдістемесін ұсынып, аса қажетті, өте елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан оқымысты ғана емес, Қазақстандағы дінтану саласының философиясы және гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар айдынында да шоқтығы биік ғалым.
Кезінде совет өкіметі өзінің қарамағындағы бүкіл Орта Азия мемлекеттерін алуан түрлі айла-амалдармен орыстандырып, ұлттық келбетінен мүлдем айырғысы келді. Атеистер қоғамы дегеннің басшысы Емелян Ярославский Сталинге кіріп: «Орта Азиядағы бес елге экспедицияға барып, олардың ұстанатын негізгі сенімдері қандай, олардың құндылықтары неге сүйенгендігін зерттегім келеді» – деп, рұқсатын алып, Қазақстан бастаған бес елге экспедицияға келеді. Бес елді зерттеген бесеуінің де монографиясында бәрінің ойы бір жерден шығып: «Бұл елдердің бәрінің қатты ұстанатыны – Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметі» екен» – деген қорытынды жасайды.
Әр елдің, әр үйдің төрінде Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» былғары сөмкенің ішінде ілініп тұрған. Қазақстанда, Өзбекстанда, Түркменстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда ақсақалдар түгелдей Қожа Ахмет Яссауиді айрықша құрмет тұтып, өмірін, қызметін, еңбектерін үнемі жастарға жаттатып отырады. Соның арқасында Орта Азия елдерінде азғындық, бір-біріне өшпенділік, жабайылық жоқ. Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметінің» арқасында қалыптасқан арды, иманды берік тұтады, бәрі елді қорғайтын кезде бір кісідей болып азаматтары атқа қонады. Біздің өзіміз 2017 жылы «Яссауи Феномен» деген еңбекті жазу барысында осыған көз жеткіздік. Қазақтың жыраулары мен түркінің ақындары да Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерін жатқа айтып, өздері де керемет жырлар мен ғазалдар жазып, үлкен өркениет көшін қалыптастырған.
Мен Түркияда оқыған кезде Мәснәуимен таныстым. Мәснәуиде бәрі хикаямен, аңызбен, ертегімен береді. Қазіргі кезде түріктердің мектеп жасындағы балаларына мәснауидегі хикаяларды ұсынып, жас ұрпақ тәрбиесіне қолданады.
Біздің қазақтың Қожа Ахмет Яссауиі, біздің ақын-жырауларымыз жұрттың көңіл-күйіне, жұрттың психологиясына, рухына әсер ету үшін құндылықты, аңыз-қиссаны солай таңдаған. Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметін» оқыту мақсатында Яссауитану республикалық оқуы болғанда өзім басы-қасында жүріп, байқағаным –Қожа Ахмет Яссауидің хикметін жаттап жүрегіне сіңіріп, жұрттың алдына шығып айтқан балалар өмірде өз орындарын тауып, жақсы азамат болып қалыптасып жатыр. Олар Қазақстанның әр кетігіне бір-бір кірпіш болып қаланып, өсіп-өркендеуде.
Яссауидің хикметін жаттап, діліне тоқығандар құрметтерін жауһар жырларымен білдірген. Яссауи жайлы жырлаған шайырлар дәстүрі Бақырғанидан бері – Құл Убайди, Сопы Аллаяр, Құл Шариф, Мұхамбет Шайбани, Мақтымқұлы Пырағы болып, толассыз жалғасып келді.
Қазақтың ақын-жырауларын Мәшһүр Жүсіп, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгір, Ақтан, Шораяқтың Омары, Балмағамбет Балқыбайұлының толғаулары сақталған. Мәселен, Балмағамбет Балқыбайұлы:
«Қожа Ахмет Яссауи,
Силсаласы – силсалам,
Атын білген бар ғалам.
Қарсылық қылып ол затқа,
Сөз айтпайды бір кәләм.
Іздеп тауып Арыстан бап,
«Бері кел, – деді, – «ей, балам!»
Шақырып алып баланың,
Нышанасын көріпті,
Аманатын Расулдың Аузынан алып беріпті»– деп жырлаған.
Біздің бабаларымыздың асыл мұралары – жүректі тазартуға бағытталған, жүрегі тазарған адам ғана өмірдегі оң-терісті анық тани алады. Қожа Ахмет Яссауидің адамның ой-санасын дұрыс қалыптастыру бағытында ерен еңбектерін насихаттауды жүйелі жолға қойсақ, батыстық философияға кіріптар болмаймыз. Өйткені, дінтану ғылымы кемел елдің түтіні – әрдайым түзу шығады…
– Әдетте, біз көбіне түйіні шешілмеген шиеленісті мәселелерді талқылаймыз. Қалай ойлайсыз, шешім туралы да айтатын уақыт жеткен жоқ па?
– Шынымен, «құр ғана жылап-сықтап, жамырап-дабырлай бергеннен» ештеңе шықпайды. Сөзден іске көшіп, нақты бір жоспарлар құрып, бағдарлама жасайтын кез келді…
Логотерапия деген ғажап бір ғылымда – дін психологиясы да қарастырылады. Себебі, адамның рухын басты назарға алатын логотерапия – дінді жоққа шығармайды. Бұрынғы психологтардың бәрі «адам – тән мен жаннан тұрады» деп келсе, логотерапия «адамның үшінші қабаты – рух»-ты қосады.
Адамды айуаннан ерекшелейтін қасиеті – рухы. Дін мәселесінде «Қандай құндылық өндіруге болады, қазіргі жастардың сұранысы неде, олардың рухани мұқтаждығын қалай беру керек?» деген мәселе төңірегінде жұмыс жасау керек. Ол үшін кітаптар шығарып, лекциялар оқып, мектеп оқушылары және жастармен кездесулер өткізіп жүрміз. Бұл ретте қазақтың руханиятына мың жылдан аса нәр беріп келген баға жетпес мол мұраларымызды қазіргі заманның әртүрлі технологияларына лайықтап дәріптесе – нұр үстіне нұр болар еді.
Діни сауатты жетілдіру үшін ақпараттық мекемелерде, діни құлшылық ғимараттары мен оқу орындарында – құндылықтарды кітап түрінде, аудио, видео түрінде ұсынып, бетпе-бет әңгімелессе – әсері айрықша зор болары сөзсіз. Жастармен сөйлескенде рухани салаға деген мұқтаждықтарын байқаймыз, көңілдерінде қаншама сұрақтары бар, сол сауалдарына жауап алса, көңілдері толып, марқаяр еді…
– Шиеленісті шешімнің жолы – тәрбиені қолға алып, рухани құндылықтармен қанағаттандыру шығар…
–Баланың 6-7 жасынан бастап рухани мұқтаждығын толықтырып, тәрбиелей білсек, бүгінгі күнгі байқалып жатқан келеңсіздіктердің алдын алар едік. Қазір ата-аналарда: «Ақша тауып, баламызды дүниеден тарықтырмасақ, бірінші – жағдайын қарық қылып алсақ, онан соң, құрбы-құрдастарының алдында кем боп қалмаса, әйтеуір, солардың алдында еңсесі түспейтіндей жағдайда болса – соның өзі жеткілікті» – деген психология бар. Виктор Франкл айтады: «Сіз бірінші балаңыз ауырмасын-сырқамасын, тамағы тоқ болсын деп, одан кейін театрға, басқа да сұранған жеріне билет алып жібересіз. Бірақ, сонда да балаңыздың көңілі толмайды. Өйткені, сіз баланың үшінші – рухани мұқтаждығының бар екенін ұмытып кеткенсіз. Ол сізден мейірім сұрап тұр, махаббат сұрап тұр, шөліркеп бір нәрсені іздеп тұр. Соны бере білсеңіз, балаңыз әрі қарай керемет дамып өсер еді» – дейді.
Қазіргі кездегі суицидтің негізгі себебі ретінде біз осы нәрсені көреміз. Мысалы, Қазақстан жасөспірімдер суициді бойынша төртінші орынға келді. Өз-өзіне қол жұмсаудың себебін көбісі «әке-шешесінің материалдық жағдайы төмен болғандықтан, ақшасы болмағандықтан» дейді. Алайда,мұндай жағдайлар ауқатты, дәулетті отбасылардың өзінде көп болып шықты. Сонда негізі мәселе – ата-аналарының балаларына көңіл бөлмейтіндіктері, назар аудармайтындықтары себеп деуге негіз бар. Бір нәрсе сұраса, қолын бір сілтей салып кетіп қалады, оның сұраған қалауына жауап бермейді. Содан бала өзін «артық», «керексіз» адам сияқты сезініп, ақыры, суицидке ұрынады. Тіпті, суицид болмаса да –депрессияға, стресске түсіп, мінезінде тұйықтық, өте теріс өзгеріс болады…
Ең бірінші, дастарқан басында әңгіме өрбітіп, баламен ересек адам сияқты әңгімелесіп, оның көкейіндегі сұрағын біліп, соған өзінің назарын аударған кезде – бала да өзін толыққанды сезініп, осы қоғамдағы өзінің де бір орны бар екенін түйсініп, жауапкершілік алып, өсіп-дамып кете береді. Қазақта: «Балаңды 5-ке дейін – патшадай еркелет, одан кейін – құлыңдай жұмса, 13-тен әрі қарай – досыңдай сырлас» деген нақыл бекер айтылмаған. Өзіңнің білетін құндылықтарыңның бәрін балаға үйретіп, баланың көкейіндегі дүниені тануға қатысты сұрақтарға жауап берсе, бала жақсы өседі.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясында» осы нәрсені керемет жазады: «Өмірде кездестірген барлық адамдарды – таразының бір басына, онан кейін сүйегі қурап қалған әжемді – таразының екінші жағына қойсам, онда әжем әлдеқайда ауыр тартып кетеді» –дейді.
Алаштың алапат батыры Бауыржан Момышұлының тұлға болып қалыптасуына кішкентай кезіндегі әжесінің құлағына сіңірген құндылықтары әсер еткендігін өзі: «Әжем кішкентай кезімде көзімді тырнап ашқалы маған дүниені танытты, аңыздар айтып берді, ертегілер, небір ғажап жыр дастандар айтты. Алпамыс, Қобыландылардың ерлік қасиеттері маған жұқты. Әжемнің айтқан жыр-дастандары, аңыз-қиссалары мені қалыптастырды. Сондықтан, әжемнің алдында мың да бір борыштармын» –деп жазып, ерекше емірене есіне алады.
Қазіргі әжелеріміз де рухани кітаптарды алып оқып,дастарқан басында бір-екі ғибратты тәмсілден, хикаядан айтып, баланың санасына сіңіруге болады. Бір айда бала міндетті түрде әңгімеге қосылатын болады. Жас ұрпақтың рухани тәрбиесі – әрбір ата-ананың өз қолында.
-Қырық жастан кейін басталатын профессионал өмір туралы айтыңызшы…
-Жасы 40-тан асқаннан кейін адам баласы бұрын-соңды байқалмаған беймәлім бір күшті сезініп, ол ішінен қысып-аласұртып, сыртқа шыққысы келіп тұрады. Сол кезде ол өмірдің жаңа бір сатысына шығып, рухының мұқтаждығын тауып, дұрыс жолға түсіп кете алады. Ал сол кезде өзінің жолын таба алмай қалған, өзінің ішіндегі потенциалын жүзеге асыра алмай қалғандар – ішкі қуатты тұншықтыру үшін теріс жолдарға түсіп кетуі мүмкін…
Бүкіл кемеңгерлердің, ғұламалардың бәрінің профессионалдық өмірі қырықтан кейін басталған. Мұны «тек қана ғұламаларға тән» деп айтуға болмайды. Қырықтан кейін екінші тынысының ашылатыны – әр адамға тән. Сондықтан, осы кезде бала тәрбиесіне шын ниетімен, ықыласымен кіріссе, дұрыс арнасын табады.
– Түркиядан алған біліміңізді өз елімізде кеңінен қолданудың арнайы жоспар-бағдарламасы қандай?
– Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде студенттерге сабақ-дәріс беріп, оқытушылық қызметімді бастамақшымын. Тың идеялар арқылы қазақ руханиятының дамуына, жастардың тәрбиесі мен ізденісіне қолымнан келгенінше өз үлесімді қоссам деймін. Тек Түркістанмен шектелмей, Қазақстанның басқа да өңірлері мен аймақтарында оқу-ағарту саласында өзімнің білімімді және тәжірибемді жұртпен бөліспек ойым бар.
Сұхбаттасқан Гүлжаз ҚАРЫБЕК