Жаңалықтар

Атырауда имамдар форумы өтті (СУРЕТ)

Бүгін Атырауда облыстық ​ имамдар форумы өтті. Бас мүфти​ Серікбай қажы Ораздың бастамасымен қабылданған ​ «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы жан жақты талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды.

Ерекше атап өтерлігі, аталмыш жиынға елордадан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз-хатшысы Ағабек Қонарбайұлы арнайы қатысып, баяндама жасады. Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемдемесін жеткізген Ағабек Қонарбайұлы жақында ғана республикалық имамдар форумында қабылданған құжат – «Жеті рухани қазық» тұғырнамасының маңызы туралы айтып өтті. Және де рухани кемелділік, шынайы мұсылман бейнесі туралы ойларымен бөлісті.

«Садақаны біз әдетте қаржымен өлшеп жатамыз. Бірақ, адам барлық ​ мүмкіндігін Алла разылығы жолында пайдаланса, бұл ең керемет қайырлы қадам болмақ. Ғұламаларымыз халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ екендігін айтып өткен. Себебі, халыққа шынайы ниетпен қызмет ету, игілік жолындағы ізгі қадам» деп атап өтті спикер Ағабек Қонарбайұлы.

​ Жиын барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Жеті рухани қазық» тұғырнамасына жан-жақты сипаттама берді.

«Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп, исламның міндеті адамзатты көркем мінезге, адами құндылықтарға тәрбиелеу екендігін атап өткен. ​ Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке,​ адамгершілікке жетелейтін, көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.​ ​

Тұғырнама мазмұнында Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыздың адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлгені сөз етіледі. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың жазылмаған заңдылығына айналған. Бойында асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын адамды «иманды» деп атаған.​

Рухани тұғырнамада «Отаншылдық» – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұратындығы, отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю екендігімен түсіндіріледі. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Форум аясында қоғам қайраткері Қайыржан Махмутов, орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Насиқызы, Әт-Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Тілеуов, Жылыой аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Арман Исаев баяндама жасап, ойларын ортаға салды.

Форумға облыс мешіттеріне қарасты имамдар, ақсақалдар, аналар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close