Боямасыз өмір

Сирияға кетпей-ақ санасы уланған Ақтолқын

Қоғам ішіндегі пікірлер адамды сан алуан ойға жетелейді. Сириядан қайтқан қаракөздеріміз хақында аз айтылып жатқан жоқ. Жалғыз мені ғана емес, көпшілікті Сирияға кетпей-ақ санасы уланғандардың өмірі алаңдатады…

Ауылға таныс Ақтолқын есімді қыз болды. Әке-шешеден ерте айырылған Ақтолқын мектеп бітірген соң, қалаға кетіп, Құран үйреніп, ақиқат жолына түскенін естідік. Арада бірнеше жылдан кейін бір себептермен ауылға оралды. Жүзі жайдары, айналасын тез баурап алатын бұл қыз барлық істе белсенді болатын. Мешітке келіп, білімін де жалғастырып жүрді.

Алайда біз күтпеген жай орын алды. Қалай тұрмысқа шықты, оның көзқарасы бірден өзгеріп шыға келді. Күйеуі басқа бағытты таңдағандықтан, енді ол мешітке де аяғын аттап баспайтын болды. Өзара жамағат құрып, тіпті әйелдер арасында имамдыққа шығатынын талай көз көрді. Дәлел-дәйек іздеп, өзгелердің өмірі оған оғаш көріне бастады. Бірақ оның отбасылық өмірі небәрі бір жылға созылды. Құқық қорғау органдары күйеуінің теріс бағытын біліп, қамауға алды. Жарас Ақтау түрмесіне тоғытылды. Жазасын өтеудің соңғы жылында түрмеден қашып шығушылар арасында күтпеген оқиға орын алғаны белгілі. Оққа ұшырағандардың ішінде Жарас та болғаны анықталды. Ері қаза болған әйелдің ерін күту мерзімі біткеннен соң (яғни төрт ай, он күн) Ақтолқын қайта тұрмысқа шығуға ниеттенді. Бұл жолы ұсынысты күйеуімен бір түрмеде отырған жігіт жасаған-ды. Сөйтіп, Әділмен некесін қиған Ақтолқын өмірін қайта жалғастыра бастады. Күйеуінен қалған қыз бала да есейіп қалған болатын. Арада бес жыл өтіп, Әділ мерзімін өтеп шықты. Неше жыл бойғы көзалдымдағы өмірден ешқандай өзгеріс байқай алмадым. Ақтолқын не бағытын, не өмірін өзгерткен жоқ. Бүгінде екінші некесінен төрт бала сүйіп отыр.

Алла Тағала адамға ақыл берді. Әр істі байыппен шешіп, дұрыс бағыт таңдау мүмкіндігін сыйлады. Малғұн азғырып, жақсының жаман, дұрыстың бұрыс болуы әп-сәтте ғой. Соған қарағанда кейбір адамдар өлшеулі ақылмен шешім қабылдай алмай ма деп ойлайсың!? Әлде, ата-анасы болмағандықтан қателесті ме екен деп арашалағым да келеді. Бірақ мектепті жақсыға тамамдап, жалындап тұрған, көзінен от шашып, көкірегі сайрап тұрған қыздың аз ғана уақытта құрдымға түсуі ненің салдары болуы мүмкін? Әттең-ай, қаншама қаракөз бұзық пейілді адамдардың алдауына түсті екен?

Иә, жар құшып, бала сүюді кім аңсамайды? Бірақ адам бір қателігінен сабақ алса, қанеки! Қоғамнан оқшауланып өмір сүру қаншалықты дұрыс? Қазақтың төл дәстүрінен жеріп, теріс қараған қаракөздер балаларына қандай тәрбие береді деп ойлаймын. Болашақта тілін сүймейтін, ата дәстүрін, ділін білмейтін ұрпақ қалыптаса ма деп қорқамын. Ақтолқын секілді қарындастардың тағдырыалаңдатады. Батыр Бауыржан Момышұлы атамыз: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен.

Батырдың қорқынышы шындыққа жанасады. Санасы мың сан ойда жүретін, мынау арам, мынау адал, мына жол жұмаққа апарады, мына жол тозаққа апарады деген арпалыспен таңы атып, түні бататын, атасына сәлем, енесіне ықылас білдірмейтін келін қайтіп бесік жырын айтып жарытады? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Бесікті түзетер ана мен әкенің санасы уланған, болашағы бұлдыр. Балиғатқа жетпеген қызын зайырлы білім алудан шектеп, балаң ғұмырын ұрлаған ата-анаға не айтуға болады? Бүгінгі таңда қоғамда дау тудырып отырған тақырып осы болып тұр. Баланың көкірек көзі көр болу дегеніміз – тағы бір толқынның адасуы деген сөз.

Елімізде экстремизмге қатысты оң жұмыстар атқарылуының нәтижесінде біршама жастар көзқарастарынан қайтып, бағытын дұрыстауға ниетті. Мәселен, «Жусан» операциясымен елге оралған қазақтар туралы ақпаратты оқып не бейнетаспа көру барысында олардың ішкі толқыныстары, елге сағынышы анық білініп тұрады. «Жусан» операциясы нәтижесінде жат жерде өмірі қор болған балалар елге әкелінді. Бұл бала өміріне араша болудың айғағы. Ал «адастық» деп ант су ішіп отырған әйелдер мен ерлер ше?! Бұлар өмірдің тыныштығын түсінді деп ойлаймын. Оқ пен оттың ортасында жүріп, бейбіт күннің бағасын білді. Туған елі  сыртқа теппей, төріне әкелгеніне тәубе десе керек.

Ал тыныш елдің ішіне іріткі салып, өзге елдің таным-түсінігін тықпалап жүргендер әлі де ақиқатты танығаны жөн. Елімізде қаншама насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. ҚМДБ-на қарасты мешіт имамдары да жамағаттың бірлігі жолында жақсы жұмыстар атқарып жүр. Жұма күні намаз аяқталмастан есіктен шыға жөнелетін кей бауырлардың әрекетін әдемі мысалмен-ақ түсіндіріп, исламдай көркем дінге дақ түсірмеу баршамызға міндет екенін айтып келеді. Мұның бәрі санасында сәулесі, жүрегінде иманы бар адамдардың жүрегін жылылыққа бөлері сөзсіз.

Осындай көз алдымызда болып жатқан оқиғалар жүрекке қорқыныш ұялатады. Әркімнің иманы, Алласы әрине, жүрегінде. Барлық адам жұмақта жаны жай тапқанын қалайды. Бірақ жат ағым, теріс көзқараспен жүргендерге қарап, көңілге жұбаныш боларлық сөз таппайсың. «Ақтолқындарымыз» адаспаса екен деп тілейміз. Алақандай ауыл өміріндегі осы оқиға әлі күнге санамнан өшкен емес… Сирияға кетпей-ақ санасы уланғандардың өміріне бейжай қарауға болмайды. Олар да қоғамның бір бөлшегі. Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Мүмін мен мүмін бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің  құрылысы секілді деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды».

Демек, мұсылманның мұсылманды жақсы көруі, қателігін кешіріп, ізгілікке бастауы – бізді жақсылыққа жетелейді. Мұхаммед Пайғамбардың бұл хадисі мұсылманның бөлінбес бір дене екендігін ұғындырады.

Тұрар ТҮГЕЛ,

Нұр-Сұлтан қаласы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close