Жаңалықтар
Рухани бағыттағы жұмысты күшейту қажет
Бүгін БҚО әкімдігінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңестің отырысы болды. Облыстың 12 ауданы қосылған онлайн-кеңеске БҚО әкімінің орынбасары С.Егізбаев қатысты.
Жиында жоғары оқу орындарында радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған алдын алу шараларын жетілдіру, діни сеніміне байланысты балаларды медициналық вакцинациялаудан бас тарту мәселесі, Жәнібек және Шыңғырлау аудандарында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мәселелері қаралды.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Т.Дәрішева сөз сөйлеп, университетте деструктивтік діни ағымдардың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстардан есеп берді. Университетте 4779 студент білім алуда. Оның ішінде 37 студент, соның ішінде 30 қыз намазхандар есебінде тұр. Олардың көбі Маңғыстау, Қызылорда, БҚО, Атырау, Түркістан, Ақтөбе облыстарының жастары. Университетте 20 студент БҚО дін істері басқармасының бастамасымен дін бағытындағы спикерлерді дайындау курстарынан өткен.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі олардың дін жолына ата-анасымен келісіп барып келгенін көрсетті. Жастардың діни көзқарастары дұрыс және қоғамға, жүрген ортасына қауіп тудырмайтындығына көз жеткізілді» деді өз сөзінде Т. Дәрішева.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Мұқанов соңғы 9 айда облыста 4 көкжөтел, 119 қызылша ауруының тіркелгенін айтты. Жұқпа Бөкей Орда (6), Бәйтерек (23), Бөрлі (7),Сырым (4), Теректі (4) аудандарында және Орал қаласында (75) кездесіп отыр. Жалпы облыста 2019 жылы ата-аналары екпе алудан бас тартқан 1174 жағдай тіркелген. Олардың көбі Ақжайық, Жаңақала, Сырым, Бөрлі аудандары және Орал қаласының тұрғындары.
«Дін мамандарымен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 70 ата-ана баласына екпе жасауға рұқсат берді. Алайда екпеден бас тартып отырған басқа ата-аналар діни көзқарастары үшін емес, «медициналық тұрғыда сенімсіздік танытып отырмыз» деп жауап беретін болды» деді Ерлан Мұқанов.
Жәнібек ауданы әкімі А.Сафималиев, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары А.Бисембаев ауданда діни бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. БҚО дін істері басқармасы басшысы Мақсат Раманқұлов Кеңестің 2020 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Жоспармен танысқан Кеңес мүшелері алдағы жылы атқарылар жұмыстар туралы ұсыныс- пікірлерін айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлы арнайы спикерлік курстан өткен осы 20 студентті алдағы жылы дін саласындағы жұмыстарға кеңінен араластыру және облысқа білікті теологтар мен имамдарды тарту керектігін айтып, тапсырма берді. Имамдардың жалақы мәселесі қаралып жатқанын айтты.
Жиында сондай-ақ жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне айына бір рет Омар Жәлел секілді белгілі мотиватордың қатысуымен мотивациялық кездесуді тәжірибеден өткізу, студенттерді волонтерлік қызметке тарту үшін гранттық жобаларды бөлу туралы ұсыныстар айтылды. Деструктивтік діни ағымдардың алдын алуда алдағы жылы рухани бағыттағы жұмысты күшейту қажет.
«Дүрбі»