Көкейкесті

Салафизм ағымының өкілдері есірткімен әуестене ме?

«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дейді. Қасқырдың терісін жамылған қой секілді Ислам дінінің атын жамылып, елдің іргесін сөгуге ұмтылып жүргендер қатарының көбейгеніне алаңдамасқа болмас.

Бұл ретте әңгіменің бір тармағы дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысты. Қайсысын айтсақ та, радикалды және діни фанатизмге қатысты жайттың барлығы дерлік қоғамның өзегін жұлуға әзір тұр. Әсіресе, соңғы жылдары салафизмнің зияндылығына қатысты материалдар БАҚ бетінде және әлеуметтік желіде көптеп жазылды.

Біреулер теріс ағымның қауіптілігін айтып пікір қалдырса, ал кейбіреулері орынсыз айыптау екенін жазды. Салафилер «нағыз мұсылманбыз» деген ой жетегінде жүргенмен, салафизмнің адасушы һәм адастырушы бағыт екенін анық білмейтін секілді. Олар көптеген отбасын ойрандады. Дәстүрлі дінді аяқасты етіп, имандылардың атына ұят келтірді. Тіпті, әлеуметтік желіде бұқара халықтың бұларға жаза берілу керек емес пе деген уәждерін де оқисың?! Жаза алып, айыппұл төлеп жатқандары да жеткілікті. Тіпті, жекелеген азаматтарға заң аясында уағыз айтылуына тыйым салынып, кейбір азаматтар заңға қайшы әрекеті үшін жазаланып та жатыр. Теріс ағым өкілдері тек радикалды уағыз айтқаны үшін ғана жазаланып жатқан жоқ. Олар дін ұстана отырып, қоғамның бірлігіне нұқсан келтіріп, ар-ұят дегеннен аттап, ақылды, діндар адамға жараспайтын теріс қылық жасап жүр. Әрине, тізбектей берсек мұндай үрейлі кемшіліктер көп-ақ. Бұлардың барлығын жасаушылар салафизм ағымын ұстанушылар екенін дөп басып айтуға болады. Дегенмен мұндай қылмысты жасап жатқан басқа да азаматтар бар. Айтайын дегенім, салафизм ағымын ұстанушылар дәстүрлі болмаса да дін ұстанушылар екені анық.

Енді тақырыпқа қарай ойыссақ. Жақында Ермек Құрманғалитегі деген азамат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «Салафилік ағымды ұстанатындардың кейбірі марихуана шөп шегеді. Көздері қызарып, «ерекше кайфпен» намаз оқып тұрады. Құранда арақ харам, ал шөп туралы
жазылмаған дейді. Ал денсаулықтың Алланың адамға берген аманаты екенін айтсаң, Құран хадистен дәлел сұрап шыға келеді» деп пікір қалдырыпты.

Кейбіреулер бұл пікірге қосылса, ал бұл мәселеге қатысты нақты дәлел сұрап жазған блогер Жолымбет Мәкіш: «Фактімен сөйлеу керек, Ереке. Оларды жақтағаным емес, бірақ олар біз сияқты дінде солқылдақ емес. Арақ ішіп, темекі шегіп, зина жасап жүрген жоқ. Олар да біреудің ағасы, інісі, баласы, әкесі. Өз ішімізден шыққан. Кінә оларда емес, кінә осындай ұсақ-түйек әңгімеден басқасын білмейтін, арам мен адалды, әурет деген нәрсенің не екенін білмейтін сауатсыз халықтың өзінде! Дінде үлгі көрсететін адам жоқ» дейді. Ал белгілі дінтанушы ғалым Мұхан Исахан: «Салафилердің бәрін сөге жамандауға болмайды, әрине. Бірақ теологиялық оңалту жұмысын жасап жүрген мамандар шөп шегетін дінпаздарды жақсы біледі. ШҚО-ға қарасты бір қаланың салафилерінің көбісі солай» деп пікір қалдырған.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін өткен жылдың қараша айында Түркістан облысында намаз оқып, діни білім алатын бөлмесін есірткі қоймасына айналдырған азамат сотталды. Бұрын да төрт рет түрмеде отырып шыққан салафизм бағытының өкілі былтыр жыл басында ұсталған. Жат ағымның жетегінде жүрген жетісайлық көпбалалы әке өзінің ілім үйренетін бөлмесінде есірткі дайындап, оны сақтап келген. Ұсталған азамат тергеу мен сот кезінде «есірткіні үйде сақтау дінмен тыйым салынбаған» деп түсіндіріпті. Кәмелетке толмаған бес баласы мен мүгедектігі барын ескерген оны Жетісай аудандық соты 1,5 жылға бас бостандығынан шектеді.

Күллі адамзат баласын адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын ислам дінінде еш кемшілік жоқ. Кемшілік тек сол дінді дұрыс түсіне алмаған пендеде. Осындай келеңсіз ақпараттарды оқығанда тегінде тектілік пен даналық, қанында намыс пен жігері бар қазақ жастарының ұсақталып бара жатқаны жаныңды ауыртады екен… Мұхаммед Пайғамбар «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді» деген екен. Біз тілге тиек еткен теріс әрекеттер шектен шығушылықтың салдарынан орын алып отыр.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы,
Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

«Дүрбі» газеті деструктивті діни ағым өкілдерінің есірткіге қатысты БАҚ бетіне жарияланған деректерді тізбелеп береді:

  • 2019 жылдың қаңтар айында Түркісан облыстық полиция департаменті экстремизмге қарыс күрес департаменті 50 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Оның үйінен марихуана мен сәләфилік мазмұндағы діни әдебиеттері тіркелді. Заңсыз есірткі өнімдерін сақтағаны үшін Түркістан облысының Мақтарал ауданының соты деструктивті діни ағым өкілін бес жылға бас бостандығынан айырды.
  • 2013 жылы 10 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері «Шақпақ» шекара бекетінде К. есімді күдіктінің автокөлігін тоқтатып, суық қару мен есірткі тәркіледі. Жүргізуші орындығының астынан Ресейден шыққан тапанша мен оқ-дәрі табылды. Аяқ киім астынағы қорапта марихуана бары анықталды. Қылмыскердің сәләфилік сенімдегі адам екені белгілі болды.
  • 2018 жылы 29 маусымда Ақтөбе қаласындағы «Қазақстан» сауда үйінде сәләфилік ағымындағы ағайынды жігіттер есірткі шегіп алып, «102» нөміріне қоңырау шалып, ішкі істер басқармасына террорлық шабуыл жасауға дайындалып жатқандарын мәлімдеген. Есірткі әсерінен олар оқиға орнына лезде жеткен полициялардың қойған сұрағына дұрыс жауап бере алмаған, тергеу барысында қарсылық танытып, жанжал шығарған. Ағайындылардың біреуі екі полицейді жарақаттап, қашып кетуге талпынған. Бұзақылығы үшін олар тұтқындалған. Есірген егіздің біреуі ҚК 380-бабы 1-тармағы (билік өкіліне қарсы күш қолдану) бойынша жауапқа тартылады.
  • 2019 жылы қыркүйек айында Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғыны қайта сотталды. Ол күндіз намаз оқып, түнде бұзақылықпен айналысқан. Деструктивті дін ағым өкілі бұған дейін де ұрлық пен бұзақылығы үшін сотқа тартылып, бас бостандығынан айырылған. Түрмеден шыққан соң түзелдім деп, ағайындарын сендіргенімен, есірткі шегіп, тұрғындарды пышақпен қорқытып, ұялы телефоны мен ақшасын тартып алғаны белгілі болды. Тінту кезінде аталған суық қаруды ұстап жүргені анықталды. Теміртау аудандық соты бұзақы жігітті 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот отырысында ҚМБД өкілі күдіктінің мешіттерге барып, өзінің діни көзқарасына сай дау шығарып, имамдармен жиі жанжалдасатынын айтып, куәлік еткен.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close