Сараптама

Салафизм «Алланың бірлігіне шақыру» ұранын бұрмалаған

Көптеген діни сарапшылардың айтуынша, салафизм – саяси бағытты көздеген заманауи діни қозғалыс. Осыған байланысты бүгінде ислам ғұламалары аталмыш қозғалыстың қоғамға қаупі жайлы көптеген еңбектер мен көзқарастарын жарысып жазуда. Ендеше, салафизмнің негізгі бет-бейнесін анықтау мақсатында бірнеше даңқты ғұламалардың салафизм идеологиясына қатысты пәтуаларына жүгінгенді жөн көрдік.

Ахмед ТАЙП, әл-Азхар университетінің шейхі, мұсылмандар кеңесінің төрағасы:
(أحمد محمد أحمد الطيب — الإمام الأكبر شيخ الجامع الأزهر, رئيس مجلس حكماء المسلمين)
«Әһли сунна уал жамаға» деп біз сенімде Матурудия мен Ашария, ал мазһабта ұлы төрт мазһаб Ханафи, Ханбали, Шафиғи, Малики жолын ұстанушыларды айтамыз. Кімде-кім осы жолдан таймай, білімі және көркем мінезімен ерекшеленетін болса, ол «Әһли сунна уал жамаға» тобына кіреді. Алайда бұл топқа бүгінде мұсылмандар арасынан бөлініп шыққан салафизм бағытын ұстанушылар кірмейді. Сондай-ақ салафизм идеологиясын насихаттайтын кез келген діни орындар мен мекемелер де «Әһли сунна уал жамаға» тобының негізгі қайнары болып табылмайды. Бүгінде әлем көріп жатқан асыра сілтеуші экстремистік топ мүшелері «Әһли сунна уал жамаға» үшін күресіп жатқан жоқ. Себебі олар «Әһли сунна уал жамағаны» бет-перде етіп, өздерінің жасырын пасық саяси көзқарастарын жүзеге асырып отыр. Осындай керітартпа мұсылмандардың кесірінен қазіргі таңда көпшіліктің ислам дініне деген көзқарасы бұзылып, исламның тарихи сахнасында өшпестей қара дақ қалды (Грозный қаласында «Әһли сунна уал жамаға» деген кімдер?» атты тақырыпта өткен конференцияда сөйлеген баяндамасынан үзінді).

Мұхаммед Сайд Рамазан әл-БУТИ, Шам ғұламалар бірлестігінің бұрынғы төрағасы, белгілі ислам ғалымы:
(محمد سعيد رمضان البوطي – رئيس إتحاد علماء بلاد الشام)
Біз бүгінге дейін «салаф» сөзін естігенде тарих бетіндегі Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардан кейінгі ізгі сахабалар және олардың жолын ұстанушы үш дәуірдегі мұсылмандарды түсініп келген едік. Ол заманғы мұсылмандар шынымен де Аллаһтың тура жолынан таймаған жүзі жарқын тұлғалар еді. Солардың арқасында біздерге ислам діні қаймағы шайқалмай жетіп отыр. Сондықтан оларды «Салаф ас-салих», яғни ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар деп айтуға толық негіз бар. Себебі олар дінде қандай бір көзқарастар туындаса өзара дау туғызбастан бейбіт жолмен шешетін және де олар сол мәселеде бір-бірінің сағын сындырмастан, сөкпестен негізгі қайнар Құран мен сүннетке жүгінетін. Бұған қоса, олар теріс көзқараста болған мұсылмандарды бидағатшы, кәпір деген ауыр сөздермен айыптамаған. Осындай ізгілігімен ерекшеленген мұсылмандарды Пайғамбар (с.а.у.) көзі тірісінде мақтап, бізге солардың жолымен мықтап ұстануға бұйырған болатын. Бүгінде «салаф» тегін сөздің артына кір келтірген салафизм деген топ бой көтерді. Олар өздерін ілгерідегі салафтардың жолын ұстанамыз деп көкірек қағып, ізгі сахабалардың жолымен ұштаспайтын жаңа діни бағыт құрды. Сөйтіп, уақыт өте өздерін салафизм идеологиясын ұстанушымыз деп таныта бастады. Олардың діни бағыттары ізгі сахабалардың жолымен сәйкес келмейді. Өйткені олар дінде қандай да бір мәселе туындаса бейбіт жолмен шешуге талпынбайды, әрі өздерімен келіспегендерді «тура жолдан шыққан» деп айыптайды. Бұл өз кезегінде ізгі салафтардың ұстанымына қарама-қайшы келеді. Мұндай бағыттағы салафизм ұстанушыларын бұған дейінгі ешбір тарих бетінде кездестіре алмаймыз және олар ізгі сахабалардың жолын даттап отырғанын ескере кеткеніміз жөн. Осылайша, оларды дінде жаңадан пайда болған бидағатшылар және адасқандар деп айтуымызға негіз бар (Салаф – мазһаб емес ізгілердің өрнекті дәуірі» кітабынан). (السلفية مرحلة زمنية مباركة لا مذهب محمد سعيد رمضان البوطي : إسلامي)

Иллюстрациялық сурет. Авторы Сания Тойкен

 

Ибн Абидин әл-ХАНАФИ:
(ابن عابدين الحنفي – مفسر و فقيه)
Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың жолын ұстанушылар біздің заманымызда хауариждермен тең. Хауариж деп аты айтып тұрғандай, олар өз уақытында Пайғамбардың (с.а.у.) ізгі сахабаларын күпірмен айыптап бөлініп шыққан топ секілді Абдул Уаххабтың соңынан ерушілер де сол хауариждер секілді Нажд жерінен шығып екі киені (Харам мешіті мен Пайғамбар (с.а.у.) мешітін) басып алды. Бұған қоса, олар Ханбали мазһабын ұстанушымыз деп өздеріне Ахмад ибн Ханбалдың жолын бет-перде етіп алды. Сөйтіп, олар өздерін сенімінде жаңылмаған нағыз мұсылман санап, өзгелерді мүшриктер деп айыптады («Рад әл-Мұхтар» кітабынан). (رد المحتار — ابن عابدين)

Хавиз ибн Хажар әл-Хайтами, белгілі тәпсірші, фақиһ, хадисшы: (ابن حجر الهيتمي – الفقيه و المحدث)
Соңғы уақытта арамызда сенімде жаңылған, сөзінде шынайылық жоқ, Ибн Таймияның соңынан еруші мұсылмандар пайда болды. Олардың негізгі «әл-Уасита» деген кітабы бар. Бұл кітапта Ибн Таймия Құран мен сүннетке және «Әһли сүннет уал жамаға» ғұламаларының көзқарасына қарсы мәліметтер кездеседі. Осылайша, олар ұйқыда жатқан айдаһарды оятып, мұсылмандардың арасында бүлік шығарды. Біздер бірігіп осы кітаптың теріс мазмұнына нақты діни тұрғыда жауап беретін еңбектер жазуымыз керек. Бұған дейін белгілі ғалым Тақи ад-Дин Әбу Хасан ас-Сабки «Бишифа сиқам фи зиярат хайрул анам» деген кітабында Ибн Таймияның Пайғамбар (с.а.у.) қабірін зиярат етуге байланысты теріс көзқарасына жауап жазылған. Сондықтан біз де осындай еңбектерді жарыққа шығарып, бүгінде қоғам дертіне айналған Ибн Таймияның жолының таралуына барынша тосқауыл қоюымыз керек. Алла Тағала Ибн Таймияны тура жолдан адастырды, көзін көр етіп, тілін мылқау етті. Ибн Таймияның өтірігін, бүлігін анықтаған ислам ғұламалары дәл осылай оны айыптаған. Егер кімде-кім бұған күмәнданатын болса белгілі даңқы әрі сенімді Әбу Хасан ас-Сабки және оның әкесі Имам Из ибн Жамаға және осы секілді Ханафи, Малик, Шафиғи ғалымдарының Ибн Таймияға қарасты айтқан сөздеріне шолу жасасын. Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың негізгі ұстанымы Алланың бірлігіне шақырып, түрлі ширк амалдарынан сақтандыру екені белгілі. Алайда бұл сыртқы бейнесі ғана. Егер ішкі бейнесіне үңіліп қарар болсақ, онда біз бұл топтың құрылуынан бергі мақсаты мұсылмандарды қорлау, түрлі себептермен бүлік шығарып мұсылмандарды бір-бірімен жауластыру екенін аңғарамыз. Бұл топтың негізгі ұстанымы (яғни, Алланың бірлігіне шақыру) ол әлсіз мұсылмандарды өз қатарына тартудың алғы шарты. Себебі олар осылайша әрбір мұсылманды Аллаһтың бірлігін тануға ұмтылдырып, өз қатарын көбейтуді көздейді. Сондықтан олардың негізі ұстанымы оларға ерушілерге тұзақ болып табылады («Татхир әл-фуад мин дәнәс әл-итиқад» кітабынан). (تطهير الفؤاد من دنس الاعتقاد)

Дайындаған Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы,
kazislam.kz

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close