Басты тақырыпСараптама

Қазақ неден қорқады?

Қазіргі кезде шартарап сағымдай құбылып тұр. Әлемдегі алпауыттар «ас та төк» тоқшылыққа бөгіп, өзге мемлекеттерге шекесінен қарауға кіріскен сыңайлы. Иран жойқын қаруымен азулы АҚШ-қа сес көрсетсе, жаһанда әскери қуатымен көш бастап тұрған Ақ үйдің қақтығыс аймақтарына орналастырған, мұздай қаруланған жасақтары Тегеранның мысын басып тұрғаны анық. Олардың біреуі әпербақандықпен атом тажалды оятып жіберсе, қалалардың көкке ұшып, үшінші дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін екенін екінінің бір біледі. Бетін аулақ қылсын, бір жағынан табиғи және техногендік апаттардан адамзаттың жүрегі шайлықса да, өмір сүруін жалғастырып келеді. Жер бетіндегі алты құрлықтың біреуі Аустралиядағы қалың орман отқа оранып, миллиондаған жануар, жүгірген аң, ұшқан құсты күйік шалып, тұрғындары өрт құрбаны болуда.

Желдей ескен ақпарат орта Азия елдерін де ойландырып тұр. Оның қатарында бірнеше ұлтты бауырына басқан, әлімсақтан мұсылманмын деп есептесе де, бірнеше діннің басын біріктірген, ғасырлар илеуінде ақ патша мен қызыл империяның бұғауында болып, сан мәрте саяси репрессияларды басынан кешірген, ашаршылық зардабынан баудай қырылған, ширек ғасырда есін жинап, егемендігін жария қылған қазақ елінің халі нешік? «Бүгінгі қазақ неден қауіптенеді?». Елінің болашағына елеңдеген әр азаматтың көкейінде осы сауал  тұрары хақ. Руханиятымызға, егемендігімізге, елдігімізге сын болар қандай қатерден сақтанғанымыз жөн? Осы сұрақтарға жауап іздеп, елімізге белгілі қайраткерлерге «Дүрбі» газетінің меншікті тілшісі хабарласқан еді. 

 

Қазақ халқына есімі етене таныс, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлелдің айтуынша, қазақ санасы әбден отарсыздануы керек. Тәуелсіздігімізге қауіп-қатер содан төнуі мүмкін. Отар қамытынан түгелдей арылмаған ел мемлекет бола алмайтыны абсолюттік ақиқат. Қазіргі уақытта қалалардың атын ауыстыру, елді мекендердің ежелгі атын қайтару сынды үдерістерді жария түрде жүргізуге көшетін уақыт келді. Қазақ «ауруын жасырған өледі» деген.

Ең үлкен қауіп – санамыздың отарсызданбауы. «Жақсы ісінен көреді, Жаман кісінен көреді» деген нақыл бар. Өзіміздің көшімізді түзеп, «ес жиып, етек жабатын» кезең келді. Бұл ретте «Етек жабу» ұғымы – моральдық, психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деген сөз. Қазақ өмірінде болып жатқан келеңсіз құбылыстардың барлығы ес жимағаннан болып жатыр. Отар болу – халықтың ақыл-есін жоғалтуы, құл болуы. Мемлекет отарлық санадан түгел арылуына мән бере қоюы екіталай. Биліктің өз саясаты, өзіндік басқару логикасы бар. Зиялы қауым тізе қосып, біріге қимылдаса, санадағы қатерден сауықтыруға ықпал ете алады, – деді Омар Жәлел.

Ғалымның айтуынша, қазақтың әлі күнге орысша сөйлеуі, көш басында жүргендердің ұлттық мүддеге опасыздық танытуы– отарлық сананың кеселі. Қазіргі уақытта қоғам сол кеселдің салдарымен ғана күресіп жүр.

Биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтпекпіз. Осыған орай ой толғаған Омар Жәлелдің сөзінше, ақынның трагедиясы – қазақ халқының отарланған кезеңінде өмір сүруі.

Өзіңді ел болар деп ойламаймын, 

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деген Абай халықтың еркі жоғалғанына, басынан билік кеткеніне күйінген. Ақын қазақтың су түбіне кетіп бара жатқанын көрді. Абай қазақты сынамаған, керісінше, ол отаршылдық бұғауын үзу, қазақты өзінің биігіне шығу жолын көрсеткен.

Есін жимаған халықты түрлі күштер отарлауға аңсары ауады. Сондықтан сананы деструктивті діни жолмен жаулау – сыртқы жат пиғылдардың жаулау амалының төте жолы.

Тарих ғылымының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев те елімізге төнген діни қатердің зардабы орасан болуы мүмкін екенін теріске шығармайды. Тарихшының пікіріне сүйенсек, қазіргі уақытта дін саясаттың құралына айналып кетті. Таяу Шығыс елдеріндегі дүрбелең, Ауғанстан, Йемен, Ливия, Ирак, Тунис, Мысыр елдерін шарпыған жалын Сириядағы соғысқа ұласуы – осының дәлелі. Сириядағы лаңкестік ошағын жоюға амалсыздан теріскейда жатқан Ресей Федерациясы да кірісті.

Тарихшы, ғалым Жаңабек Жақсығалиев дүниені дүрбелеңге салған Иран мен АҚШ текетіресінің геосаси астары бар деп пайымдайды. Иран – Каспий теңізінен үлес алып отырған іргелі мемлекеттердің бірі.Теңіздің арғы бетінде Қазақстан мен Әзербайжан орналасқан. Сондықтан әлемді шарпыған геосаяси ахуалды сараптап отыру да артық  етпейді.

Сыртқы күштер, әсіресе, дамушы елдердегі сәләфилік-уахабилік ағымның тамыр жаюына жағдай жасап отыр. Радикалды идеология жегі құрттай 15-20 жыл бойы өсіп-өніп, іштен іріп, сырттан соққы алуға мүмкіндік туғызатынын жаһандағы лаңкестік оқиғалар, саяси һәм әлеуметтік шиеленістер, діни дүрдараздық дәлелдеп отыр. Советтік кезеңде «дін – апиын» деген құрғақ үгітпен өскен буынның санасы ақ пен қараны ажыратудан қалды. Санаға түскен жарықшақ, түбі құрдымға апаратын жалаң көбік, көпірік уағыз діни танымын арттырғысы келген жастарды жұтып қойды.

Мемлекет орта білім жүйесіне діндер тарихы туралы пәнді енгізді. Мектептерде «Зайырлылық және дінтану» пәні бойынша бүкіл дін тарихы оқытылады. Ол пәннен тарихшылар сабақ береді. Қазіргі уақытта «дәстүрлі ислам» ұғымына «түркілік ислам» немесе «синкретті ислам» сөздері пара-пар қолданылып жүр. Дін тарихында «синкретті ислам» және ортағасырлық «ортодоксальді ислам» ерекшеліктері кеңінен түсіндіріледі. Қазақ пайымына «синкретті ислам» дүниесі жақын. Менің ойымша, мемлекет осы бағыттағы ағартушылық жұмысты қолға алуы қажет. Ежелден дала дәстүрімен біте қайнасқан, түркілік мәдениетпен суарылған Ислам қабаттары жайында мектептерде арнайы оқытуымыз қажет. Бұл жөнінде тарихшылар, тіпті теологтардың өздері біле бермейді. Қазіргі уақытта гуманитарлық салада мамандар тапшы. Талантты жастар экономикалық, техникалық бағыттағы жалақысы жоғары мамандықтарға кетіп жатыр, – деді Жаңабек Жақсығалиев.

Тарихшы көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматы ретінде телевидение саласын арзан күлкі, жілігі татымайтын шоулар, бейәдеп көріністердің жаулап алғанына алаңдайды. Көңілің тоғайып, көсегеңді көгертетін дүние емес, көзіңді көлегейлеп, көкірегіңе көлеңке түсіретін, желден жүйрік қозғалатан көбік ақпарат мен жымысқы үгіт-насихат интернет кеңістігін тұмшалап, рейтинг үшін реңін құбылтып жатқан БАҚ беттерінен түспейтін болды.

– Қазіргі кезде жаһандануға ұлттық иммунитет қарсы тұра алмай жатыр. Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қарттар үйінің қаптауы, тастанды балалар мен аралас некенің көбеюі, педофилия секілді азғындыққа бой ұрған құбылыстардың өршуі жан түршіктерді. Елімізде 400 мыңнан астам жалғыз басты ана бары ресми хабарланды. Олардың әрқайсының соңына ерген балалардың тағдыры не болатыны толғандырады. 700 мыңға жуық кәрі қыз бар екен. Ажарлы да ақылды, текті саналатын, бірнеше тіл білетін қазақ қыздары шетелдіктердің етегін ұстауда. Ұлттың генефондын күшейтетін қарагөздерімізге өзге ұлт өкілдері көз тігуде. «Анасын қарап, қызын ал», «Баланың жақсысы – нағашыдан» деп қазақтар бекер айтпаған. Қазіргі қоғамдағы бұл құбылыстар – ұлт руханиятына төнген қауіп-қатердің анық белгілері. Жаһандану құрдымына жұтылып барамыз, – дейді ғалым.

Тәуелсіздігімізді алғалы бір ұрпақ алмасатын уақыт өтті. Егемендік алаңында еңсе тіктейтін екінші буынның рухани халі қалай болмақ? Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова ислам дінін бетперде қылған ағымдар қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, жалпы таным-түсінігіне шабуыл жасап жатқанын айтты. Әсіресе, діни жоралғыларды қалқан қылып, араб киімін кию, араб салтын насихаттау белең алуда.

Қазақ ұлты – мың жылдық тарихы бар көне ұлт. Арғы ата-бабамызды Сақ, Ғұн, Көк түркілер деп түрліше атасақ та, біз – солардың ұрпағымыз. Сан ғасырдың елегінен өткен салтымызға жойқын шабуыл жасалуда. Ұлтымыздың тұтастығын, ынтымақ-бірлігін бұзуға күш салып жатыр. Шын мәнінде, қазақ халқы ешқашан құдайдан безген емес. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Қазақтың ешбір салт-дәстүрі, ырым-тыйымы шариғат талабына қарсы келмейді. Бірақ бүйректен сирақ шығарып, арабтардың бүкіл салтын, ұғым-түсінігін санаға сіңіріп, қазақтың бір бөлігін қоғамнан тұйықтап тастады. Қазақты қазаққа қарсы қоюдың қауіпі зор, – деді Зейнеп апа.

Қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын бірнеше кітаптың авторы, жазушы Зейнеп Ахметова жаһандану құбылысына ат төбеліндей қазақ халқы төтеп беруі үшін зор қалқан, сана сүзгісі керектігін тілге тиек етті. Халқымыз ежелден «Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деп айтқан. Рухани қатерге ана тілінің құдіреті төтеп бермек екен. Тіл арқылы тұтас ұлт рухани құндылықтарын құрмет тұтады, көзінің қарашығындай сақтап, санасына сіңіре алады. Өзін шынайы мұсылман санап, қара оранатын, сақалын сапситып өсіретін тобыр қазақтың көсегесін көгертпейді. Олар қазақтың ыдырауына күш салып жатыр. Жастар содырлардың  қиянат жасап, болашағына балта сілтейтінін ерте ұғына білуі тиіс. Тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді текті халықты орыс империясы тұралата алмады. Бірақ аз уақыттың ішінде дүмбілез пиғылды діншілдер қазақты қатты ойсыратуда.

Зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы:

Мен қауіп еткеннен айтамын…

Діні басқа біреулер

Ел биледі аралап.

Бір пәледен мың пәле

Өсіп кетті паналап, – деп жырлаған екен.

Қалың қазақтың қошеметіне бөленген, әсіресе, жастардың денін жырына ғашық қылған, поэзия әлемінде тұма таланттар көзін ашып жүрген ардақты азамат, лирикасы тау суындай тұнық шайыр, «Жаратылыснама» атты философиялық кітаптың авторы Мұратхан Шоқанның әлеуметтің желілердегі жазбалары көптің көзайымына айналуда. Ақын соның бірінде «Тобырлық сана қауіп төндіреді» деп пайымдайды. «Ел тізгінін ұстап отырған азаматтар түкке алғысыз көрінгенімен, тобырлар армиясы мемлекетке аса қауіпті… Қауіпке бірге қарсы тұрайық. Оларды сыртқы күштер жақсы пайдаланады. Олар күшейіп келеді. Қасиетке тас атқандар қасіретке ұрындырады», – дейді.

Мұратхан Шоқанның тағы бір толғамына көз жүгіртсек: «Біріншіден, қоғам дамуы үшін дұрыс бағыттағы ғылыми қоғамдық ұстаным қалыптастыру маңызды. Қоғам ғылыми философияға сүйенуі керек. Халық рухани кемел, санасы ашық, ғылым, білімге жақын болған сайын мемлекет құдіреттене түседі. Ақ пен қараның парқын білген адам арандатуға ермейді. Ғылыми философияға сүйенбеген мемлекет қақтығыстардың ошағына айналады. Екіншіден, қазіргі кезде әлемдегі алпауыт елдер бір мемлекетті жаулап алу үшін әскерін бастап бармайды… Алдымен әскерді сол мемлекеттің халқының өзінен жасақтайтын жымысқы тәсілге көшкен. Ол үшін сол мемлекеттегі халықтың наным-сеніміндегі әлсіз тұстарын, ұлттық араздықты, әлеуметтік теңсіздікті жіті зерттеп, өздеріне керекті адамды тауып қаржыландырады. Ары қарай ұзақ жылдық жоспар жүріп жатады… Сөйтіп мемлекет халқының бір бөлігі – білгені саналы түрде, білмегені санасыз түрде басқа бір елдің әскеріне айналып кетеді… Ақыры тәуелсіздігінен айырылып тынады. Мемлекет үшін сыртқы жаудан ішкі жау қауіпті! Сондықтан арам шөп байқалса, егінмен жарыстырып өсірмей, ертерек жұлып тастайтын қарапайым диқанның тәсілін қолданған дұрыс!», – дейді Мұратхан Шоқан.

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағы Толы ауданы Ақбелдеу ауылында туған, Қазақстанға келгеніне жиырма жылға жуықтаған азаматтың біліп түйгені көп. Ол еліміздегі кейбір диаспораны астыртын қаржыландырып отырған сыртқы күш бар екенін аңғарып отырғанын айтты. Алпауыттар өзге ұлт өкілдерінің экономикалық жағдайын көтеріп, сауда жолы арқылы қаржылай демеу жасап, арқасынан қағып, артынан ши жүгіртпекке оңтайланып отыр. «Үй ішінен үй тіккісі» келетіндердің, түптің түбінде, ел ішін алатайдай бүлдірмесіне ешкім кепіл бола алмайды.

Қазіргі уақытта дінге деген атеистік көзқарас өршіп тұр. Ата-бабаларымыздың ақылмен саралап, ежелден екшеп алған дәстүрлі діни сенімімізге шабуыл жасайтындар көбейді. Осы үрдістің өзі, түбінде, жақсылыққа апармайды. Ең ақылдымын деген адам дінмен күреспеуі керек. Әлемдегі алпауыт елдер Исламды қаралап, сол сенімді қадір тұтатын елдерді қантөгіс ошағына айналдыруды мақсат тұтуда. Сыртқы күштерге төтеп беруі үшін ұлттық құндылықтармен бірге адамзаттық құндылықтарды қадірлеуіміз керек. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия күйреп жеңілді. Бірақ аз жылдың ішінде алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына еніп алды. Атом бомбасы салдарынан қос шаһары тас-талқан болған Жапония да тез есін жиып, жедел даму жолына түсті. Олардың мықтылығы – аталған елдер философиялық қағидаларын тез қалыптастырып, берік ұстануында. Біз – әлі поэзия тектес ұлтпыз. Эмоцияға тез беріліп, бір-бірімізбен алауыз болып шыға келеміз. Философиялық ұстанымдарына нық, сабырға бекіген ұлттар ондайға жол бермейді. Қазіргі уақыттахалқымыз даналық теңізінен нәр алғысы келіп, тұшымды ой, сәулелі сөз, кемел келешекке жетелейтін нақты бағыт-бағдар іздеп отыр. Бәріміз қазіргі уақытта Абайға айналып соға береміз. Басқа да тұлғаларды, шамшырақ сәулелі алыптарды ұмыт қалдырамыз. Абаймен нүкте қоюға болмайды. Бұл да қателік. Әр дәуір өзінің дана перзентін, ұлы тұлғасын дүниеге әкеледі. Дәуір перзентін кейінгі ұрпақ өзі танып, қажетті сөзін елеп-екшеп алады,  – деді Мұратхан Шоқан.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов Қытайдан төнетін қауіпті жоққа шығаруға болмайтынын тілге тиек етті.

Көрші мемлекетпен шекаралас орналасқан аудандардың тұрғындары Қытай елінің саясатын алыстан болжап, беталысын аңғарып отыр. Қазақстан шегіне жақын елді мекендерінде көп қабатты үйлердің салынып, зәулім құрылыстардың жүргізіліп жатқанын жиі айтады. Бірақ ол ғимараттар әзірше бос көрінеді. Сондықтан саяси және әлеуметтік жағдайдың астарын ерте бағамдау керек деген ойдамын. Қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы жедел тарайтын жел сөзге де, дәстүрлі БАҚ айтпайтын ақиқатқа да бойымыз үйренді. Қазақ оянды. Қазір шекара асып өтетін қандастар көбейді. Меніңше, алдында жар, артында құз тұрғанын сезсе де, амал жоқтығынан келіп жатыр атамекенге. Қоғамның сыни көзқарасын пайымдай отырып, Қытайдың үнсіз отырып, жаулап алу саясатына байланысты көптің көкейінде үрейдің белең алғанын байқап отырмын. Бұған біріншіден, қазақ халқының санының аздығы, екіншіден, мемлекеттің әлеуметтік, ұлттық саясатының ықпалының әлсіреуі әсер етуде, – деді Қасымхан Бегманов.

Ақынның сөзінше, салт-дәстүрімізді заман ыңғайына бейімдеп, ескісінен арылып, есесіне, ана тілімізді, ұлттық болмысымызды жоғалтып алудан сақтануымыз керек. Заман райы мың құбылса да, қазақ халқы дала маңғазы іспеттес дархандығынан, дәстүр дәнегіне айналған адамгершілік қасиеттерінен, ақжарқын да ақ көңіл мінезінен, айбынды тектілігінен  айнымауы, бабалар салған сара жолдан жаңылмауы тиіс.

Түйін

Қазіргі кезде қазақ сескенетін, көкіректі күмән буып, көкейге үрей ұялататын құбылыстар көп секілді. Мақаламызда руханиятқа, ұлт діліне, дініне, дәстүріне қандай қатер төнгенін халімізше бағамдауға, салмақты ой болса, сараптауға тырыстық.  Бұдан тыс экономикалық, табиғи, техногендік, геосаяси, жаһандық сын-қатерлердің барлық елге, жер бетінде қыбырлаған адамзат баласына төніп тұрғанын ешкім жоққа шығармас. «Өгіздің басына туған күн…»  деген мақалды да еске салып қоялық. Тарих пердесін түріп қараған адам жаһанның жартысын жаулаған талай қағанаттың ішкі алауыздықтан, парақорлықтан, опасыздықтан, зиялылар дәрменсіздігінен, қырғи-қабақ соғыстан, тектілердің бір-бірін күстаналауынан қирай құлағанын біледі. 

Сондықтан мемлекетілігінің, елдігінің, егемендігінің қамын ойлаған әрбір азамат кәрі құрлықтың ортасында ғаламға көз тіккен елдің еңсесі тік болып, абыройы асқақтауын тілейді. 

Шымбайға батса да, шындық қымбат. Ауызға бал емес, у тамызса да ақиқат қадірлі. Қазақ неден қауіптенеді? Айтарыңыз болса, алқалы сөз, оралымды ой түюді өзіңізге қалдырдық, оқырман.

 Нұртай ТЕКЕБАЙ,

меншікті тілші

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close