Осыдан біраз бұрын интернет желісінде төрт баласымен жалғыз қалған әке туралы видео жарияланды. Балаларын жетілдіру үшін шыр-пыр болып жүрген әкенің жағдайы көпшілікті алаңдатып, халықтың тілегі осы отбасының баспаналы болуына әкелген еді.
Иә, өмірде неше түрлі жайттар орын алып жатады. Бірақ, бізді адамгершілік, құлағанға демеу болу деген ізгі қасиеттер біріктіре түсуі керек.
«Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілер қозғалысы осындай жағдайда өмірге келді. «Мен өзім бала күнімнен қиыншылықта өскен адаммын. «Есейген шағымда дәулетті боламын, басқаларға көмектесемін» деп өзіме серт беретінмін. Балалардың мөлдіреген көзін, қиналғаннан басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген әкенің жағдайын көргенде осы істі мықтап қолға алуды ұйғардым» дейді «Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Ерлан Тарихов.
Үшінші жылға аяқ басып жатқан қор осылайша бүгінде мұқтаж жандарға тұрақты көмек көрсетумен айналысып келеді.
Өткен жыл осы еріктілер қозғалысы құрманғазылық екі отбасының баспаналы болуына ықпал жасады. Соның бірі Құрманғазы ауданына қарасты Орлы селосында тұратын көп балалы тұрмысы төмен жанұя. Жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, қыс мерзім ішінде асарлатып үй тұрғызып берген еріктілер балалардың сол күнгі бал-бұл жанған жүздерін ұмыта алмай жүр.
«Қиналып кеткен адамға қол ұшын созу адамдықтың белгісі ғой. Жабырқап жүрген көңілдердің жадыраған сәтіне куә болу сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім» дейді еріктілерді ұйымдастырып жүрген Ерлан Тарихов.
Қазіргі уақытта қор үш бағытта жұмыс жүргізуде. Бірінші бағыт – мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз ету. Екінші бағыт – киім-кешек. Яғни, қазіргі уақытта Құрманғазы орталық «Серпер» базарында арнайы дүкен жұмыс істеп тұр. Ол дүкеннен мұқтаж жандар керек киім-кешекті тегін алып кете алады. Үшінші бағыт – баспанамен қамтамасыз ету.
«Яғни, әр жұма сайын мұқтаж отбасыларды аралап, көмек көрсету барысында біз тізімді толықтырып отырамыз. Біздің мақсатымыз – қиналып жүрген жерлестерімізге дер кезінде демеу болу. Және өз іс-әрекетіміз арқылы жастарды имандылыққа үндеу. Ерікті болу – әр адамның саналы түрдегі таңдауы» дейді «Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілер қозғалысының жетекшісі Ерлан Тарихов.
Ерекше атап өтерлігі, қор он беске жуық азаматты біріктірген. Бірі кәсіпкер, бірі қарапайым қызметкерден құралған бұл топ әркез табысының ауқымды бөлігін ізгілік жолында жұмсап келеді.
Биыл елімізде еріктілер жылы басталды. Көп нәрсені айтқың келеді ақ. Бірақ, өзгермейтін қағида бар. Қандай қиын жағдай болса да, адамгершілік, ізгілік атты дүниелер бәрібір қатқан тоңның көбесін сөгеді. Жылымық бәрібір орнайды. Ізгіліктен үміт үзбейік…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА