Жаңалықтар
Қайролла КӨШҚАЛИЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы: «Әлеуметтік желіні «қоқыстан» тазартуымыз қажет»
Біз жұмыс істеп отырған автоматтандырылған интернет карта облыс аумағында тұратын діни теріс ағымдар мүшелерінің әлеуметтік желідегі деструктивті бағыттағы материалдарын бұғаттауда оң нәтиже беруде. Біз күні бүгін төрт бағытта жұмыстанудамыз. Соның ішінде салафит, сурурит, хаддадит бағытындағы тұлғаларға 2019 жылы 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл аталмыш үш бағыт аккаунттарын өшіріп, интернеттен қашып жатыр. Мысалы 2019 жылы Атырау қаласының тұрғыны Д.Ахмиров әлеуметтік желіде аккаунт ашып, шетелдік салафия бағытын ұстанушы шейхтардың уағыз -насихаттарын жүктеп таратқан. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы бойынша 53 мың теңге айыппұл салынды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң аясында атқарылып жатқан осындай жұмыстар өте жақсы нәтиже беруде. Үш айда 9 мыңға жуық аккаунт жоғалып кетті, яғни салафит бағытындағы жат ағымды насихаттап отырған адамдар өз еріктерімен аккаунттарын жауып, интернеттен шығып кетті.
Атырау облысы бойынша әлеуметтік желі деструктивті ағымдардың насихатынан 25,1 пайызға тазарды. 2021 жылы Атырау облысында жат ағымдардың интернеттегі аккаунттарын тұтастай жоятын боламыз. Бұл жастардың жат ағымның шырмауына түспеуіне оң ықпал етеді деп ойлаймын. Өткен жылы интернетте діни теріс ағымды насихаттап, діни алауыздық тудырған 35 тұлға әкімшілік құқық бұзушылық бабы бойынша жауапкершіліке тартылды.
Дін бағытындағы әкімшілік тәжірибе, автоматтандырылған карта бойынша деструктивті ағымдармен күресті жетілдіру мақсатында алдағы мамыр айында Атырау қаласында республикалық семинар өткізуді жоспарлап отырмыз.Себебі күні бүгін Павлодар, Қызылорда, Түркістан, тағы да басқа облыстардан құқық қорғау қызметкерлері маған хабарласып, тәжірибемізбен бөлісуді өтініп жатыр. Біз семинарға деструктивті ағымдарға қарсы жұмыс істеп отырған басқа да саланың, соның ішінде құқық қорғау қызметкерлерін шақырып, өз тәжірибемізбен бөліскелі отырмыз.
Бүгінгі таңда кез-келген адам діни материалдарды салып, оны желідегілер белсенді бөлісуде. Біз әлеуметтік желіні деструктивті бағыттағы мәліметтерден тазартуымыз қажет. Алдағы уақытта интернетке шыққан діни материалдар бақылауға алынады. Әлеуметтік желіге мүфтият, мемлекеттік тапсырмаларды орындап отырған орталықтар мен кәсіби ақпарат құралдарынан басқа ұйымдар дінге қатысты материалды салып, бөлісе алмайды.
Мысалы, Ханафи мазхабындағы адамға интернетте таратқан қате ақпараты үшін айыппұл салынды. Басты мақсат- әлеуметтік осындай «қоқыс» материалдардан тазарту. Заң бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490 және 453-баптары бойынша ешбір адам, соның ішінде дінге еш қатысы, діни сауаты жоқ жеке тұлға діни әдебиеттерді, электронды түрдегі бейне, аудио және фото материалдарды тарата алмайды. Сондай-ақ порнография, ұлттық намысты қорлайтын, заңға қайшы кез-келген материалды интернетке жүктеген адам жауапқа тартылатын болады.