Жаңалықтар

Әр қазақ – менің жалғызым

 

Рүстем СЕЙІТҚАЛИЕВ,

Атырау облысы дін істері басқармасы

Ақпараттық талдау орталығының басшысы

 

Қазақ халқының ықылым заманнан бері өзгенің қайғысына қабырғасы қайысқан, қолдауға зәру жанға көмек қолын созуда алдына жан салмайтын, адамгершілік, адалдық пен ізгіліктің туын желбіретер өр халық екені белгілі.

Адам баласы барша жаратылыстың ішіндегі ең асылы бола тұра, ақыл, сана деген қасиетті игергенімен, алдамшы бақыттың торына түсіп қалуы әбден мүмкін. Қазіргі жағдайда алдап-арбау, жалған ақпаратпен майдалап, түк білмесе де білімдінің рөлін сомдаған алаяқтардың қатары көбейді. Сондай сауатсыз, «жалған білімділердің» арбауына ілініп, соңында қайғы мен өкінішке  ұрынған бауырларымызда жоқ емес.

Үлкенді үлгі етіп сыйлап, кішіні кішіпейілділікпен құрметтеп, аталы сөзге тоқтай біліп, ата-ана алдында «жусаннан аласа» бола білген әрбір қазақты сонау Сириядағы қандас бауырларының жағдайы сары уайымға салдырып,  ойларын онға бөлгені анық.

Қазақстан Президентінің бастамасымен «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы жүзеге асырылған  болатын. Осы жоба  аясында Сириядағы қақтығыс аймағынан өңірімізге 23 әйел мен 74 бала қайтарылды.

Бұл – қате қадам бастап, артынан толқыны иірімге тең сол соқпақтан шыға алмай, сонда да тағдырдың тартысымен жанталасып күрескен Сириядан оралған қандастарымыздың өміріндегі өте ауыр жағдай.

Сонау атам заманнан бері елі мен жерін, жетімі мен жесірін қорғауға келгенде дереуатқа қонып, найзаның ұшымен талай батырлық көрсеткен қаймана қазақты бұл жағдай бейжай қалдырмады. Қазақ өзінің текті ұлт екенін дәлелдеп, тамырына сіңген қайырымдылық пен бауырмалдықтың асыл үлгісін «Жусан» операциясы арқылы әлемге танытты.

Өкінішпен аһ ұрған бауырларымыздін-аман елге оралып, Сирияда бастан кешкен қайғысын сәл болса да ұмытуға тырысып жүрген жайы бар. Біз елге оралған жерлестерімізбен кездесіп, хал-ахуалын біліп, қолымыздан келгенше көмек беріп, жанына демеу болар әрекет етуді жөн көрдік. «Құдайдан берекет – адамнан әрекет» деп, бос жатпай аман оралған отбасыларға жәрдем көрсетілді.

«Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» демекші, Атырау облысыдін істері басқармасының қолдауымен Ақпараттық талдау орталығы және «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорыбұл жұмысқа жұмыла кірісті. Қақтығыс аймағынан оралған отбасыларға теологиялық, психологиялық, әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіп,  қоғамға, ортаға бейімдеу, өткенімізді ұғындыру, рухани құндылықты түсіндіру мақсатында барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс жүргізуде.

Атап айтқанда,  елге оралған 24 отбасының 50 баласы «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп құрал-жабдықтары, мектеп формасы және қаржылай көмекпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ балаларының құжаттарырәсімделіп, психологиялық көмек берілді.

Қайырымдылық – сауабы мол амалдың бірі. Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді (мысалы, дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар»  деп баяндаған.

Исламда «Садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «Садақа жария» дейді. Осыған орай, «Иманғали», «Сұлтан Бейбарыс», «Құспан молла» мешіттері әр аптаның жұма күні  аталмыш отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетіп, ризашылықтарын алып отыр.

Діни теріс ағымның шылауында кетіп, қоғамнан тыс қалған әйелдерді қоғамға бейімдеу мақсатында  олардың белгілі бір кәсіппен шұғылдануына көмек кө­рсетілді. 14 әйел аспаз, шаштараз, тырнақ әрлеуші, тігінші, т.б. курстарды тегін оқып, мамандық алып шықты. Олардың біреуіне   өз кәсібін ашу мақсатында маникюр аппараты (тырнақ әрлеуші) сыйға тартылды.Сондай-ақ олардыңжалдаған пәтер ақысына, азық-түлік пен балаларына қысқы киімін алуға қаржылай көмек көрсетілді.

Айнұр Тергеусізова

Бүгінде Сириядан оралған Айнұр Тергеусізова (суретте) мен Перизат Еркінбай (суретте) ақпараттық түсіндіру тобының құрамында облыста өтіп жатқан кездесулерге қатысып, жат ағымның зардабын, Сириядағы бастарынан кешкен қиындықтарын, ол жақта ешқандай мұсылманшылықтың жоқтығын  айтып, жастарға түсіндіруде. Өткен жылы А.Тергеусізова Қарағанды қаласына барып, ол жақтағы Сириядан оралған әйелдерге үгіт-насихат айтып, жиын өткізіп келді. Бұл Атырау облысы дін істері басқармасы  басшылары мен дін мамандары еңбегінің нәтижесі.

Перизат Еркінбай

Біз өзімізге төнген қауіп-қатерді қазақы болмысымызбен ғана жеңе алатын халықпыз. Саналары уланып, сергелдеңге түскен қандастарымыздың жағдайына еліміз үлкен түсіністікпен, жауапкершілікпен қарап, олардың қайтадан қоғамға бейімделулеріне мол мүмкіндік туғызып отыр.

Бүгінгі күні қақтығыс аймағынан оралған отбасылар жан-жақты көрсетілген әлеуметтік, материалдық көмектің арқасында қоғамға бейімделіп келеді. Өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыс, жалпы жұртқа шарапатымызды шашып, қайырымдылық көрсету – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз.

Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close