Жаңалықтар

Заңды қасақана бұзып жатыр

Әлеуметтік желі арқылы жат идеологияны насихаттаушылар айылын жимай тұр

Атырау облысы соңғы екі жылдан бері автоматтандырылған интернет картамен жұмыс істеп келеді. Батыс өңірі бойынша Атырауда бірінші болып іске қосылған интернет жоба деструктивті контентпен күресте үлкен нәтиже беріп отыр.

Аталмыш картаның көмегімен өткен жылы діни алауыздықты тудыратын материалдарды әлеуметтік желілерде таратқаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ерлан Ерғалиев

«Біз қолданып отырған бұл киберқалқан интернет кеңістігі, әлеуметтік желілерге автоматты түрде мониторинг жасайды. Яғни, деструктивті діни ағым өкілдерінің, уағызшы-лидерлерінің ВКонтакте, Инстаграм, Фейсбук және Ютуб желілеріндегі парақша-каналдарында жариялаған посттарына, сурет үлгісіндегі жазбаларына сараптама жасайды.

Бұдан соң, жинақталған мәлімет қоры Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығына жіберіледі. Бұл жерде материалдарға арнайы мамандар сараптама жасайды. Сараптама қорытындысы алынған соң материалды министрлікке жолдаймыз. Осындай ұзақ процесстен соң, іс сотқа жетеді. Бірақ, біз парақшаны бірден бұғаттап тастамаймыз.  Парақша иесімен кешенді түрде түсінік жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, киберқалқан жобасы әр адамға өз ісінің артында жауапкершілік барын сезінуге ықпал етуде. Ал, жат идеологияны насихаттап отырған шетелдік сайттар автоматты түрде бұғатталады. Өйткені, бізде шетелдік сайт жасаушыларды заңмен жазалау қарастырылмаған» дейді Атырау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы, заңгер, сарапшы Ерлан Ерғалиев.

Күнделікті тәжірибе – деструктивті бағыттағы ақпараттарды көп жағдайда жеке тұлғалардың  таратып жатқанын көрсетіп отыр. Мамандардың айтуынша, олар әлеуметтік желіде өздерінің атынан топ ашып, өздерінше үкім беріп, насихат жүргізуді әдетке айналдырған.

Мамандар таратқан сараптама қорытындысына қарағанда, әлеуметтік желілерді Қазақстанда негізінен 18-30 жас аралығындағы азаматтар қолданады. Және олар әлеуметтік  желіге бір күнде бірнеше рет кіріп, лайк, комментарийлерді белсенді түрде қалдырып отырады. Қазіргі уақытта ВКонтакте желісі мұндай жабық әрекеттердің өршіп тұрған ордасы болып отыр.

Және бір қызығы, осындай желі қолданушылары көп жағдайда өздерінің жат идеологияны насихаттап отырғанын жақсы біледі екен. «Дін атын жамылған жат идеологияны таратуға Қазақстанда заңмен тыйым салынғанын біле тұра, олар материалдарды қасақана дәріптейді. Себебі, мемлекеттің салатын айыппұлын олар өз орталарында бірлесіп төлеуді әдетке айналдырған. Өткен жылы Атырауда 4 170-ке жуық аккаунт қаралып, соның ішінде 301 аккаунттың деструктивті бағытта екені анықталды» дейді Ерлан Ерғалиев.

Тағы бір ерекше айта кетерлігі, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың ішінде терроризм бабымен бұрын сотталып шыққандар, адам ұрлау фактісімен отырып шыққандар жиі кездеседі екен. Олардың көпшілігі сауда орындарында телефон сату, телефон жөндеу сияқты жеке кәсіппен айналысады. Бұл жағдай пікірлестердің өзара жиі диалог құрып тұруына оң әсерін беріп отырған көрінеді.

Жат идеологияны интернет желісінде насихаттаудан бөлек, қазіргі уақытта Атырауда деструктивті бағыттағы әдебиеттерді тарату мәселесі де өткір тұр. «Мәселен, өткен жылы діни әдебиеттерді заңсыз сатумен айналысқан 11 адам жауапкершілікке тартылды. Негізінен біз салафилік бағыттағы кітаптарды анықтап отырмыз. Бұл кітаптар көбіне 5000 теңгеден бастап сатылады. Осы жерде тыйым салынған діни әдебиеттерді заңсыз сатуда олх сайтының кәдімгідей алаң болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Заңмен тыйым салынған кітаптар көп жағдайда араб тілінде жазылған күйінде келеді. Мәселен, тыйым салынған кітаптардың ауқымды партиясы тәркіленген фактінің тіркелгеніне де аса көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл жағдай Құрманғазы ауданының Ресеймен шекарасы арасында орын алды» дейді сарапшы Ерлан Ерғалиев.

Осылайша, мамандар дін мәселесінде білімді, ақпаратты мешіт және медресе ұстаздарынан алуға кеңес беруде.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

 меншікті тілші

Өткен жылы Атырауда:

Діни әдебиетті заңсыз тарату бойынша – 11 адамға,

Заңды діни қызметке кедергі келтіруді бір жыл ішінде қайталағаны үшін – 2 адамға,

Діни алауыздықты тудыратын материалдарды әлеуметтік желілерде тарату фактісі бойынша –  35 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close