Жаңалықтар
Мәслихат депутаттары ақпараттық-талдау орталығында
Атырау облыстық мәслихатының депутаты А.Абдолов, мәслихаттың аппарат басшысының орынбасары А.Қуанышкереев, бас инспектор А.Аймурзиев Атырау облысы Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығында болып, қызметімен арнайы танысты.
Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиев Орталықтың әр бөлімінің атқаратын қызметімен таныстырды.
Арнайы мәжіліс залында Ақпараттық-талдау орталығының басшы орынбасары М.Құбышев Орталықтың 2019 жылы атқарған қызметтеріне шолу жасап, өңірдегі діни ахуалды баяндап өтті.
Қ.Көшқалиев «Kazdream Media» компаниясы әзірлеген интернет желісіндегі діни ағымдардың таралуын зерттеу мақсатындағы «Аналитикалық Интернет-карта» бағдарламасы бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Қазақстанда көп таралған «Вконтакте», «Instagram», «Twitter», «Facebook», «Одноклассники», «Youtube» және «Telegram» секілді әлеуметтік желілерден мағлұматтарды автоматтандырылған түрде жинау, зерттеу және сараптау қарастырылғандығын атады. 2019 жылы экстремистік мазмұндағы 4000-ға жуық аккаунт қаралып, 312 аккаунт сараптамаға жолданып, 74 аккаунт бұғатталғанын жеткізді.
Мәслихат депутаты А.Абдолов деструктивті діни ағымдардан сақтандыру мақсатындағы жұмыстарды халыққа кеңінен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің қажеттілігіне тоқталды.
Орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңартуға ұсыныстар беріліп, алдағы міндеттер нақтыланды.