Тал бесік
Көңілдің көктемі
Еліміздің батыс аймағында көрісу күні ерекше аталып өтіледі. Ақ Жайық өңірінде көріс айтты тойлауды басым көпшілік наурыздың 14-і күні бастайды. Келесі күнді күтіп отырып, наурыз айының белортасында жаппай көрісетін аудандар да бар.
Географиялық ауқымын зерделей қарасақ, Батыс Қазақстан облысымен шекаралас Ресей аудандарында тұратын қазақтар үшін де бұл мейрам жат емес. Ғаламат ғұрыпқа айналған ғажап дәстүрдің шығу тарихын тап басып ешкім айта алмайды. Соған қарағанда, ыстық ықылас қайнары ықылым заманнан бері қалыптасса керек. Ресей аймақтарын қоса алсақ, ежелгі Ноғай ордасының дәуірлеген кезінде пайда болған дәстүр дәнегі ме деген ой да қылаң береді. Қиядағы Қостанай мен Торғай тарабында да көрісу салты көрініс береді деген деректер бар. Соған қарағанда, қытымыр қыста қарлы бораннан көз ашпайтын аймақтарда тұрған қалың қазақ қауымы үшін бір-бірімен қауышып, жақын-жұрағатының қал-жағдайын білу нағыз салтанат, мерейлі мереке болғанға ұқсайды. Обалы не керек, маңғаз Маңғыстау маңайы «Амал күні келді» деп, Отпан таудың басын дүбірлетіп, наурыздың 13-інен бастап, жан жадыратар жөн-жоралғының даңқын аспандатады.
Биыл Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова Көрісу дәстүрі кең көлемде аталып өтетін мерекелер қатарына енеді дегенде елеңдеп қалғанымыз рас. Көрісу күні – бала күннен жадымызда жатталған жарқын шақ, сергек салт, ұлағат ұстыны, ізгі ілтипат. «Бір жасың құтты болсын!», «Ғұмыр жасың ұзақ болғай» деген игі тілек жиі айтылатын күн. Ақ бата жеті қат көкке көтеріліп, періште пейіл Күннің өзін елжіретіп жіберетін кез. Көрініс үшін ғана шапан киіп, қымыз ішетін көзбояушылықтан ада көрісу ғұрпы көпке көзайым болуымен, бабалар жолын жалғап жатқан өміршең өзегімен, қату қабақты қорғасындай балқытқан құдіретімен жалпақ жұртты таң қалдыруын қояр емес. Өзгені қайдам, өңір халқының мәрттігін танытатын ерекше салттың ел игілігіне айналдырудың еш айыбы жоқ, жалпы ұлттық деңгейде дәуірлетіп, жаһанға танытуға деген ұмтылыстың жаттығы жоқ.
Кектескенге кешірім жасаудың, өмір бойы өзекті өртеген өкініш пен өкпені ұмытудың, ағайынды ала қылған араздықтан арылудың, түйіндей айтсақ, кішілік пен кісіліктің шамшырағы болатын мейрам. Ыстық алақан, ынтызар тілек, жылы жүрек, мәуелі мейірім, шырайлы шаттық атойлайтын, сағыныш саумалы саулайтын сәтті бастан өткеретін көрісу күнін кешірім күні деп атасақ та болар. Көкөрімге көктем құдіретін, жыл басын жарқын көңілмен бастауды үйрететін ұлық мейрам – Көрісу күнінің ғалам таңырқап қарайтын ғибраты ғаламат екенін ұлан-байтақ даланы мекендеген ұлтымыз ұғына білсе, ұтқанымыз емес пе? Кіршіксіз көңіл көктеміне айналған Көрісу салтының қайнары қазақ елінің мәңгілік қазынасы екеніне дау жоқ.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
«Дүрбі»