Мақалалар

Пандемия тарихы: Досмұхамедов қазақтарды обадан қалай құтқарды?

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы талай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Қазір әлемді дүрліктіріп жатқан пандемияның бір кездері қазақ даласын да талай жайпап өткеніне тарих куә. Әсіресе, 1918 жылдың жазында Испаниядан шыққан қатерлі індет небары екі- үш аптаның ішінде атомдық жылдамдықпен тарап, шошқадан шыққан аурудың адамды өлтіруіне себепші болған еді. Ғалымдардың есебінше, адамның өкпесін зақымдайтын «испан пандемиясынан» сол кезде 40 миллион адам көз жұмған екен…

«Пандемия адамзат тарихында талай болған нәрсе. Әдетте, пандемия деп, дүние жүзіне таралған қауіпті дертті айтады. Эпидемия пандемиядан кейін келетін толқын. Айталық, эпидемия да жұқпалы болады. Бірақ, ол белгілі бір аумақ, ел ішінде ғана шектелетін нәрсе. Дүниежүзінен миллиондаған адамдардың өмірін алып кеткен талай жұқпалы вирустар болған. Қазіргі коронавирусты да формасын өзгерткен сол дерттердің бір түрі деп қарастырсақ болады» дейді ғалым Шахман Нағымов. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде талай жыл ұстаздық еткен Шахман Нағымов педагогика ғылымдарының кандидаты. Ол зерттеген тақырыптардың ішінде ағартушы-ғалым Халел Досмұхамедов те бар.

«Қазіргі жағдайда ғалымның өмір жолын айтып жатуымыз артықтау болар. Дегенмен, Халел Досмұхамедов тарихта бір кездері обамен күрескен дәрігер-ғалым ретінде де есімін қалдырды» дейді Шахман Нағымов. Тарихтан белгілі, қазақ халқы бір кездері оба ауруынан қатты зардап шекті. Әсіресе, Ресейдің оңтүстігі мен Қазақстанның батысын жайлаған ауру адам шығыны деп аталатын ең үлкен құрбандықпен сынады. «Халел Досмұхамедов сол кезеңде даланы жайлаған оба ауруына қарсы жан аямай күрес жүргізді. Ол Ілбіші, Темір, Тайсойған аймағының халқын оба індетінен түгел қырылып қалу қаупінен аман алып қалуға зор үлес қосты. 1914 жылдан бастап «Қазақ» газетінің бетінде түрлі аурулардан сақтанудың шаралары, әр дерттің өзіне тән белгілері, емделу жолдары мен қолданылатын дәрі-дәрмектердің түрлері жөнінде егжей-тегжейлі мағлұматтар берген ондаған мақалалары жарық көрді. Сол кезеңдегі «Қазақ» газетінің бірнеше сандарында оның «Жұқпалы аурулар» атты көлемді мақаласы жарияланды.

Обаға қарсы жүргізген жұмыстарының негізінде жазылған «Как бороться с чумой среди казахского населения» атты көлемді еңбегі баспадан шықты. Кейін Халел Досмұхамедов Ташкенттегі Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметін атқарды» дейді ғалым Шахман Нағымов. Бір атап өтерлігі, қазақтың тұңғыш дәрігерінің «Как бороться с чумой среди казахского населения» атты еңбегі сол кездегі отаршыл билік тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте басылып шыққан. «Аталмыш еңбекте ғалым карантиндік шараларды бекіту мәселелеріне ерекше тоқталған. Ол кезде обаға шалдыққандардың барлық заттары өртелді. Науқастар қатаң бақылауға алынды. Науқастармен қатар, олармен байланысқа түскен адамдар тобы да оқшауланды. Оба шыққан ауылдарға кіру, шығуға тыйым салынды» дейді ғалым. Осылайша, эпидемияның кезең-кезеңмен қайталанып отырғанын көреміз. Әсіресе, біз аштық жылдары деп атайтын 1932–1933 жылдары қазақ өзінен ойсырай айрылды. Аштық, ол кесапатпен бірге келген эпидемия 2 миллион 400 мың қазақтың өмірін жалмап кетті. Бұл сол кездегі халқымыздың 49 пайызы еді.

Бірақ, «мың өліп, мың тірілген халқымыз» бүгінгі күнге аман-есен жетті. Қазіргі ұрпақ тәуелсіздік аспанының астында өмір сүріп жатыр. Біз коронавирусты да жеңеміз. Ең бастысы, карантин талаптарын сақтап, денсаулығымызға қарап, дұрыс тамақтану. Және бұл қиындықтан сабыр мен бірлік, сенімнің ғана аман алып шығарына тәуекел ету.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close