Жаңалықтар
Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі айтылды
Қауіпті дерттен көз жұмғандардың денесі туыстары мен жақындарына берілмейді және ашылмайды, деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабы.
Дін істері басқармасының айтуынша, қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған науқастарды жерлеудің алгоритмі жасалған. Атап айтқанда, Covid-19 індетінен көз жұмғандарды жерлеу рәсіміне қатысу үшін жедел штабқа алты адамнан тұратын екі топ бөлінді. Олар тәртіп сақшылары, індетке қарсы станцияның мамандары және бір реттік қорғаныс костюмдерімен жабдықталатын дін қызметкерлері.
– Қайтыс болған адамның діни қажеттілігін ескере отырып, бірінші топ марқұмның денесін діни ережелерге сәйкес тазартады. Бұл жағдайда барлық материалдар дезинфекциялаушы заттармен мұқият өңделеді, дене жуылғаннан кейін арнайы материалдармен, ауа өткізбейтін тығыз матамен оралады, содан соң өңделген ағаш немесе мырыш қорабына салынады, – дейді Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев.
Ал, екінші топ бір реттік қорғаныс костюмдерін кию арқылы денені тасымалдауға қатысады. Сондай-ақ, денені арнайы бөлінген жерге көмуді ұйымдастырады. Марқұмды қаладан тыс жерлеу аумағын жергілікті атқарушы орган анықтайды.
– Діни қызметкерлердің қатысуымен марқұмның денесі діни канондарға сәйкес жерленеді. Жерлеу рәсіміне қатысатын туыстары мен жақындарының саны алты адамнан аспауы тиіс. Осыған байланысты тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Діни рәсім қайтыс болған адамның денесінен 4 метр қашықтықта өтеді. Кейін жерлеуге қатысушылар санитарлық өңдеуден өтіп, ақтық сапарға шығарып салуға жұмылдырылған барлық автокөлік дезинфекцияланатын болады, – деп түсіндірді Хайролла Көшқалиев.
Рәсімге қатысушылар 14 күндік карантинге жатқызылады. Карантиндік режимнің сақталуын учаскелік полиция қызметкерлері, учаскелік дәрігер және емхананың медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Коронавирустан көз жұмған науқастың діни жоралғысына кеткен барлық шығынды жергілікті атқарушы органдар өтейді.
Егер, жергілікті тұрғын коронавирустық инфекциядан басқа себептермен көз жұмған болса, денесі қоғамдық зиратқа жерленеді. Жерлеу рәсіміне үш автокөліктен 10-15 адам қатыса алады.
– Ондай жағдайда Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, кез келген еске алу шараларына тыйым салынған. Сонымен қатар, адамдардың жерлеу рәсімінен кейін үйге жиналуына да рұқсат етілмейді,- деп қорытындылады Хайролла Көшқалиев.