Боямасыз өмір

«Бәрі де жақсы болса екен деп тілеймін»

Коронавирустан жазылып шыққан атыраулық алғаш рет ашық сұхбат берді

«Сенің бойыңда жаңа вирус бар. Ол әлі зерттелмеген. Емі де жоқ. Сен осындай қауіпті дертке шалдықтың…» Қандай күйде болар едіңіз? Шыны керек, мені осы ойдың өзі моральдық тұрғыда жеп тастады. Өйткені, бұл шындық қой… Жағдайыңның қалай болатынын да білмейсің.

Осындай ауыр жағдайдан мені «Уәде беремін. Сенде бәрі жақсы болады» деген дәрігерлердің жылы сөзі алып шықты…» дейді коронавирус инфекциясын жеңіп шыққан атыраулық Айкөркем Кусесова. Қазақстан бойынша ашық түрде сұхбат беруге алғаш болып келісім берген Айкөркем Кусесова Канадада оқып жатқан студент.

«Мен Канаданың Ванкувер қаласында оқимын. Коронавирус жағдайына байланысты университет жабылды. Біз онлайн форматтағы оқуға көштік. Университет билет алып берді. Елге Амстердам арқылы ұшатын рейспен келдім.

Атырауға келген бойда оқшауландық. Біздің рейспен келген бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, он төрт күн карантинге, яғни, Атыраудағы провизорлық стационарға жатқызылдық.

Бастапқыда менде симптом болған жоқ. Өзімді жақсы сезініп жүрдім. Дене қызуым көтерілмегендіктен, үйге барамын деп қуанып жүр едім. Бірақ, дәрігерлер менен вирустың табылғанын айтқанда, қатты жыладым. Біртүрлі болашақтың барлығы бұлыңғыр сияқты болып кетті…

Сегізінші сәуір. Бұл Атыраудағы инфекциялық ауруханаға түскен күнім. Әрі-сәрі күйге түскен мен үйдегілерге үздіксіз хабарласып, «енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім…

Инфекциялық ауруханаға түскен бірінші күнім уайыммен өтті. Ауруханаға жатқан сәттен бастап маған екі дәрі берілді. Бұл коронавируспен күресте бүкіл әлем медицинасы қолданып жатқан дәрілер. Дәрі қабылдаған соң бастапқыда ішім ауырды. Кейін аузыма ащы дәм келіп жүрді. Дәрігерлер менің жағдайымда мұндай әсерлердің болатынын айтты.

Менімен бірге палатада үш адам жатты. Олардың бірі құрғақ жөтелден қатты қиналып жүрді. Енді бірінде дәм сезбеу, иіс сезбеу жағдайлары орын алып жатты. Дәрігерлер күн сайын келіп, бізді балаша мәпелеп, жағдайымызды сұрап отырды. Ауруханада таңмен дәрі қабылдаймын. Кейін дене қызуымыз өлшенеді. Таңертеңгі сағат 10-да дәрігерлер келіп жағдайымызды қарайды. Қатты риза болатыным, дәрігерлер бізді дәрімен ғана емес, жылы сөздерімен де емдеп шығарды.

Ауруханадан шығып, үйге келе жатып, көшеде көп адамның жүргенін көрдім. Шыны керек, біртүрлі болдым. Негізінде адам басынан өтпей ешнәрсені сезінбейді ғой. Қазір халық арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін, ақша төлеп жатыр» деген алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Бірақ, коронавирус ойыншық емес. Ол бар. Және қауіпті індет біздің арамызда жүр…

Адамдар әлі ешнәрсе түсінген жоқ. Бірақ, бір сәтке дәрігерлерді ойлайықшы. Біздер емделіп шықтық. Амандық болса, басқа да науқастар емделіп шығады. Ал, дәрігерлер соңғы науқас адам жазылып шықпайынша, үйлеріне бармайды. Дәрігерлер де адам ғой. Олардың да кішкентай балалары, отбасы бар. Бейбіт заманда туған үйіңе айлап бара алмаудан басқа қандай қасірет болуы мүмкін?

Күн сайын дем алдырмайтын костюммен жүрудің өзі де оңай емес. Өз өмірін қауіпке тіккен дәрігерлер бізді емдеп, жағдайымызды сұрап, қолдау білдіріп жүр. Мен үшін дәрігерлер шын мәніндегі батырлар дер едім. Мені емдеп жазып шыққан Жантөре Орысбаеваға, Салтанат Қайыроваға, Нұрфия Қизатоваға, Әсия Сидешоваға, барлық медицина қызметкерлеріне мың алғыс» деді коронавирус инфекциясын жеңіп шыққан атыраулық Айкөркем Кусесова.

Айкөркем қазір үй карантинінде. Ол енді жиырма бір күн бойы оқшаулауда болады. «Мекен-жайым бойынша тіркелген емханадағы эпидемиолог дәрігерге күнде жағдайымды хабарлап, видео жіберіп отырамын. Карантин мерзімі аяқталған соң қайтадан анализ тапсырамын. Бәрі де жақсы болса екен деп тілеймін» деді Айкөркем бізбен қоштасарда.

Көп ұзамай елші мамандығының дипломын алатын Айкөркем Қазақстан үшін аянбай тер төгетінін айтты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close